6.09.2022, 10:01
Оқылды: 352

 «Тың идеяларды бәріміз бірігіп жүзеге асыруымыз керек»

Кеше облыстық мәслихатта облыс әкімі, «AMANAT» партиясы облыстық  филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтің қатысуымен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын қолдау бойынша аталмыш партияның облыстық филиалы активінің отырысы өтті. Активке партияның саяси кеңес мүшелері, облыстық  мәслихаттың депутаттары, партия ардагерлері, белсенділері мен сарапшылары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде бір мәселе – Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын қолдау және іске асырудағы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының міндеттері айтылды. Актив отырысын партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев жүргізді.

2

Біз, бәріміз, кешегі Жолдауды зейін салып, тыңдап шықтық. Онда  барлық өңірге қатысты  тапсырмалар, идеялар, жобалар айтылды. Сондықтан бұл Жолдаудың Қазақстан халқы үшін маңызы зор. Менің біздің облысқа қатысты нақты мәселелерді көтеріп, сіздермен ақылдасқым келеді, – деген облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы сөзін одан әрі сабақтады, – Жаңа экономикалық саясат бойынша берілген ең негізгі тапсырма – тарифті инвестицияға айырбастау. Екі жыл бұрын «Жайықжылуқуат» АҚ-ның тарифін өсірген едік. Соның арқасында қазір бұл мекемеде ешқандай мәселе жоқ. Ал  одан бұрын «жайықжылуқуаттықтар» газ беретін мекемеге 1-1,5 млрд теңге қарыздар болатын еді. Алайда облыста сумен және электр қуатымен қамту мәселесі әлі күрделі болып отыр. Бірінші қыркүйектен бастап тұрғындар үшін электр қуатының тарифі 10 пайызға өсті. Президент Жолдауда тарифтерді азаматтардың санаттары бойынша бөлуге болмайтынын айтты. Барлық санаттар үшін тарифтер бірдей болуы керек. Өйткені электр қуатын халыққа немесе заңды тұлғаларға деп арнайылап өндірмейді. Қазір тұрғындарға арналған тариф көтерілсе, бизнес пен заңды тұлғалар үшін төмендеп жатыр. Бірақ, меніңше, бизнес өкілдері осыны пайдалана отырып, қызметтерінің бағалары мен өнімдерін қымбаттатпауы тиіс. Өйткені біз олардың тарифін төмендетіп жатырмыз. Республика бойынша судың тарифі біздің облыста өте төмен. Қазір «Батыс су арнасы» ЖШС-ның жағдайын жақсарту үшін  7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды жасақтаудамыз. Себебі тариф болмаса, инвестиция болмайды. Ал қаражат болмаса, монополистердің жағдайы түзелмейді. Осы жағдайға түсіністікпен қарауымыз керек.  Сондықтан осы бағытта мемлекеттік құрылымдардың, монополистердің және жалпы халықтың қолдауы ке­рек. Ақпан айында облыс бойынша кешенді даму жоспарын бекіттік. Бес жылдың ішінде шамамен 26 млрд теңгені электр желілік компаниясына  салуымыз керек. Ал шамамен 20 млрд теңгені «Батыс су арнасы» мекемесіне және аудандардағы сумен қамту жүйесіне жұмсауымыз қажет. Бірақ бұл бюджет қаражаты емес, кредит. Ал кредитті қайтару үшін тарифті сәйкестендірген жөн.

Мемлекет басшысы Жолдауда шағын және орта бизнесті ынталандыратын бастамаларға бөлек тоқталды. Соның ішінде жаңа Салық кодексі әзірленетінін айтты. Біздің де Салық кодексіне енгізетін ұсыныстарымыз бар. Біз біраз компанияның осы өңірде жұмыс істесе де, салықты мұнда төлемейтінін айтып келеміз. Өйткені қазіргі қолданыстағы  Салық кодексі бойынша бұл заңға қайшы емес. Алайда компания қай жерде табыс тапса, сол жерде салық төлеуі керек. Егер аталмыш кодекске өзгерістер енгізілетін болса, құзырлы мекемеге ұсыныстарымызды жіберуіміз керек. Президент Жолдауда нақты секторды дамыту жөнінде де тапсырма берді. Елімізге шетелдік компаниялардың көше бастағанын атап өтті. Мен де осы сәтті пайдаланып, шетелдік компаниялармен бірлескен өндіріс орындарын ашу жөніндегі нақты ұсыныстар қабылданатынын айтқым келеді. Мұндай ұсыныстарды менің WhatsApp нөміріме жолдаңыздар. Егер ресейлік компания болса, ол санкцияға іліккендердің тізімінде болмауы керек.

Мемлекет басшысы жол мәселесіне қатысты тағы да нақты міндеттер жүктеді. Соның ішінде битум тапшылығын айтты. Ертеректе битум зауытын салуға рұқсат берілген жоқ. Себебі зауыттардың жүктемесі аз болды. Ал қазір олар қажет битуммен қамтамасыз етіп үлгермей жатыр. Соның ішінде біздің облыс битуммен 35 пайызға ғана қамтылған. Сондықтан өңірде битум зауытын салғысы келетін кәсіпкерлер болса, толықтай қолдау көрсетеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Соның ішінде Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Соңғы 1-2 жылдан бері облыстағы бұл салаға шамамен 18 млрд теңге субсидия берілуде. Алайда бұл қаражатты дұрыс бөлген жөн. Бірінші кезекте ол инвестициялық субсидия болуы керек. Кәсіпкердің салған инвестициясын қайтарып алу үшін беріледі. Ал қазір кейбір демеуқаржылардың тиімділігі күмәнді болып отыр.

Ғали Нәжімеденұлы Мемлекет басшысының еліміздегі 650 елді мекенде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салу жөніндегі тапсырмасына тоқталды. Өйткені бұл біздің облыста да өзекті мәселе болып отыр. Өңір басшысы денсаулық сақтау және құрылыс басқармасына аудан-ауылдардағы медициналық мекемелерді типтік үлгіде салуды тапсырды. Сондай-ақ медицина мамандарын даярлауға гранттар бөлініп жатқанын атап өтті.  Облыс әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тоқталды. Өңірде бес жылда 26 мың орындық мектептер салыну керек. Ал аталмыш бағдарламаға өңір бойынша 20 мектептің құрылысы енген. Өңір басшысы облыстық білім басқармасына бағдарламаға тағы да қосымша мектептерді енгізуді тапсырды. Сондай-ақ өңірде мектеп пен жатақхана салғысы келетін кәсіпкерлерге де кең қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Президенттің бастамалары ауқымды. Алайда оларды тек мемлекеттік құрылымдар іске асырмайды. Сын айтатындар өте көп. Ал мемлекетке қолдау көрсететіндер аз. Бірақ Президенттің бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Егер тапсырмалар орындалмаса, халықтың наразылығы туындайды. Сондықтан тек сынап қоймай, тың идеяларды бәріміз бірлесіп жүзеге асыруымыз керек», – деді облыс басшысы.

3

Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев партияның алдағы жұмыс бағытына ұсыныстарын білдірді. Ол бағаны тұрақтандыру қорына бөлінген қаражатты әлеуметтік осал топтарға мақсатты беру механизмін іске асыру жөніндегі ұсынысты Сауда және интеграция министрлігі құптағанын жеткізді. Сондықтан партияластарды да осы ұсынысты қолдауға шақырды. Мұрат Мұқаев облыс басшысынан Теректі ауданындағы емхананың құрылысын аяқтауға көмек көрсетуді сұрады. Өйткені екі жылдан бері аталмыш нысанның құрылысы тоқтап тұр. Ол партияластарға «Еңбек адамы» жаңа партиялық жобасын ұсынды.

Сондай-ақ Жайық мәселесін зерттеуге арналған республикалық комиссияда жергілікті ғалымдардың жоқ екенін айтты. Сондықтан оның құрамына батысқазақстандық ғалымдарды да кіргізуді ұсынды. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аталмыш комиссияның құрамына Ақ Жайық атырабындағы өзен-көлдердің экологиялық-географиялық ерекшеліктерін және облыстағы су жүйесінің құрылымдарын жақсы білетін жергілікті гидрогеология саласының білікті мамандарын енгізуді де ұсынды.

Актив отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы айтылған ұсыныстар мен мәселелерді шешу жолдарының маңыздылығын атап өтті. «Бұл бағытта барлық мемлекеттік құрылым мен аудан әкімдері бірлесіп жұмыстану керек» деді. Өйткені басым бағыттарды бағдарға алып, тапсырмаларды уақытында орындау тиімді болмақ.

Аркадий Рубцов, «Стеклосервис» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

4

– Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы еліміздің тарихындағы жаңа саяси белеске жол ашты. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Әрине, мұнда күрделі мәселелер айтылды, бірақ оларды шешудің нақты жолдары бар. Біздің экономикалық саясатымыз азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына бағытталғаны белгілі.  Мемлекет басшысы атап өткендей, салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтаудың маңызы зор. Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты болып отыр. Кедендегі тексерушілердің көптігі саланың жұмысына теріс әсер етеді. Сондықтан шекарада кедендік бақылаудың кешенді тетігін енгізу қажет. Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істегені жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау туралы айтты. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Жүздеген, мыңдаған заңнама мен нұсқауға түзетулер енгізе бергенше, жинақы және түсінікті ережелерді бекіту керек деді. Жаңа тәсіл 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.

Президент мемлекет қаржылай қолдау көрсеткенде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән берілетінін айтты. Ол үшін кәсіпорынның еңбек­ақы төлеу қорын көбейткені және салық төлемдерін арттырғаны есепке алынады.

Негізгі талап – осы. Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын аутоматты жүйенің енгізілетіні дұрыс болды.  Себебі қазір мемлекеттік қолдауларды қашан, қайдан алатындарын білмейтіндер көп. Мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құру қажет. Бұл ретте ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасына басымдық берілуі керек. Біз де сессияларда осы мәселені жиі талқыладық.

Мен Жолдауда айтылған басымдықтарды қолдаймын. Қазір табыс-кірісі аз азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер үшін әлеуметтік қолдау шаралары бар. Алайда мен тек бұл санаттағыларды емес, өндірісте және ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жұмысшыларды да әлеуметтік қолдауды ұсынамын. Оларға да тұрғын үй алу үшін жеңілдіктер енгізу керек. Бұны жұмысшыларды ауылдық жерлерге және өндірістерде жұмыс істеуге ынталандыру әдістерінің бірі ретінде қолдануға болады.

Софья Ізмұхамбетова, партияның облыстық филиалының бюро мүшесі, Батыс Қазақстан облысы бойынша «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры:

6

– Бұл Жолдаудың   маңыздылығы – адами ресурсқа ерекше мән берілуі. Яғни мемлекет дүниеге келген сәбиден бастап, азамат болып ер жеткенге дейін баланы қамқорлығына алып отыр. Алайда республика бойынша 2-6 жас аралығындағы балалардың тең жартысынан астамы ғана балабақшамен қамтылуы – ойлантатын мәселе. Педагогтер мәртебесін көтеруде мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері көп жағдайда назардан тыс қалып жүрді. Осы Жолдауда Президент балабақша тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру қажеттігін айтты. Мен тәрбиешілердің кәсіби құзіреттілігін арттыруға мән беру керек деп есептеймін. Тәрбиешілердің шеберлігін арттыруға қолдау көрсетілсе деп ойлаймын. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырғанда олардың көмекшілері де (няня) назардан тыс қалмаса екен. Балабақша ұжымдарынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Өкінішке орай, тәрбиешілер тарапынан балаларға қол жұмсау фактілерінің орын алатыны жасырын емес. Бұл да олардың құзыреттілігінің төмендігін көрсетеді.

Жолдауда орта білімнің сапасына назар аударылды. 2025 жылға дейін елімізде 800 000 бала заманауи мектепте оқиды. Әрине, бұл жақсы. Біздің облысымызда да бұл бағытта жағымды жаңалықтар бар. Алайда мәселелер де жоқ емес. Мысалы, қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 20 мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Бес мектептің сметалық құжаттары дайын. Бірақ бұл мектептердің күрделі жөндеуден өтпегені қынжылтады. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету де кезек күттірмейтін мәселе. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенттері жатақханамен 100 пайыз қамтылған. М.Өтемісов атындағы БҚУ-да 500 орындық жатақхана салынуда. Күні кеше политехникалық колледжде 150 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Әйтсе де, қолданыстағы жатақханалардың жағдайы қандай деген ой мазалайды.

Колледж жатақханалары назарға алынса дейміз. Мысалы, А. Иманов атындағы жолкөлік колледжі бар. Арнайы комиссия тобы сол колледждің жатақханасының жағдайы орташадан төмен екенін көрді. Облыстағы жол мамандарын даярлайтын бірден-бір колледжді жол салатын компанияға сенімгерлік басқаруға берсек деген ой келді. Президент те бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілінің маңыздылығын атап өтті. Әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа дейін төмендету – аналар қауымы үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартатын болды. Мұның жас ата-аналар үшін үлкен қолдау екені рас. Қазақта «уызына жарыған» деген тамаша сөз бар. Ана сүтіне жарыған, ананың мейіріміне қанып өскен баладан елжанды азамат шығары сөзсіз. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару – Жолдаудың ең басты, маңызды мәселесі дер едім. Әсіресе бұл көпбалалы ата-аналар үшін үлкен көмек. Әрине, барлық мәселе бірден шешілмейді. Мұны да түсінуіміз керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді дана халқымыз. Жақсы өмірге қол жеткізу үшін бірлігімізді сақтай отырып, тірлік жасайық!

Афиза Семғалиева, партияның облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы:

5

– Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының әр саласын қамтыған. Соның ішінде игерілмей жатқан жерді қайтарып алу бағытындағы жұмысқа ерекше мән берілді. Қазіргі таңда партия жанынан құрылған комиссиялар игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Республика көлемінде аталмыш жұмыс нақты нәтиже беріп жатыр. Ал облыс бойынша қоғам және партия белсенділері, құзырлы мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының бірлескен жұмысының нәтижесі тек Жаңақала ауданында сапалы сипатқа ие.

Ол жердегі тәжірибені басқа аудандарға үйлестіру мақсатында партия жанынан брифинг ұйымдастырылды. Ұсыныстар талқыланды. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде тек екі айдың көлемінде 20 мың гектар мемлекетке қайтарылды. Бұл – мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасындағы дұрыс диалогтың орнатылғанының көрінісі.

Облыстық «Жер аманаты» комиссиясы да тамыз айында жұмысын бастады. Қоғамдық қабылдауға түскен арыз-шағымдар, өтініштер қаралып жатыр. Оған қоса, аудан, елді мекендерге іссапарға шығып, тұрғындармен кездесуде. Осы жерде өзекті мәселелерді атап өткен жөн. Аудандық жер қатынастары бөлімі мен ауылдық округ әкімдерінің арасындағы нақты жер телімдері туралы ақпарат бір-біріне сәйкес келмейді. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне ауыл әкімінің шешімімен жекенің малын бағуға және малды асылдандыру үшін берілген жерлерге уақыт өте келе басқа меншік иелері табылып жатыр. Олар «бұл жер маған тиесілі» деп құжаттарын көрсетеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары жер телімін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға ұзақ мерзімге беру конкурстарының, олардың нәтижелері бойынша ашықтық принципі сақталмайтынын, ақпарат алу қиындығын алға тартты. Шаруа қожалықтары өздерінің мүддесін қорғайтын заңгерлердің жұмысы аудан көлемінде ұйымдастырылғанын қалайтынын жеткізді.

Себебі олардың кейбірінің қалаға баруға мүмкіндігі бола бермейді. Кезінде заңсыз берілген жер телімдерінің мәселесі үшін бүгінде  жауап беретін адам жоқ. Кімді жауапқа тартады? Ал сол жерді бүгінде мақсатты игеріп, жұмысын дөңгелетіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып отырған шаруа қожалықтарының кінәсі қандай? «Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл. Егер түзу көрінсе, Ойлап-ойлап, құлаққа іл» демекші, бұл бағыттағы жұмысты әкімшілік процедуралар негізінде сотқа дейін шешу мәселесін қарастыру қажет. Тұрғындармен кездескен кезде «осындай шаруа қожалықтарының жері бар, бірақ не малын, не жұмысын көрмейміз» деген уәж айтылды. Соған сәйкес 36 шаруа қожалығын заң аясында тексеру жөніндегі ұсыныс «Жер аманаты» комиссиясының хаттамасы негізінде құзырлы құрылымға жолданды. Құрметті Ғали Нәжімеденұлы, Президенттің тапсырмасы бар, мақсат бір, жұмыс пен мүдде ортақ. Сол себепті сізден «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына жер мәселесіне қатысы бар облыстық құзырлы құрылымдардың және аудан әкімдіктерінің қосылуына тапсырма беріп, қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына қатысты мына мәселеге тоқталып өтсем деймін. Қабырғасы құлап тұрған амбулаторияларда отыратын дәрігер адамды емдей ме, әлде өз өмірінің қауіпсіздігін ойлай ма? Жалпы аудандағы бас мұғалім мен бас дәрігердің бала оқыту мен емдеу ісінен басқа шаруашылық мәселесіне, соның ішінде құрылысқа араласуы ойға сыйымсыз. Қызметтік жауапкершілікті бөлу бойынша ұсынысты министрлікке, қажет болса, үкімет басшысына жолдау керек. Әйтпесе, ауылдық жерлерде не мектеп, не емхана құлап жатады. Ал оған ауыл, аудан әкімшілігі тікелей жауапты емес, облыстық басқармалар жауапты. Сөйте тұра, халық бар наразылығын жергілікті жердегі атқарушы құрылымдарға айтады.

Ясипа Рахимқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале