Қостанай қаласының 53 тұрғыны шетелге тур ұйымдастырған туристік компанияға жаппай шағым түсірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сурет: pinterest.com
Анықталғандай, қостанайлықтар турға ақша төлегенімен, уәде етілген қызметтерді алмаған. Олар Мысыр, Түркия, Тайланд, Вьетнам және Қытайға саяхаттарды брондап, турлардың құнын толық немесе ішінара төлеген.
«Қала тұрғындары турды жеке өздері, кеңсеге барып қолма-қол ақшамен және банктік аударым арқылы брондаған. Бірақ кетер күні олар турға тапсырыс берілмегенін білген. Алдын ала болжам бойынша, шығын шамамен 40 миллион теңгені құрады», делінген полиция хабарламасында.
Компанияның мәлімдеуінше, олар ақшаны иемденіп алмаған. Тек турлар өз құны бойынша сатылған, соның салдарынан мәселе туындаған. Дегенмен, полицейлер турды брондауды растайтын қандай да бір құжаттардың жоқтығын анықтаған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Туристік компанияның басшысы қамауға алынды.