23.09.2021, 9:48
Оқылды: 100

Тозған құбыр, қысқарған қаражат

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті мамандары «Батыс су арнасы» ЖШС 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуына байланысты бірақатар нысанға барды. «Батыс су арнасының» бесжылдық бағдарламасына сай биыл тарату желілері бойынша су беру шығынға 144 791,43 мың теңге, сарқынды суларды бұру және тазарту бойынша шығынына 123 318,06 мың теңге қарастырылған. Аталған департамент өкілдері жоспарлы тексеруді, алдымен, Зашаған кентіндегі КСС-29 стансасынан бастады.

A33F3EF5-3E01-47A2-8D0F-100C0B29BD32

– Кәсіпорын үшін 2021-2026 жылдарға арналған бесжылдық кезең бойынша инвестициялық бағдарлама дайындалды. Бағдарлама мақсаты – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиімді пайдалану, энергия мен ресурстарды үнемдеу, Орал қаласын сумен үздіксіз қамтамасыз ету, жоғары технологиялық және қуат үнемдейтін жабдықтарды енгізу. Қолданыстағы су тарифіне байланысты бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жобалардың атқарылғаны туралы толық есеп келесі жыл басында тапсырылады, – деді департамент басшысының орынбасары Гүлжаз Қазыбекова.

Зашағаннан  шыққаннан кейін жұмыс тобы «Құрылысшы» шағын ауданындағы нысанға аттанды. Сырым Датов көшесінде 700 метр кәріз және су құбыры толық ауыстырылуда. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Әнуар Әркеновтің айтуынша, шаһардағы су құбырының 60 пайызы тозған. Биыл қаладағы жеті нысанда жөндеу жұмысы жүргізілуде. Соның ішінде Тайманов көшесіндегі су құбыры 1996, Н. Назарбаев даңғылындағы су құбыры 1990 жылы іске қосылғаннан бері жаңаланбаған екен. «Батыс су арнасы» ЖШС қала бойынша 483,5 км су құбырының, 377,4 км кәріз желісінің қала жұртшылығының игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 847 адам жұмыс істейді.

980CEAE1-082E-42C0-96DC-B322B7F2B995

Коммуналдық мекеме 2026 жылға дейін ұзындығы 35 шақырым  су құбыры мен 5,5 шақырым кәріз желілерін ауыстыруы тиіс. Соған байланысты инвестициялық бағдарлама ауқымында 5 миллиард  теңге қарастыруды сұрады. Бірақ  жоспарланған қаражат көлемі 1 миллиард теңгеге дейін қысқарды, сәйкесінше орындалатын жұмыс көлемі де азайды. 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында сумен жабдықтау қызметі бойынша былтыр 200 миллион, су өткізу және бұру бойынша 325 миллон теңгенің игерілмегені белгілі болған. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысының орынбасары Гүлжаз Қазбекованың айтуынша, аталған шығынды өтеу мақсатында департамент арнайы уақытша тариф енгізді. Монополистер бекіткен уақытша тариф бойынша тамыз айынан бастап, алты ай мерзімге тұрғындар тұтынған судың әр текшесіне 32, 85 теңге көлемінде ақы төлей бастады. Алайда коммуналдық мекеме мұнымен келіспей сотқа шағымданған. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Әнуар Әркенов  325  миллион теңгенің мақсатты жұмсалғанын айтты.

637E0110-8FDD-4857-AF15-401A4918674A

–  Су құбыры мен кәріз желісі әбден тозды. Инвестициялық бағдарлама бойыша қаражат күрделі жөндеулерге бағытталды. Мәселен, екі жыл бойы Шолохов көшесіндегі кәріз коллекторы толық жөнделді. Оған қоса, карантин талаптарына байланысты ірі мейрамханалар мен кәсіпкерлік субьектілерінің қызметі шектелді. Сәйкесінше, қаржы айналымы азаюда.  Кәсіпорынға беретін тұрғындар қарызы да қордалануда, – деді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры  Әнуар Бөкенұлы.

AF7FA0E6-DF8D-4E6E-BF5F-EBD180AECDA8

Нұртай Алтайұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале