12.03.2021, 20:30
Оқылды: 255

Трансформаторға қажетті жабдық өндіру жобасын ұсынды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне «Alageum Electric» компаниялар тобының (Орал трансформатор зауыты) басшылары келді.

B92726B9-D982-49D1-9944-6E7093FBB5AC

Меймандар университет ректоры Асқар Наметовпен бірге Индустриалды-технологиялық институт базасында болып, өндірістік іс-тәжірибе шеберханаларының жұмысымен танысты. Бұдан әрі компания өкілдері университет студенттерімен кездесіп, білім мен тәжірибені ұштастыру туралы ақыл-кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ қонақтар Студенттерге қызмет көрсету орталығында болды.

Сапар барысында университеттің мәжіліс залында бас қосқан қос тарап «Кернеуді трансформаторлық ауыстырып-қосқыш өндірісі» жобасын талқылады. Университет ғалымдарының бұл жобасы оқу жылының басында «Даму» қорынан гранттық қаржыландыруға ие болған еді. Грант қаржысына өндірісті жүзеге асыруға қажетті құрылғылар сатып алынған. Жобамен таныстырған университет оқытушысы, магистр Арайлым Төрешова Орал трансформатор зауытының өкілдеріне өнімді өндіруге қатысты бірқатар ұсыныстарды жеткізді. «Alageum Electric» компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы Сайдолла Қожабаев университет ғалымдарының бастамасын қолдайтындарын жеткізді. Енді оны зерделеп, бірқатар тетіктерін талқылауды ұсынды.  

34D5B3AF-1FCC-4402-85F1-63DD8ABA49EC

Орал трансформатор зауытының техникалық директоры Тұрар Асан кернеуді трансформаторлық ауыстырып-қосқыш бөлшек елімізде өндірілмейтінін айтты. – Біз бүгін Жәңгір хан университеті ғалымдарының біздің зауыт үшін дайындаған жобасымен таныстық. Өз тарапымыздан жобаға қызығушылық танытып отырмыз. Енді келіссөздер жүргізіп, алдағы уақытта оның тиімділігін, техникалық жақтарын жан-жақты саралап, ортақ шешімге келетін боламыз. Жалпы трансформатордың бұл жабдығы зауытқа Түркиядан тасымалданады, – деді Тұрар Асанұлы.

Еске сала кетсек, Жәңгір хан университеті Орал трансформатор зауытымен екі жылдан бері әріптестік бағытта байланыс жасап келеді. Зауыт басшылығы оқу орнына тәжірибелік жағынан қолдау көрсетіп, ынтымақтастықты нығайтуда.

Жәңгір хан университетінің медиа орталығы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале