16.06.2022, 9:30
Оқылды: 119

Төлді көбейтудің тиімді тәсілі

Мал шаруашылығы ғылымы және оны дамыту тәжірибесінің тұтас  тарихында мамандардың алдында бір ғана міндет болды. Ол  – ауыл шаруашылығы жануарларының жоғары өнімді табындарын құру.  Өйткені ауылдағы шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардағы табыс мөлшері мал шаруашылығының тиімділігіне байланысты екені ақиқат.

B56C99C9-36A2-4BB5-860C-8066229109F7

Бір қарағанда, мал шаруашылығына толық жағдай жасалғандай көрінеді. Облыста мал азығы да, шабындық та, жайылымдық жер де жеткілікті. Бірақ шаруашылықтардағы мал көлемі азайып, сүттілігі мен табысы төмендеп барады. Себебі неде? Жағдайдың нашарлауына жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының ірі қара малын көбейту мақсатында үйде өсірілген бұқаларды пайдалануы себеп болып отыр. Бұл жағдайда малды қолдан ұрықтандыруды кеңінен енгізу арқылы жағдайды түзетуге болады. Мал шаруашылығында қолдан ұрықтандыруды қолданудың қандай пайдасы  бар? Ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру зоотехникалық, ветеринариялық және шаруашылық қызмет жүйесінде үлкен маңызға ие.

Жасанды ұрықтандырудың экономикалық маңызы мынадан көрінеді: тегін ұрықтандыруға қарағанда ұрықтандыруға кететін шығынның 2-3 есеге азаюы; аталық малды бағуға жұмсалатын шығындарды азайту; мал шаруашылығы сапасын жедел түрде жақсарту және оның өнімділігін арттыру; тұқымсыз малдарды күтіп-бағуға кететін шығындарды азайту.

Зоотехникалық маңыздылығы келесі көрсеткіштерге байланысты: жоғары сапалы тұқымды пайдалану арқылы аналықтардың ұрықтану пайызының артуы; бағалы аталықтарды көбірек пайдалану арқылы төлдердің сапасын арттыру; асыл тұқымды мал табы құрамының сапасын жақсарту (табиғи жұптастыру кезінде өнімділігі төмен малды ауыстыру 7-8 есе баяу жүреді); зоотехникалық есепті неғұрлым дәл жүргізу.

Сондай-ақ ветеринариялық маңызы да ерекше: табиғи ұрықтандыру арқылы берілетін жұқпалы аурулардың (трихомониаз, кампилобактериоз, бруцеллез, лептоспироз, жұқпалы ринотрахеит, лейкоз және басқа да аурулар) алдын алу; бедеулікке қарсы күрес; жасанды ұрықтандыру кезінде жануарлардың көбею мүшелерінің жағдайына қатаңырақ және дәлірек бақылау орнатылады; сперматозоидтардың бактериялық ластануын азайту арқылы құнарлылық деңгейі жоғарылайды және эмбриональды өлім азаяды.

Жасанды ұрықтандыру кезінде пайдаланылатын бұқалардың төлдерінің сапасы тексерілген. Сонымен қатар бұл бұқалардың ұрықтары барлық санитарлық талаптарға сай келеді әрі жануарлардың жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі толығымен жойылады.

Жоғарыда айтып отырғанымыздың бәрі шаруа қожалықтары және тұрғындардың шаруашылық учаскелері үшін жасанды ұрықтандыру биотехникасын қолдану арқылы жануарларды көбейтуге шақырады.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мал өсірудің осы прогрессивті әдісіне деген сұранысы ескеріліп, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының базасында осы сала мамандарын даярлау курстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Теориялық және практикалық сабақтарды өткізуге БҚИТУ инженерлік-гуманитарлық факультеті экология және биотехнология кафедрасының ғалымдары тартылған. Олар – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Қ.Бозымов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Г.Абсатиров, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Е. Байтілесов, биология ғылымдарының докторы, профессор С.Қанатбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Днекешев және ветеринария ғылымдарының магистрі А.Жұбантаева. Біліктілігі жоғары мамандар ең заманауи жабдықтар мен құралдарды пайдалана отырып, студенттерге жануарлардың көбею биотехнологиясының теориялық және практикалық аспектілерін, сондай-ақ етті-сүтті мал шаруашылығында эмбриондарды трансплантациялау саласында білім береді.

2022 жылдың 30 мамыры мен 3 маусымы аралығында БҚИТУ ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының базасында біздің сала мамандарына 36 сағат көлемінде жасанды ұрықтандыру техниктерін оқыту курстары өткізілді. Курс соңында тыңдаушыларға сертификаттар табыс  етілді.

 Лаура Байтілесова,

курс үйлестірушісі,

БҚИТУ инженерлік-гуманитарлық факультеті экология  және биотехнология кафедрасының  меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале