18.06.2021, 9:50
Оқылды: 210

Текетірес

Орал қаласындағы «Ирменова Ж.С» ірі құрылыс компаниясы мен консерві өндірісімен айналысатын «Кублей» зауыты арасындағы былтырғы жылы басталған жер дауы әлі оң шешімін табар емес. Әбден ушыққан іс өткен жылы сот қарауына жолданған еді. Бірінші сатыдағы сот құрылыс компаниясының пайдасына шешілсе, облыстық соттың апелляциялық алқасы «Кублей» зауытының талабын дұрыс деп табады.

2 касипорын арасындагы текетирес

Сәрсенбі күні даулы мәселеге тұрғындар тарапынан түскен шағымға байланысты «Nur Otan» партиясы БҚО филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өткізілді. Оған екі тараптың өкілдері, құзырлы мемлекеттік құрылымдардың басшылары, облыстық прокуратураның қызметкерлері мен заңгерлері қатысты.

БҚО  адвокаттар алқасының, «Nur Otan» партиясы республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі Абзал Құспан облыстық соттың апелляциялық алқасы істі формальды негізде қарап, «Кублей» ЖШС пайдасына шешіп берген деп санайды.

Айта кетейік, Орал  қаласы Циолковский №1 мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үй құрылысын «Ирменова Ж.С» ЖШС-ның тапсырысымен «Орал Полимер» ЖШС 2019 жылы бастаған. Оған дейін компания тұрғын үй құрылысына қажетті құжаттарды толықтай жинақтаған. Өткен жылы бір көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы толықтай аяқталып, құжаттары рәсімделіп, салымшыларға баспаналары берілген. Ал екінші тұрғын үйдің құрылысы да 90%-ға бітіп, пәтер иелеріне берілуге әзір болған екен. Қалған үш үйдің құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатқан. Пайдаланылуға берілген бір ғана көп қабатты жаңа тұрғын үйден жүздеген жас отбасы банк арқылы баспана рәсімдеген. Бар даулы мәселе осы жерден басталған. Аталған тұрғын үйлерге жақын маңда орналасқан «Кублей» консерві зауыты «Көп қабатты тұрғын үйлер заңсыз салынған. Бұл баспаналарға қоныстанғандар болашақта «көлік ағыны көп, зауыттан шыққан шулы дыбыстар мен жағымсыз иістер кедергі келтіруде» деп біздерді сотқа беруі мүмкін деген желеумен шу шығарған.

d9c7e678-cf37-460d-a883-8488aff9b5cc

– Бұл жерде айтарым, екінші сатыдағы сот істі өте формальды негіздермен қараған. Құрылыс саласында «санитарлық қорғаныс аймағы» деген түсінік бар. Ол бойынша кез келген нысан арасындағы арақашықтық 100 метрден кем болмауы керек деп айтылады. Бірақ бұл норма еш жерде бекітілмеген. Облыстық соттың апелляциялық алқасы аталған арақашықтық сақталмаған себепті болашақта «Кублей» зауытының бұзуы мүмкін құқығын қорғап, негізсіз шешім қабылдаған. Бүгінгі отырыста «Кублей» компаниясы өкілдері тарапынан жоғары сот қандай шешім шығарса да, «Жоқ. Біздер тұрғындарға тиіспейміз. Оларды баспаналарынан қуып шықпаймыз. Салынған үйлерді бұзуды талап етпейміз» деген жауапты ести алмадық. Себебі олар осыны істегелі отыр. Бүгін «Nur Otan» партиясы БҚО филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысына дейін «Кублей» компаниясы өкілдеріне бірнеше мәрте жүгінгенін, басқосуларымызға шақырған едік. Кез келген құрылыс бастамас бұрын қоғамдық тыңдау өткізіледі. Сол кездерде аталған компания өз шағымдарын неге айтпады? Әбден тұрғын үй құрылысы аяқталған соң неге шағымданып отыр? Дау шығып жатқан маңда сол жаңа үйлерден басқа Кеңес заманында салынған бірнеше көп қабатты үйлер орналасқан. Сонда олардың құқықтары бұзылмайды ма? Облыстық соттың апелляциялық алқасының шешімін жалаулатып, «біздікі дұрыс» деу қаншалықты заңды? Бұл жерде «Кублей» компаниясы тек өз мүддесін ғана емес, жергілікті халықты да жағдайын ойлап, ортақ шешімге келуі керек деп санаймын. Сол пәтерлерді алып отырған қарапайым халық осы «Кублей» консерві зауытының өнімдерін тұтынушылары, - дейді қоғамдық негізде тұрғындардың мүддесін қорғап жүрген Абзал Құспан.

Заңгердің айтуынша, өткізілген апелляциялық сот отырыстарына кейбір құзырлы мекеме мамандарын айтпағанда баспана иелері де шақырылмаған. Ал жоғары сотта қандай ма істің қаралуы өте қиын және ұзақ процесс екен. Азаматтық істі облыстан сұратып алудың өзіне бір айдан астам уақыт керек. Соның салдарынан сот шешімі алты айға, тіпті одан да көп уақытқа созылуы ғажап емес.

IMG-20210616-WA0062

Ал «Ирменова Ж.С» ЖШС-ның өкілі, заңгер Светлана Кленина кәсіпорын соттың  бірінші, екінші отырысына қатыспай, істі тек қайта қарау процесінде ғана қосылғандығын айтады. Өйткені «Кублей» компаниясы сотқа құрылыс компаниясын емес, жерді рәсімдеген, құрылыс салуға рұқсат берген құзырлы мекемелердің үстінен шағым түсірген.

– Екі компанияның арасындағы шиленістен қарапайым тұрғындар зардап шегіп отыр. Айтайын дегенім, «Ирменова Ж.С» компаниясының бұл істе еш кінәсі жоқ. Құрылысы аяқталған бес қабатты тұрғын үйді салымшыларымызға тапсырдық. Ал екінші тұрғын үйді салып, бітіріп, енді құжат рәсімдейміз деп отырғанда осындай мәселе туындады. Соған байланысты қалған төрт үйдің құрылысы, олардың айналасын абаттандыру жұмыстары толықтай тұралап қалды. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап пәтер беруді де тоқтаттық. Себебі бізге қарсы шығып отырған кәсіпорынның алдағы әрекеттерін болжай алмаймыз. Бүгінгі басқосуға бұл мәселенің заңдылық жағын талқылауға жиналғанымыз жоқ. Біз «Кублей» компаниясы өкілдерін ақылдаса отырып, екі жақты келісімге келуге шақырамыз. Жаңа үйден пәтер алған тұрғындар баспаналарын жөндеуге кірісіп кетті. Мына жағдайдан кейін жұмыстарды жалғастыра алмай, дал болуда. Бұл мәселені бір жақты шешпей бізге тыныштық жоқ, –-дейді С.Кленина.

Сот жағалап, сабылып жүрген «Кублей» зауыты өкілдерінің де айтар уәжі көп. Айтуларынша, көп қабатты үйлер салынып жатқан жер алғашында «АзияТехСтрой» ЖШС-ның өндіріс базасы болған. Кейін жер телімін «Ирменова Ж.С» кәсіпорны сатып алған. Бастапқы тұрғын үй «Кублей» зауытынан әжептәуір қашықтыққа салынған. Ал бой көтерген кейінгі үйлер зауытқа жақын салынып, кәсіпорынның санитарлық қорғаныс аймағына кірген.

– Біздің компания өңірдегі консерві өнімдерін өндіретін кәсіпорын ретінде көпке танымал. Зауыт өнімдері тек ел нарығына емес, Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдеріне экспортталады. Кәсіпорынның өндіріс базаларының барлығы Орал қаласының бас жоспарына сәйкестендірілген аумақтарда орналасқан. Біздің компания тек өзінің заңды құқығын қорғауға тырысып жүр. Сол себепті де өткен жылы сотқа шағымдандық. «Ирменова Ж.С» кәсіпорны заң талаптарын өрескел бұзғандықтан, алғашқы сот отырысы біздің пайдамызға шешілді. Бұл жердегі басты түйткіл тұрғын үй салушы кәсіпорын мен салымшылардың арасында болып отыр. Біздің тарапымыздан салынған үйлерді бұзу туралы талап болған емес. Енді олар жоғары сотқа арызданып отыр. Нақты әрекет сол соттың шешімінен кейін белгілі болатындығына сенімдіміз, - дейді зауыттың заң бөлімінің басшысы Гүлфия Қалиева.

Бір сөзбен айтқанда, партиялық бақылау комиссиясының отырысына қатысқан екі тарап бір мәмілеге келе алмады. Әрқайсысы өзінің ісін заңды санап, басқосудың соңы қызыл кеңірдек айқайшуға ұласудың аз-ақ алдында тұрды. Екі жақтың өкілдерін сабырға шақырған комиссия мүшелері екі компанияның басшыларын шақыртып, көзбе-көз сөйлестіріп, бір шешімге келу керектігін мәлімдеп тарқасты.

Мұнан соң аталған комиссия мүшелері мен БАҚ өкілдері  Циолковский 1 мекенжайында болып, тұрғындармен кездесті. Қаз қатар сап түзеп, қызыл кірпіштен салынған үйлерге қарауға көз керек. Екі тұрғын үйдің шатыры жабылып, сәні кіріп қалған. Қалған үйлердің құрылысы орта жолдан тоқтатылып, тұралап тұр. Жаңа шағынаудан маңында құрылысшылар да, арнайы техникалар да көрінбейді. Орын алған олқылықтың салдарынан не жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай, не басыбайлы баспанасына қоныстана алмай дал болған тұрғындар мәселенің барынша тез  әрі әділ шешілгенін қалайды.

Су жаңа үйге қоныстанғанына алты ай болған Серік Мұқатов есімді азаматтың айтуынша, тұрғындар жақын маңда орналасқан зауыттан еш зиян көріп отырған жоқ. Яғни кәсіпорыннан шыққан шуға да, жағымсыз иіске де ешқандай шағым жоқ екендігін  айтады.

– Осы тұрғын үйлер бой көтереді деп естігеннен бастап алғашқы жарнамызды сала бастадық. Себебі бұл үйлердің бағасы қолжетімді, сапасы да жақсы. 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді 12 миллион теңгеге алдық. Өткен жылы пәтерлеріміздің кілтін алып, жөндеу жұмыстарын жүргізе бастадық. Ал құжаттар ресми түрде биылғы жылдың бірінші тоқсанында беріледі деп еді. Әлі күтіп жүрміз. Өз үйімізді сатып, пәтер жалдап отырмыз. Жөндеуді де қарызданып, қауғаланып жасап жатырмыз. Бір тұрғын үйде 100 отбасы болады делік. Бұл жерде бес үй бар. Олардың барлығы салынбай тұрып сатылып кеткен. Сонда 500 деген отбасын қаңғытып жібере ме? Жоғары сот бұл істі құрылыс компаниясының пайдасына шешеді деп сенемін, - дейді Циолковский 2 мекенжайының тұрғыны Ләззат Намазова.

Үй маңына жиналған тұрғындардың талабы да, айтар уәжі де, тілегі де дәл осы бағытта. Олардың бар үміті билік пен жоғары сотта болып отыр. Оған, әрине уақыт керек. Ал әзірге бұл тақырып ашық күйінде қала бермек.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале