13.12.2022, 10:15
Оқылды: 75

Түркологияның терең білгірі

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Ғалымдар кітапханада» жобасы аясында филология ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабырмен кездесу кеші өтті.

Мурат Сабыр (2)

Аталмыш іс-шараға кеш қонағының заманында бірге оқыған курстасы Люба Құсайынова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі,  профессор Абат Қыдыршаев және М.Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің деканы, PhD докторы Айдарбек Ақболатов қатысты.

Кітапхананың оқу залында өткен осынау кеште студент-жастар және одан бөлек орта жастағы оқырмандар да болды. Іс-шара барысында ғалымның өмірбаяны мен жүріп өткен жолын кеңінен таныстырған бейнеролик көрсетілді. Кейін Мұрат Бөкенбайұлы жас кезіндегі қызық сәттері мен ғылымға келу жолын тарқатып айтып берді.

– Ең алдымен, осындай бастаманы іске асырып, біздің кейінгі буынға өмірімізден мысал келтіріп, өнегелі сөз сөйлеуімізге мүмкіндік тудырған кітапхананың ұжымына алғыс айтамын! Бүгінде «Түркітану» деген ғылым саласында ізденіп жүрген жайымыз бар. Сонау 1990 жылы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі мамандығын бітірдім. Қатарымызда бірнеше қыз-жігіт араб тілін жақсы меңгергендіктен, ғалым Мәтжан Тілеужанов бізді осы Оралда қызмет етуге шақырды. Осында жұмыс істеп жүріп, марқұм Отарәлі Бүркітов ағамның берген бағыты бойынша Ұлттық Ғылым академиясына тағылымдамаға баратын болдым. Сөйтіп, белгілі профессор, ертедегі қолжазбаларды тікелей оқитын ғалым Әрсен Ибатовтың қасында үш жыл аспирантурада оқып жүріп, уақытымды түркітану ғылымына арнадым, – деп сөзін бастады Мұрат Бөкенбайұлы.

Кеш барысында студенттер «Ғылым мен кәсіпкерлікті байланыстыруға бола ма?», «Сіздің ғылым жолына келуіңізге не түрткі болды?», «Көп уақытыңызды ізденіске арнау кей жағдайда жаныңыздағы адамдардан алыстатып жібермей ме?», «Ұстаз ретінде өсіп келе жатқан жастарға қандай кеңес айтасыз?» деген секілді өздерін толғандырған түрлі сұрақтарын қойып, ғалымның әр сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдап отырды. Ардақты ұстаз Мұрат Сабыр қойылған әр сауалға ретімен тоқталып, шынайы жауап берді.

– Жастар таңдаған мамандығына ғашық болып, болашағын сол саламен байланыстыруы керек. Мейлі, ол қандай мамандық болса да. Ең негізгісі – еңбекқор болу. Онсыз ешқандай істен нәтиже күтуге болмайды. Қандай да бір бастаған істі аяғына жеткізу қажет. Жалпы өмірдің жолы, оның ішінде ғылым жолы табандылық пен еңбексүйгіштікті талап етеді. Бір мысал келтіре кетейін, аспирантурада оқып жүргенімде жетекшім маған «-дай, -дей, -тай, -тей» жұрнақтарының шыққан түбін іздеп, ғылыми мақала жазуға тапсырма берді. Содан Ұлттық кітапханаға үш ай қатынап, іздендім. Сол уақыт ішінде берілген тақырыпқа сай үш бет мақаланы  жазып, ғалым апамыз Рабиға Сыздықованың оң бағасын алған едім. Айтайын дегенім, жалпы тіршіліктің мәні – тынымсыз  еңбек етуде. Сондықтан да жас кездеріңнен ізденімпаз болыңдар, – деді ұстаз.

Мурат Сабыр (1)

Айта кетейік, Мұрат Бөкенбайұлы – ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін терең зерделеп, түркітану, қыпшақтану, тарихи лексикология, тарихи фонетика, тарихи грамматика мәселелерін жүйелі түрде зерттеп жүрген танымал ғалым. Сондай-ақ оның осы кезге дейін 6 монографиялық еңбегі, 4 оқу құралы, 300-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген.

Өз кезегінде ақын Ғайсағали Сейтақ ғалымның бұған дейін жазылған ғылыми мақалаларын талай оқығанын және оның зерттеу еңбектерін түркітану ғылымына қосқан зор үлесі деп есептейтінін айтты. М. Өтемісов атындағы БҚУ жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры Абат Қыдыршаев кеш қонағына ізгі тілегін ақтарды.

– Біздің ата-бабамыз «Бақ – су үстіндегі мұз, бақыт – ұзатылған қыз, байлық – соңыңда қалған із» деп бекер айтпаса керек. Түркітану саласында тер төгіп жүрген Мұрат Бөкенбайұлының ізінен ерген әр шәкірттің бағы басым, жиған байлығы – білім болмақ. Екінің бірі тісін батыра алмайтын түркітану саласының асқан ізденісті талап ететіні сөзсіз. Осы отырған студенттердің арасынан ғылым жолында еңбек ететін ғалымдардың шығатынына сенімім мол. Сондықтан да соңынан ергенге бағдар бере алатын Мұрат ұстаздарыңдай тұлғалар әманда аман болсын, – деді Абат Сатыбайұлы.

Кеш соңында кітапхана директоры Шолпан Оразаева келген қонақтарға алғысын айтты.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале