18.10.2022, 15:46
Оқылды: 76

Түркі әлемінің сый-құрметі 

Түркияның Бурса және Кония қалаларында биылғы 13-16 қазан күндері бүкіл түркі тілдес мемлекеттердің поэзия фестивалі өтті. 

310530096_814988079545093_5448119374457495507_n

Бұл өлең-жыр мерекесінің 30 жылдық тарихы бар. Осы фестиваль аясында танымал қазақ ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Отан, Құрмет ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваға Жәлеладдин Руми атындағы халықаралық сыйлық табыс етілді.

Жәлеладдин Руми (Мәулана) – 1207-1273 жылдары өмір сүрген түркі жұртының ұлы ақыны. Оның 800 жылдығы 2007 жылы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. Румиге Мәулана деген атты шәкірттері берген. Арабшадан аударғанда «мәулана» менің ұстазым, біздің ұстазымыз деген мағына беретін көрінеді. Ақылман ақын ел ішінде, халық арасында адамгершілікті, айналаға мейіріммен қарап, жақсылық жасауды үздіксіз насихаттап, өлең-жырымен бұл дүниеге ізгілік дәнін себумен өткен.

Былтыр Ақұштап ақынның «ANA SIRRI»  атты кітабы Түркияда түрік тілінде жарық көрген болатын. «АНА СЫРЫ» – туған ел мен жер қамын, ұрпақ алдындағы әке парызы мен ана әлдиін, күллі жер жүзін жайлаған күрделі экологиялық ахуал мен жасампаз еңбекті, соғыс қасіреті мен бейбіт күннің қадірі секілді көкейкесті тақырыптарды өзек еткен көлемді дүние. Осындай жыр жинағын түрік ақын-жазушыларының қауымдастығы мен Бурса шәһарының әкімияты Руми атындағы халықаралық сыйлыққа лайық деп табуы қазақ әдебиетіне үлкен мерей һәм Жайық жұртына ортақ қуаныш.

Қуаныш құтты, жақсылық жалғасты болсын, әлеумет!

"Орал өңірі" газетінің редакция алқасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале