26.02.2024, 17:45
Оқылды: 25

Тұзды неге тегін алуға болмайды?

Қазақтың «көршіден ақысыз тұз алсаң, араларың бұзылады» деген ырымы бар. Аңыз бойынша ертеде парсының Наушаруан деген әділ патшасы болыпты. Бірде аңға шығып киік атып алады. Енді киіктің етін асып жемекші болғанда тұз табылмайды.

Фото: www.istockphoto.com

Сонда патша уәзіріне маңдағы ауылдардан тұз әкелуін бұйырады және тұзды тегін алмай ақысын төлеуді тапсырады. Уәзір болса, уа патшам тұз бір тиынға да татымайды, тегін-ақ алсам болады ғой, оның үстіне сіз секілді әділ әміршіге жұрт қуана-қуана береді емес пе деген екен.

Сол кезде Наушаруан: «Сен мынаны жақсылап тыңдап ал, егер мен елдің жалғыз жұмыртқасын ақысыз алсам, сендер қияметпен тауығын сойып жейсіңдер. Мен бір алманы тегін жесем, сендер алма ағашын түп-тамырымен тартып аласыңдар. Есіңде болсын басшының істегенін қосшы өзіне үлгі қылады. Қиянат қылдай істен басталады» деген екен.

Зұлқожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

(«Салт-дәстүр сөйлейді». Хрестоматиялық анықтамалық. А. 2017 жыл)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале