10.09.2021, 10:55
Оқылды: 250

«Түйінді 50 вагон тұрба шешті», - дейді егемендіктің елең-алаңындағы білікті басшының бірі Н.Иманғалиұлы

Бүгінгі сұхбаттасушымыздың шалғайдағы Казталов ауданына әкім болып тағайындалған тұсы өте күрделі кезеңге сәйкес келеді. Бұл сонау 1994 жылдың аласапыран көктемі еді. Аталған уақытта, біріншіден, аудан орталығы мен бірқатар ауылдар аумағын бұрын-соңды болып көрмеген жойқын су тасқыны басса, екіншіден, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпашылықтар да жығылғанға жұдырық болып тиген еді. Түйіп айтқанда, осы кезде жаңадан тағайындалған аудан басшысы да, мұндағы ел-жұрт та өтпелі кезең мен табиғи апаттың ауыр сынағынан өтуіне тура келгені аян. Оның үстіне Тәуелсіздік жылдарының екінші жартысында өткізілген оңтайландыру ісі де сол кездегі аудан әкіміне ауыр салмақ түсіргені кәміл. Өйткені 1997 жылы Жалпақтал ауданы таратылып, Казталов ауданының құрамына қосылды. Нәсіпқали Иманғалиұлымен әңгіме осындай көкейкесті мәселелер жөнінде тарқатылды.

5555

– Нәсіпқали Иманғалиұлы, 1994 жылдың сәуір айында аудан аумағына тасқын судың келуі жөнінде жергілікті өкілетті құрылымдар да, мұндағы тұрғындар да нақты бір түйін мен тұжырымға табан тірей алмағанына куә бола аламын. Бұл кезде негізгі ой-пікір тасқынға тосқын қою үшін аудан әкімшілігі тарапынан тиісті әзірлік жұмыстары жүргізілмеді деген түйінге ойысқаны да белгілі. Осы оқыс оқиғаның басы-қасында жүрген басшының бірі ретінде бұған не дейсіз?

– Бұл тым біржақты айтылған әрі нақты шындықпен мүлдем сәйкеспейтін ой-пікірлер деп санаймын. Керісінше тасқын суды ауыздықтау үшін біраз әзірлік жұмыстары қолға алынды. Алдын ала қажетті құрал-саймандар әзірленіп, құм толтырылған мыңдаған қап су келетін бағытқа жеткізілді. Тасқынның алдын алу ісіне ішкі істер құрылымдарының жеке құрамдары және кеден қызметкерлері тартылды.

– Бұл айтқан тұжырымдарыңызбен келісуге болатын шығар. Ендеше, аудан орталығын неге су басты? Сонда алдын ала жүргізілген әзірлік жұмыстарының нәтижесі болмағаны ма?

– Еділдің жоғарғы сағасынан келетін және өз аумағымызда еріген қардан пайда болатын мол суды күткеніміз рас. Әйтсе де, оның мөлшері біздің болжағанымыздан екі-үш есе көп болып шықты. Өйткені ресейліктер өздері суға кететін болған соң барлық шлюздері мен қақпаларын ашып тастады. Сарыөзеннің суды қабылдап алатын әрі өзінен кейін қарай өткізіп жіберетін үш қақпасы бар. Осы қақпаның тек біреуінен ғана секундына 110 текше метр су ағындапты. Бұл адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін топан десем, артық кете қоймаспын. Оның үстіне ауданға қарасты Қошанкөл ауылы тұсындағы Кіндіксай бөгеті жырылып кетіп, жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Қысқасы, тасқын су аумаққа 1994 жылдың 11 сәуірі күні келіп арада үш күн өткен соң кері қайтты.

Осындай қысылтаяң кезеңде Казталовқа сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов келіп дүние мүлкінен айырылған тұрғындармен кездесті. Ол тасқын су зардаптарын жою жөніндегі арнайы қаулы қабылданғанын жеткізді. Мұның басты тармағын баспанасынан айырылған отбасылар үшін тұрғын үй салу мәселесі құрады. Сөйтіп, көп кешікпей оны тұрғызу жұмыстары басталып, аз уақыттың ішінде 160 тұрғын үй салынып пайдалануға берілді. Бұған облыс орталығындағы барлық құрылыс кәсіпорындары мен өзге де ұйымдардың әлеуеті мен күші жұмылдырылды. Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында мұндай табиғи апаттар кезінде көмекке келетін бүгінгідей төтенше жағдай жөніндегі құрылымдардың аты да, заты да жоқ еді. Дегенмен облыс басшысының қолдауымен және өңір жұртшылығының ауызбіршілігі арқасында табиғат апаты тигізген зардаптар толығымен жойылды.

– 1994 жылы журналистік іссапармен шалғайдағы Казталов ауданына бірнеше реет жолым түсті. Әрі оның қорытындысы бойынша республикалық «Егемен Қазақ-стан» газетінде материалдар жарияланды. Сол кезде мұнда газ құбырын өткізу жұмыстары да басталып кеткеніне куә болып едім. Қиын кезеңде көгілдір отын жеткізу өте күрделі іс екені айтпаса да түсінікті емес пе? Сондықтан оны  қандай жолдармен шештіңіздер?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты қиындықтың бірі құрылыс пен өндіріс материалдарының тапшылығы еді ғой. Ең бастысы, бұл кезеңде көгілдір отын тартуға ең қажетті шарт тұрба мәселесі өз шешімін тапты. Мұның мәнісі мынада. Сенім деген құдіретті күш бар емес пе? Яғни жеке азаматтардың немесе тұтастай ұжымдардың, тіпті мемлекет басшыларының бір-біріне деген сенімі көптеген шешілместей көрінетін мәселелердің кілтін қолға ұстатып жатады. Әрі мұндай өзара сенімнің ел-жұрт пен қоғам мүшелеріне шапағаты мен пайдасы тимей тұрмайды. Аудан орталығы мен оған қарасты ауылдарға газ өткізу ісі осындай сенімнің, яғни маған дейінгі аудан басшысы марқұм Марат Ирмановтың Ресейдің Волгоград қаласындағы Волжск тұрба зауытының директорымен тікелей ауызша келісімінің арқасында ауданға елу вагон тұрба жеткізілді.

Сөз жоқ, бұл орасан мол материал. Сенім дегеннен шығады ғой. Осы сенім шіркіннің тереңдігі соншалық бұл үшін алыс-беріс жөнінде өзара келісімшарт жасалмапты. Әлі біраз уақытқа дейін дефолт, яғни орасан мол көлемді материалға төлемді төлеуге мүмкіндік жоқ жағдайда жүргенімізді жасырып қалғым келмейді. Сөйтіп жүргенде Марат Ирманов қызметінен босатылды. Сондықтан бұл мәселенің барлық жауапкершілігі маған қалып еді. Әйтеуір, кейін қажетті келісімшарт жасалып, елу вагон тұрба үшін сапалы мал етімен есеп айырысып едік. Бұдан кейінгі мәселелер оңай шешілді. Газ құбырын жүргізу ісіне «Облгаз» акционерлік қоғамының мамандары қолұшын берді.

– Тұрғындардың қиын кезеңдегі талап-тілектерін орындау үшін қолға алынған тағы қандай мәселелер бар.

– «Балық сұрағанға балық берме, қармақ бер» деген қағидаға сүйене отырып, көмек сұрап келгендерге жеке кәсіппен айналысуға ақыл-кеңес беріп отырдық. Фермер деген ұғымды тұрғындардың сана сезімдеріне сіңіруге ұмтылдық. Бұл іс-қимылымыз зая кетпей, ауданда мал өсіру ісінде өз шаруа қожалығын құру жөнінде шешім қабылдағандар шыға бастады. Олардың көшін бастаған Нұрсай ауылының тұрғыны Айтболат Бердіғалиев еді.

Казталов тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін облыстың оңтүстік өңірлері бойынша астығы ең мол аудан мәртебесін иеленді. Мұнда сол кезде 120 мың гектар дәнді дақылдар егістігі салынды. Әрі бұдан алынатын өнім мөлшері әр гектарға шаққанда бонитеті жоғары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 12-15 центнерден айналды. Салыстырмалы түрде айтсақ, көршілес Жалпақтал ауданында бұл кезде небәрі 44 мың гектар егістік алқап болған екен. Айтайын дегенім, егіс салып, егін орған ағайындарымыздың қолында азын-аулақ бидайы болуы да табиғи жайт. Алайда оны тарттырып астық пен ұнға айналдыратын диірмен болмаса, бұл бидайдан не қайыр.

Сондықтан өтпелі кезеңде аудан орталығында диірмен іске қосылғалы тұрғындарға әжептәуір пайдасын тигізген еді. Бұл істі жүргізуді техника тілін жетік білетін ел азаматы Махамбет Бермағамбетовке тапсырып едік. Бұған қоса Майдан Қажимов секілді істің көзін таба білетін білікті азамат шұжық цехын ашып,  өз өнімін тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынды. Әрі мұнда ашылған жаңа жұмыс орындарына жұмыссыз жүрген тұрғындар тартылды. Сондай-ақ механикаландырылған сүт өнімдері кәсіпорны да сол кездегі алға қойған мақсатын толық атқарып шыққан еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жанар-жағармай мәселесі өткір күйінде тұрды. Аталған мәселені Ресейдің көршілес Александров Гай ауданындағы әріптестерімізбен өзара келісімшарт арқылы тиімді бағаға айырбас жасаған едік. Қалай дегенде де, бұл кезеңде Ресей рублі құнсызданып, 1994 жылдың басында ұлттық валютамыз – теңге әжептәуір құнды болғаны біздің пайдамызға шешілген еді. Осындай жағдайда Ресейдің арзан тауарлары келгеннен ұтпасақ, ұтыла қойған жоқпыз.

– Нәке, жоғарыда айтылғандай, 1997 жылы оңтайландыру кезінде Жалпақтал ауданы таратылып Казталов ауданына қосылды. Бұл – сізге бұған дейінгі екі ауданның ізіндегі орасан мол аумақты басқаруға тура келді деген сөз. Мұндай жағдайда жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да арта түсетіні анық. Өзіңізді осындай сыни сәттен сүрінбей өте алдым деп есептей аласыз ба?

– Біраз ойланып жауап беруге тұратын сұрақ екен. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес оның бірінші орынбасары А. Маючи мені Жалпақтал өңірі тұрғындарымен таныстырған күн әлі күнге дейін көз алдымда. Жоғарыдағыдай жағдай орын алған уақытта тұрғындардың наразылығы туындауы табиғи әрі адами құбылыс деп санаймын. Дегенмен барлық жағдайларға тиісті талдаулар жасалғаннан кейін бұған түсіністік танытқандар көп болды. Яғни 2002 жылдың ақпан айында ротациялық жолмен Жәнібек ауданына ауысқан кезіме дейін жалпақталдықтармен өзара сенім мен түсіністік жағдайында қызмет жасадым деген ойдамын. Осы кезде бірінші кезекте аталған өңір тұрғындарының мұң-мұқтаждарын өтеуге көңіл қойып едік. Өңірде бұл кезеңде арнайы комиссия құрылып, оның мүшелерінің ұйғарымына сәйкес тұрмысы төмен азаматтарға қолдау көрсету жөнінде шешімдер қабылдап отырдық.

– Жалпақталда тағы да қандай шешімін таппай келген мәселелерге қозғау сала алдыңыз?

– Өңірге, яғни бұдан былайғы кезде ауданға қарасты Талдыапан, Қарасу және Көктерек ауылдарындағы типтік жобадағы мектеп ғимараттарына қыс кезінде жылу болмағандықтан істен шығу қаупі төніп тұр екен. Бұған сұйытылған отынды қосу арқылы бұл қауіпті болдырмау жөнінде тиісті шаралар белгіленді. Сондай-ақ Әбіш деген шағын ауылдағы негізгі мектеп ғимаратын кеңейту жөніндегі жұмыстар іске асты. Ал бұған қажетті қаржы көзін табу өте қиын еді. Осындай жағдайда ауыл тұрғындарының көмегі мен қолдауы ерекше болғанын еске алудың өзі бір мерей. Мұндай бастама Сатыбалды ауылында да жалғасын тапқан еді. Сайып келгенде, ауызбіршілік дегеніміз адамдардың бойындағы өте жақсы қасиет екеніне сол уақытта көзім тағы бір мәрте жеткен болатын.

– Жәнібек ауданының әкімі қызметінде істі неден бастауға тура келген еді?

– Жәнібек кеңестік кезеңде қала үлгісіндегі поселка деп аталғандықтан әрі оған осындай мәртебе берілгендіктен, мұнда осы талаптарға сай келетін қос қабатты тұрғын үйлер көп тұрғызылыпты. Әйтсе де, бұл дәуірде мұндай санаттағы баспаналардың жылу жүйесін қоса жүргізу ісі ойластырылмай қалыпты. Содан соң ит байласа тұрғысыз мекенжайдан жұрт жаппай үдере көшіп, иесіз қалыпты. Мұның ар жағы белгілі емес пе? Оның есік-терезелері, төбе мен еден материалдары түгелдей тоналып, тек құр қауқиған қабырғалары ғана қалыпты. Бір сөзбен айтқанда, бұл көрініс аудан орталығының сәні мен сыйқын кетіріп тұр екен.

Соның мүлдем пайдаға аспайтынын бұзып ысырып тастадық. Бұған арнайы жұмыс күші тартылып, оларға еңбекақы төленді. Сау-тамтығы қалмаған қос қабатты ғимараттың біреуіне күрделі жөндеулер жүргізіп, сот ғимаратына бердік. Осындай жолмен ауылдық әкімшілік пен аудандық әлеуметтік қамту бөлімінің кеңселері жасақталды. Ескі қос қабатты ғимараттың біріне бұрын
тұрмыстық қамту комбинаты орналасқан екен. Бұған да еурожөндеу жасалып, мектептен тыс жұмыстар жөніндегі орталыққа айналдырылды. Бұл істер негізінен іскерлігі мен кәсіби шеберлігі мол азамат Сұлтан Мұсаевтың белсенді іс-қимылдарының арқасында жүзеге асты.

 

Сұхбатты жүргізген

Темір Құсайын,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале