1.10.2024, 12:00
Оқылды: 55

Ат тұяғын тай басар

1 қазан – Қарттар күні

Жуырда Ақжайық ауданының Алғабас ауылына жолым түсті. Осыдан 34 жыл бұрын келген жерім – Тоған ауылы, табиғаты тамаша, төскейінде малы, суында аққуы, түбінде балығы ойнаған Киров су қоймасының іргесінде орналасқан.

70FDDCCD-EF68-4B6D-BCE9-89D5B756D192

Алғабасқа дейін тақтайдай асфальт төселген, жергілікті тұрғындар «Әкім болған кезінде Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов салғызды» деп ризашылығын жеткізді. Ауыл адамдарының ішінде сол кезде ел ағасы жасындағылар, қазір қазыналы қарттарға айналған. Өткен шақты ұмытпаған мен ол кезде 36 жаста едім. Облысқа танымал, жастайынан еңбекпен есейген, бүгінде данышпан қарияға айналған Нәсіпқали Қайырқомов ағамыздың  – 50, анасы Қайша әжеміздің 75 жасқа толуына орай алыстан хабар айтып, сыныптасым Қатимолла екеумізді ұлы тойға алдыртқаны бар. Той болған соң айтыс ақындары ретінде Қатақаң екеуміз айтыстық. Қатимолланың әнде де, айтыста да бабында жүрген шағы. Үлкен тойдың иелерінің мерейін көтеріп, сыныптастық әзіл, жастық шақтың шырайлы кезеңін тілге тиек еттік, ауыл адамдары мәз. Күні кешегідей өте шыққан ол кезеңдер артта қалып, өзіміз де 70-ті алқымдасақ та менің көзіме Нәсіпқали ағам әлі сол 50-дегі кезіндей көрінеді.

Бүгіндері Нәсіпқали ағамыз бен Қоңырша апамыздан өрбіген ұрпақ өмірден өз жолдарын тапқан. Үйінің орналасқан жері бұрынғы болса да, жасыл желекпен көмкерілген қонысы заманауи үлгіде, жаныңа керектің бәрі бар, іргеде су. Төрт түліктің түр-түрі, үйрек-қаз, тауығы, күркетауығы, аулада әндетіп тұрған ұзын кірпік боталары, қасыңа келіп сүйкенген бұзаулары, еркелеп секіріп, қолыңды жалаған лақтары, ауладағы жұмсақ диван үстінде керіліп жатқан мысықтың өзінен келген жанға деген жылылық көрсеткен бір ерекшелікті байқайсың.

BDEB41FA-7C7A-4EB1-978F-FEE604936CE2

Үй ішінің жиналуында да қазақы дәстүрдің әдебі, ауладағы тәп-тәтті былдырлаған немере-жиендер, үй айналасындағы көлік түрлеріне қарап нағыз шаруа – еңбек адамдарының тірлігін танисың. Осыдан 34 жыл бұрын барғанымда жап-жас ұлы Жомарт пен келіні Жұмағыз – бүгіндері сол кезде көрген Нәсіпқали ағам мен Қоңырша апамды көргендей әсерде болдым. Жомарт пен Жұмағыздың аға тойында томпаңдап қызмет еткені әлі сол қалпында сақталған, бір-біріне деген адал, қамқор жардың ыстық ықыласы суымаған түрін көріп, ішімнен «тәубе» дедім.

Екеуінен тараған ұрпақтар да өз өмір жолдарымен жүріп келеді. Қолындағы ұлы Нұртілек пен келіні Жанасыл «Нұртілек» шаруа қожалығына болашақта иелік ете ме деген үмітте. Қоңырша апамыз денсаулығын күтіп, Орал шаһарында екен, «Ауылға келіп тұрады» дейді келіні Жұмағыз. Қолындағы төрт түлік малдың сүтін сауып, халыққа тегін үлестіріп отырған жомарт жандардың есімдерін де Алла қолдап қойғызғандай. Маңырап келіп қалған лақтардың енесінің бауырына отыра қалып, ешкіні әп-сәтте сауып алды Жұмағыз. Боздаған боталарына маң-маң басып келе жатқан түйелердің де қарасы көрінді. Осының бәріне кіп-кішкентай болып үлгірген Жұмағыздың қасында Жомарттың жүруі – әкеден алған өнегенің көрінісі еді. Үй құстарының өз заңдылықтары бардай, әрқайсысы өз ұя, қоныстарын жазбай таниды.

Сауылған түйе шұбатын ағаш күбіге құйып, оны пісудің де өз ережесі бар. Жұмағыз көрші ауыл Сырымның Жосалысынан екен. Апасы Аманғалиева Жаңыл (қазір Қособада тұрады) ән салып, аудан, облыста танылып, байқауға Алматыға барайын деп тұрғанда 1979 жылы тұрмысқа шығып, бара алмады.

– Біздің үйден дәм татпаған адам аз, зиялы қауым, тілшілер, өнер иелері, жанына шипа іздеген жандар, ел қонақтары жиі келеді. Атам мен енемнен (Нәсіпқали ағам мен Қоңырша апа) алған тәрбиеміз Жомарт екеумізді адал еңбекке, мейірімділік пен қайырымдылық жасауға үйретті. Үлкен әжеміз (Қайша) ғасырдан артық жасады. Әкеміздің кеудесінде қазақтың небір асыл сөздері сақталған, ал анамыз – алтын жан. Жомарт екеуміздің арманымыз – бала-келініміз енді біздің ізімізді жалғаса дейміз. Біздің тұрған жеріміз көп жұрттың демалыс іздеп, ақшаларын шашып қайтатын ірі саяхат орындарынан кем емес. Осы жерде демалыс орны салынса, біздің Ақжайық ауданының даңқы асар еді, – деп те армандайды екен Жұмағыз.

Қарапайым мінезді, қараша ауылда қыр қазағына тән шаруаны дөңгелетіп отырған Қайырқомовтар әулетінің елге жасаған, талай науқасқа қамқорлық көрсеткен көмегі туралы жазылып жүр. Несібесін елге берген Нәсіпқали ағадан құлын күнінен өнеге алған, ағаның ізі – Жомарт пен Жұмағыздың еңбегін де бағалау керек-ау деп түйдім.

Алдыңнан «көкем-ай» деп шығатұғын ағалардың ауылының отын үшінші ұрпақ та өшірмей жалғаса екен деп мен де іштей тілек тілеп аттандым.

Үзілдік Елеубайқызы
Ақжайық ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале