29.10.2021, 15:58
Оқылды: 336

"Томирис" трагедиясы сахналанбақ

Еліміздің егемендік алып, дербес мемлекет болғанына 30 жыл толмақ. Егемендік - мәдениет саласына да оң өзгерістер әкелді. Өңірдегі Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры облыс өнерінің қара шаңырағына айналып отыр.

IMG-20211027-WA0047

Еске сала кетсек, театр 1993 жылы М. Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясымен ашылған еді.
Қазіргі таңда театр репертуарында 150-ге жуық қойылым бар. Оның ішінде қазақ классикасы, әлемдік классика, заманауи драматургиялық шығармалар да жоқ емес. Театр руханиятқа ғана үлес қосып қоймай, алыс-жақын шетелдерге шығып, қазақтың атын, мәдениетін көпшілікке танытып жүр.

Егемендігіміздің 30 жылдығы қарсаңында театрда ұлттық рухты оятатын қойылым сахналанбақ.
- 2002 жылы театрдың жаңа ғимаратын Хамит Ерғалиевтің "Құрманғазы" спектаклімен ашқанбыз. Тоғыз күн қатарынан премьера болып, осы шаңыраққа үлкен қуанышпен қадам бастық.  Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Шахимарден Құсайыновтың "Томирис" трагедиясын сахналап, театрдың ХХІХ маусымын ашамыз, - дейді  қойылымның режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Мұрат Ахманов. Ал спектакльдың қоюшы суретшісі «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мамбетов.

Кезекті премьерада басты рөл - Томиристі сомдайтын актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қорлан Шамелова да пікірімен бөлісті.
- Театрда 50-ден астам рөл  ойнағанменен, бұл рөлдің шоқытығы биік деп есептеймін. Себебі бұл тарихи рөл. Әр актрисаның арманы. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналғандықтан жүктелген жауапкершілік те мол. Қорқынышта, қуанышта бар. Қойылымның сәтті шығуына бар күшімізді саламыз, - деді актриса.

Тарихи туындыда елі мен жері үшін жанын пида етуге даяр ержүрек, жауын тізе бүктірмей қоймайтын батыл әрі сұлу сақ  патшайымы Томиристің Ұлы парсы патшасы Кирге қарсы күресі, жан беріп, жан алысқан айқаста күйеуі мен жалғыз ұлынан айырылған сынақты тағдыры, бүтін бір халықты ақылы мен парасаты арқылы басқарған патшайымның ғұмырбаяны сипатталады.

Театр көрерменін 30 - 31 қазан, сағат 17:00 де күтеді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале