21.07.2022, 9:01
Оқылды: 68

Тың жобаларды жүзеге асырмақ

Биыл қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің құрылғанына – 30 жыл. Бүгінге дейін бұл бірлестік біраз  шаруа атқарып үлгерді. Аталмыш мекеме  мамандары облыс орталығында  өткізіліп жатқан біраз іс-шараның басы-қасынан табылып жүр. Олар биыл да тыңнан түрен салып, мәдени-көпшілік іс-шараларды бірінен соң бірін ұйымдастыруда. Бірлестіктің директоры Серік Тоқмамбетов атқарылған  жұмыстарға тоқталып, жоба-жоспарлары туралы да айтып өтті.

IMG-20220721-WA0003

Бірлестік «Құндылыққа толы өнер ордасына – 30 жыл», «Мәдениет әлемі – жасампаздық жемісі», «Менің аулам: Кеше. Бүгін. Ертең», «Менің көшемнің тынысы», «Бүгінгі көшем», «Алға жетелейтін арман», «Ән тербеген ғұмыр», «Жасыл желек әлемінде», «Менің аулам – менің бағым», «Киноклуб», «Алтын Орда», «Асыл мұра» секілді тың жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. Мамандар осы жобалар аясында бірлестікте қызмет атқаратын өнер иелерінің шығармашылық кештерін өткізуді мақсат тұтып отыр. Зейнеткер ардагерлер туралы деректі фильмдер түсіру де көзделуде. Ардагерлер жөнінде әлеуметтік желілерде айдар ашылып, түлектермен кездесулер  өткізіліп  жүр.

IMG-20220721-WA0001

Мамандар аула клубтары мен комьюнити орталықтары тәрбиеленушілерін патриотизмге тәрбиелеуде. Олар сабақтар барысында тарихи тұлғалардың өмір жолымен танысады. Өздері тұрып жатқан көше атауына мән беріп, елдің өткеніне үңіледі. «Менің көшемнің тынысы» жобасы аясында тәрбиеленушілер атақты, танымал тұлғалар жайлы бейнебаян жасайды. Болашақта елдің дамуы жолында атқаратын қызметін эссе немесе сурет, макет түрінде жеткізеді. «Асыл мұра» атты ұлттық құндылықтарды насихаттау жобасының мақсаты – жастарды, балаларды қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауға және құрметтеуге, дінін берік ұстануға, сақтауға, қорғауға шақыру.

Бірлестік басшысының айтуынша, басқа да жобаларды олар жыл соңына дейін жүзеге асырмақ. Мәселен, бағбандықты дамытып, бау-бақша егуді жандандыру, балаларды еңбекке тәрбиелеу көзделуде. «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында «Жасыл желек әлемінде» атты бау-бақша өсіру еңбек лагері ашылды. Көктем мезгілінде тәрбиеленушілер ағаш, көкөніс отырғызатын болады. Жазда оларды суару, күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі. Күзде өнім жиналады. Еңбек лагеріне әрбір клубтан 3 баладан, жалпы саны 50-ге жуық тәрбиеленуші тартылады. Алма, өрік ағаштары және қызанақ, қияр, бұрыш, пияз, қызылша, аскөк, баклажан секілді көкөністер егіледі.

– Біз облыстағы мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене араласамыз. «Спорт жұлдыздары» атты қысқы балалар спартакиадасын өткіздік. Аула клубтары мен комьюнити орталықтарының тәрбиеленушілерін жан-жақты дамыту бағытында түрлі байқаулар  ұйымдастырамыз. Қолөнер шеберлері арасында «Қыз – еркем, кестесімен көркем» атты қалалық жарыс өтті. «Даңқы өшпес ерлікке мәңгілік құрмет» атты қалалық патриоттық ән байқауы да ұйымдастырылды. Шәкірттеріміз жақсы жетістіктерімен қуантып жүр. «Бәйтерек» комьюнити орталығының тәрбиеленушісі Әлинұр Хамзин, «Арай» комьюнити орталығының тәрбиеленушісі Данат Мақсотов, «Алау» балалар аула клубының «Жас толқын» ән үйірмесінің мүшесі Кәусар Самиева ерекше талантымен көзге түсіп жүр.  I халықаралық «CRYSTAL STAR» балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауда «Вокал» аталымы бойынша Әсем Кажипова бас жүлде иеленді. Қарақат Алтай, Аяулым Темірғали, Нұрдәулет Самат, Сая Егізбай, Ақерке Өтеген, Ералы Қадыров, Құрманғазы Тәттіғұлов және басқа шәкірттеріміздің алдағы уақытта талай мәрте топ жаратынына сенеміз, – деді Серік Әнуарұлы.

Былтыр аталмыш мекеме жанынан ата-аналар алқасы құрылды. Бүгінде мамандар ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Биыл кезекті алқа отырысы өткізіліп, жаңа құрам бекітіліп, Мира Дәулетбайқызы төраға болып сайланды. Ата-аналар іс-шараларға белсенді түрде атсалысады.

IMG-20220721-WA0002

– Мәдени-ағарту бірлестігінің құрамында 24 бөлім бар. Олар заманауи үлгідегі құрал-жабдықпен жабдықталған. 12 аула клубы, 7 комьюнити орталығы,  1 ардагерлер клубы, 2 мәдени клуб сапалы қызмет ұсынуда. «Ақниет» мәдени клубы есту және көру мүмкіндігі шектеулі жандармен, «Бойтұмар» мәдени клубы зағип жандармен жұмыс жасайды. Ал Гагарин кинотеатры жаз бойы балаларға кино, мультфильм көрсетумен шұғылданады. «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры жылына 4 спектакль қояды. Қазіргі таңда 60-тан астам бала театрда ойнайды. Қала күні мерекесіне орай концерттер, спорттық ойындар, шеберлік сағаттар, көрмелер ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар «JaiyqFilmFest» кинофестивалі, «Өнер барысы» турнирі секілді ауқымды іс-шараларды өткізуді көздеп отырмыз. Қызметкерлеріміз құрмет грамоталарымен, төсбелгілермен, алғысхаттармен, сонымен қатар бағалы сыйлықтармен марапатталып жүр. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халқымыз. Қайырымдылық – ізгі қасиет. Біз ұйымдастырған шығармашылық кештерден түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалып келеді. Көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектестік. Саяжайда тұратын бір жанұяға 700 мың теңгеге газ өткізіп бердік. Бұл «Атамекен» өнер ордасында өткен Орынбек Меңдіқұлдың кешінен түскен қаражат. 24 бөлімнің 14-і мәдени-ағарту бірлестігінің теңгерімінде. Оның 11-іне соңғы үш жылда қала әкімдігі мен қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен жөндеу жүргізіліп, аула клубтары мен комьюнити орталықтарына айналды. Бұған дейін біреуінде  де болмаған еді, сол соңғы үш жылда 24 филиалдың 15-ін музыкалық құрал-жабдықпен қамтамасыз еттік, – деді Серік Тоқмамбетов.

Комьюнити орталықтарына кез келген тұрғын барып, уақытын тиімді өткізе алады. Сенбі мен жексенбіні қоса айтқанда, комьюнити орталықтары күн сайын сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін балаларға тегін жұмыс жасайды. Ал кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін ересектерге ақылы түрде қызмет көрсетеді.

Марлен Мәлікұлы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале