31.03.2022, 9:50
Оқылды: 109

«Тырп етпесең орныңнан, Кім ереді соңыңнан?!»

«Үзіліс» арнаулы бетінің аты айтып тұрғандай, негізгі бағыты «басы – бұлақ, аяғы – теңіз»  білім саласының қым-қуыт қарбаласынан бір сәт үзіліс жасап, сәл тыныспен әрлі-берлі ой екшеп тұрутын. Яғни мектеп, мекемелердің күнделікті тыныс-тіршілігінен беріліп жататын хабарлардан (ол шаруаны өз мойындарына алып, тұрақты жариялап отырған беттер барын көріп отырсыздар) гөрі сүйектілеу, ірілеу  мәселелер туралы ой салу, сөз қозғау.

1-760x450

«Мәңгілік тақырыпқа диалог» жобасын қолға алып, осы бір қиындау да қызықты  іске кіріскеніміз де сол. Қиындау дейтінім, кейіпкер тану, таңдау. Ол кейіпкердің шешіле сөйлеуі үшін, әңгіме тетігін табу,  тақырыпты оқырманға тартымды боларлықтай жандырып, аша білу. Бұрынғы өткен тұлғалардың ізімен осы бір парасатты әңгіме көшін жалғастыруға шамамыз жеткенінше ұмтылғанымызға да екінші жыл.

Біраз тұлғалармен диалог құрылды, біраз тақырыптар төңірегінде сөз қозғалды. Газет бетіндегі әрбір кездесу өз оқырмандарын тапты. Арнайы авторға қоңырау шалып, алғыс айтушылардың, «Жайық Пресс» басшылығына хабарласып жылы лебіз, оң баға берушілердің пікіріне қарағанда, білім саласының өткені мен кеткенін, бүгіні мен ертеңін ұштастыра осынау форматта беруіміз жаман болмаған сияқты. Әттең, сол бүгінгі жай-күйі, жетістігі мен кемшілігі турасында лауазым иелерінің тіс жарудан қашқақтайтыны өкінішті. (Себебін білсем ғой, шіркін...)

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызметте жүргендерді ашықтыққа, халықпен тікелей байланысқа жиі, тіпті демалыс күндеріне де қарамай шығып отыруға міндеттегенін қай құлақтарымен тыңдағандары (егер тыңдаса!) түсініксіз.

«Жазған құлда шаршау жоқ», «Диалогтың» делебешісі ретінде осы қалай деген, халық күтеді-ау деген маңызды-маңызды кабинет иелеріне хабарласып, әңгімелесуге ұсыныс білдірдім.

«Диалогтар»  төмендегіше «өрбіді» де тынды:

02.02.2021.

« – Қайырлы кеш...

«Орал өңіріндегі» «Мәңгілік тақырыпқа диалог»  жобасының келесі санына әңгіме-дүкен құруға ұсынысым бар, қалай  қарайсың?

Білім жүйесінің бүгіні мен ертеңі. Толғаныс. Жақсысы мен жаманы салыстырмалы түрде айтылса.

Ұстаз, ана, басшы ретінде.

Жазып берудің керегі жоқ.

Голосовое сообщениемен айтып бересің, болды. Ар жағын қағазға түсіріп, өзіңе көрсетіп барып газетке беремін.

Эпизод, детальдар, ситуациялармен тұздықтап айтсаң тартымды болады. Бірінші басын бастаймын, сосын әрі қарай жалғастырып әкетеміз. Мақұл ма?

– Сәлем бердік. Қалайсыз? Денсаулығыңыз қалай? Қолымнан келмей қалмай ма? Ойыңызды оқи алам ба?

– Қорқатын ештеңе жоқ.

Ойларыңды, білген-түйгеніңді айтып әңгімелейсің есіңе түскенін. Ар жағын үйлестіремін.

– Жақсы.

05.02.2021.

– Мамандықты дұрыс таңдаудың адам өміріне қаншалықты  ықпал ететіні ғылыми-философиялық негізде зерттеліп болды ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Ал енді адамның мамандыққа, яғни атқаратын қызметіне қанша пайда, яки зиян тигізетіні өмірде көрініп-ақ тұрады. «Шала молда дін бұзар»  дегендей, өз мамандығының иесі де бола алмай,  басқа салаға кете де алмай,  өмір бойы әрі-сәрі күй кешетіндер – сол  мамандық таңдаудағы қателіктің, асығыстықтың, болмаса, «қандай оқу болса да іліксем болды» дейтін көзсіздіктің  салдары. Қай мамандық иесінің де өз ісіне деген сүйіспеншілігі негізгі потенциал болса керек.

Мықты дәрігер, білікті ұстаз, әйгілі құрылысшы,  шаштараз, тігінші... өз ісінің шебері болып танылғандардың бәріне ортақ бір бақыт бар,  ол – мамандығын  адаспай табу бақыты.  Соның ішінде ұстаздықты сүйіп таңдап, орнын тапқан маманның өмірі қызық пен тағылымға толы болады. Әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет олардың. Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтың Қазақстан мұғалімдерінің бір тобын шақырып,  тапжылмастан төрт-бес сағат сұхбат құрғанын естіп, қызықтым.

Екі ұстаз болып біз де өңірдегі әріптестеріміз іліп әкетердей, үн қосардай ойларымызды ортаға салсақ. Толғандырып жүрген мәселе көп қой. Жаңарып, жаңғырып та жатыр білім үрдістері. Уақыт тегершігі  одан да  тез айналуда. Нені үлгеріп, нені үлгермей жатқанымызды кейін саралайтын да сол уақыт.

– (жауап жоқ)

– Осы төңіректе, өткен мен бүгінді салыстыра,  ұстаздардың көшбасшысы ретіндегі пайымдарыңды айта бер. Бөлек бөлек те,  бірге де болады. Асықпа.

– (жауап жоқ)

08.02.2021.

– Білім саласының бүгінгі өзекті мәселелеріне деген көзқарас, пайымың да керек.

– Қайырлы таң.

Аз-кем өзіңнің ұстаздық жолыңның қалай басталғанынан сыр шерткенің де дұрыс болады.  Дыбыстық хабарламамен айта бер жайлап,  есіңе түскен үзік ойларыңды.

– (жауап жоқ)

 08.02.2021.

Өңірдегі мұғалімдердің неше пайызы әйел адамдар  екені туралы, оның қаншасы пенсияға жақын екені туралы да математикалық пропорция тілімен  келтіре кетсең тартымды болар еді. Наурыз да жақын.  Соған  орайластыра шығаратын болармыз.  Бәрін жазып болған соң өзіңе көрсетіп,  содан соң ғана газетке кетеді.  Диалогтың мақсаты – әңгімең  арқылы өзіңнің тұлғалық қырларыңды таныту. Жұрт жақсы қабылдап жатыр. Газет тартымдылығы мен білім саласының қажеттілік үдесінен шығудан басқа ештеңе керек емес.

Бұл ұсыныс ақыры жауап келмеуімен аяқсыз қалды.

Одан соң, міне, тағы бір рет, енді келесі шенеунікпен хабарласып көргенім:

10 наурыз. 2022 жыл.

– Саламатсыз ба...

– Саламатсыз ба, Дариға Ғазезқызы.

– Сізбен ой бөліскім келіп еді. WhatsApp арқылы. Газетке, «Үзіліс» бетіне беруге. Мүмкін болса.

– Дариға апа, сізге үлкен рақмет! Қазіргі таңда мамандар жетіспеуіне, жұмыстың көп болуына байланысты күнделікті жұмыспен айналысуға тура келеді. Әзір мүмкіндік болмай тұр. Кешірім өтінемін. Маған өз назарыңызды аударғаныңыз үшін үлкен рақмет.

Жәрар... Жаңа Қазақстандағы жаңа білім саласы болу үшін қай бағыттарда өзгерістер жасалуы керек дегендей бағытта сөз қозғалса дегенім ғой. Облыс көлеміндегі білім ісінің қайнаған ортасында жүрген жауапты қызметкер болғасын.  Өзге елдермен салыстыра,  тәжірибелерін ортаға сала әңгімелеп берсек артық болмас еді. Міне, осылай. Бірі «ойыңды оқып, ілесуге жарамаймын ба» деп қорыққан болады, екіншісі,  «бүкіл мекемені жалғыз өзі арқалап» жүргендей болымсыз  сылтауды желеу етіп, басын алып қашады. Амал жоқ,  елдің мұғалімдері айтқан пікірлерді аузымыздың суы құри оқып,  «Осындай өрелі,  деңгейлі сөз иелері бізде жоқ па?» деп дағдаруға  мәжбүрсің.

Міне, қараңызшы:

Математик, академик Асқар Жұмаділдаев:

«Қазақстанда 3 мың мектеп бар. Түрік лицейлерінікі 28 мектеп бар-жоғы. Осы жерде мен бір-ақ критерий айтайын. Егер олимпиада жеңімпаздарын санымен есептесеңіз, тәуелсіз Қазақстандағы жеңімпаздардың жартысы осы қазақ-түрік лицейлерінің тәлімгерлері. Қалғандары жоғарыдағы 3 мың мектептен шығады. Себеп, біріншіден, қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері міндетіне адал қарайды. Жалақысы көп шығар дегіңіз келсе айтайын, біздің мұғалімдермен шамалас. Екіншіден, бұларда ұят, ар дейтін ескірмеген ұғым бар (өйткені сіз балаларға сабақ беріп отырып, оларды алдасаңыз, қулыққа барсаңыз не болады? Олар ондайға бармайды). Осы екі нәрсе, Ұят пен Ар, түрік лицейлерінің атағын аспандатып тұр. Оқытылып жатқан математикасы, физикасы, өзге де пәндері біздікімен бірдей. Сонымен қатар сабақ беріп жатқан мұғалімдердің 90 пайызы қазақтар. Түрік ағайындар 10 пайыз төңірегінде. Бірақ бұлар алғашқы планканы, межені сақтап қалды. «Тәртіпті бұзбаңдар, кәсіптеріңе адал болыңдар» деген принцип бұлжымай тұр. Егер қазақтың кейбір мектептеріне барсаңыз, олар сабақ өткізудің орнына сылтау айтады. Тақта жоқ, бор жоқ, компьютер жоқ, оқулық жоқ деп қара аспанды төндіреді. Бір кереметі түріктер ондай сылтау айтпайды. Жоқ болса, шулатпай-ақ іздеп табады. Қазақша материал керек болып, оны таба алмаса, жоғарыға арызданбай-ақ өздері аударады. Осының өзі олардың қызметтеріне деген адалдығын көрсетеді. Ең алғашқы қазақша ағылшынша сөздікті де осылар жасады. «Нұр Орда» деген мектебіне кіріңізші, іші-сырты түгел қазақша. Сүлеймен Демирелге барсаңыз да, атаудың бәрі қазақша-ағылшынша. Орысша қосымша ретінде ғана көрініс береді. Сондай-ақ түрік мұғалімдерін көріп, қазақша жөн сұрасаңыз, бәрі дерлік қазақша жауап береді. Неге олай? Бұл адалдық!».

Немесе «Жапонияда сабақ таңғы 9-да басталып,  түс қайта 3:30-4-терде бітеді. 6-сыныпқа дейін өз тілдерінде оқиды. Мектепте баланы сынамайды, ауыр жаттығулар жасатпайды. Ойнайды,  мектепті тазалайды. Кіп-кішкентай қолдарымен едендегі қуыстарға дейін тазалайды. Кезекшілікке тұрып, өздері асханада бір-біріне тамақ салып береді. Соларға ыңғайланған кішкене   ыдыс-аяқтары,  қасықтары мен ожаулары бар.  Бірде-бір бала бекер отырмайды. 1-6-сынып аралығында балаға сабақ емес, еңбек етуді, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды, өз ұлтын,  өз тілін сүюді үйретеді» деп жазады жұрттың шетелге іссапарлатып келген  өкілдері.

Біздікілер жым-жырт...

Менен кінә болмасын деп, екі рет оқталып, аяқсыз қалған «Дыбыссыз диалогтың» басталған да тасталған тастанды құрылыс  немесе  бітпей де қоймай жайрайтын да жататын  Орда мен Жәнібектің жолы сияқты қалқиған қаңқасын (каркасын) оқырманға осылайша  ұсынып қоюды ұйғардым. Бәлкім, осыдан кейін басқаларына батылдық пен ақыл пайда болар. Қазақстан Республикасында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң да бар екені естеріне түсер...

«Біткен іске мінші көп»,

«Мәңгілік тақырыпқа диалог»  бүгінді неге көбірек  жазбайды?» деп дәметіп, күңкілдеп отырғандар болса, біле отырсын деп, түсіне алса, түсініп қарасын деп  осылай бір қарпып қойдық.

«Тырп етпесең орныңнан,

Кім ереді соңыңнан?!» деген бар ғой.

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Суреттің дереккөзі: market.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале