14.09.2021, 10:25
Оқылды: 116

Ұйымшылдық сенімді нығайтады

Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары, жалпы алғанда, жүйелі дамудың, ықтимал дағдарыс құбылыстары мен сын-қатерлерді еңсерудің, яғни, мемлекеттілікті нығайту мен халқымыздың әл-ауқатын одан әрі жақсартудың бағыт-бағдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты бұл жолғы үшінші Жолдауында да еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындап берді. Әрі онда қоғамды алаңдатқан маңызды мәселелер қамтылып қана қоймай, оларды шешу жолдары да ұсынылды. Сонымен бірге Президент таяудағы онжылдықтың күрделі болатынын ашық айтып, соған сай әлеуметтік-экономикалық саясаттың ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді басымдықтарын атап көрсетті. 

кала активи шыныбеков - копия

Қала әкімдігінде өткен алқалы жиында баяндама жасаған шаһар басшысы Абат Шыныбеков сөзін осылайша бастады. Одан әрі Жолдау артқан мақсат-міндеттерді саралап, ондағы «Пандемиядан кейінгі ке-зеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», «Саяси жаңғыру және адам құғығын қорғау», «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жеті бағыттың көтерер жүгі салмақты екенін ұғар санаға ұғынықты тілмен жеткізді.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында пандемиядан кейінгі экономикалық дамудан бастап, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы басым бағыттарды нақты атап көрсетті. Жасыратыны жоқ, әлемді жайлаған аталмыш індет қай-қай салаға да өз салқынын тигізгені анық. Әйтсе де, еліміз өзінің даму тарихында талай қиындықтарды бастан кешіріп, қазіргідей Тәуелсіз ел жағдайында шыңдалып, жаңа асуларды бағындыруда. Өңірімізде һәм қаламызда да соңғы жылдары жаңаға бетбұрыс, тың жобалар мен әлеуметтің әлеуетін арттыру төңірегіндегі жанды жұмыстар айқын көрініс таба бастады. Халық пен биліктің арасында тығыз байланыс орнап, «Қолжетімді әкімдік» жобасы да өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Өткен 8 ай ішінде 920 қала тұрғыны әр түрлі өтініш-тілектерін жеткізіп, оған тиісінше жауаптар алуы осының бір  дәлелі, - деп сөзін жалғады Абат Абайұлы.

– Сондай-ақ баянды тіршіліктің бастауы – баспана. Сондықтан мемлекет осы мәселені ұдайы назарда ұстап, түрлі бағдарламалар арқылы оның шешімін табуға тырысып келеді. Бұл орайдағы нәтижелі қадамдардың бірі, сөз жоқ, Президенттің бастамасымен зейнетақы қорындағы қаражатты баспана алу, ипотекалық несиені жабу үшін пайдалануға рұқсат беру болғаны анық. Біздің қаламызда да қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1226 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұның сыртында жеке инвестициялар есебінен жалпы көлемі 72 мың шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің бірлескен жұмысы нәтижесінде апатты жағдайдағы баспаналар мәселесі де біртіндеп шешімін  тауып келеді.

Иә, өз Жолдауында Президент 2025 жылға дейін өңірлерде 800 мектеп салу жөніндегі бұрынғы тапсырмасын 1000-ға жаңартты. Ауыл мектептерін бала санына қарай қаржыландыруға көшіру де оң нәтижеге жеткізетін бастама. Бүгіні күні Орал қаласында №33 мектептің орнына жаңадан салынып жатырған 300 орындық  білім ұясын жыл соңына дейін пайдалануға беру  көзделіп отырса, Бортау ауылында жаңа мектеп құрылысы басталды. Биыл шаһардағы №13 орта мектеп пен №15 «Ақбота» бөбекжайы ғимараттары күрделі жөндеуден өтсе, 17 білім ошағына орташа жөндеу жүргізілді. Алдағы басты мақсат – үш ауысымды оқыту жүйесінен бір жола құтылу.

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында осындай көкейкесті жайларды қозғай отырып, Презиент бес бастаманы ел назарына ұсынды. Оның бірін-шісі, келесі жылдың басынан бастап, ең төменгі жалақыны 42 мың 500-ден 60 мың теңгеге дейін өсіру. Екінші бастама, жұмыс берушілердің, соның ішінде кәсіпкерлердің өз жұмысшыларының жалақысын көтеруін ынталандыру үшін «ұтымды» шаралар кешенін әзірлеу  міндеті болса, үшіншісі, осы салада еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақты жеңілдету мақсатында олардың салық мөлшерін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету бо-лып отыр. Бұл жүйе 2023 жылдан бастап күшіне енбек. Ал енді ел-жұрт арасында ерекше серпіліс туғызған төртінші бастама, ол – 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта мардымсыз жалақы алатын азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын жыл сайын 20 пайызға көтеру десек, бесіншісі, әлгінде айтылған баспанаға қатысты мәселелер. Бұл саланы оңтайландыру үшін Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп, оның әкімшісі ретінде «Отбасы банкін» құруды тапсырды. Бұл айтылғандар да әкім баяндамасында көрініс тапқан жоба-жоспарлар.

– Тәуелсіз ел болған 30 жыл бойы айтудай-ақ айтылып  келе жатқан тақырыптардың бірі – қазақ тілі. Бұл орайда Президентіміз «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі! Болашағын осы елмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс» деп мәселенің басын ашып берді. Мемлекет басшысы бұған дейін де қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру қажеттігін мәлімдеген-ді. Біздің Орал қаласында да ҚР «Тіл туралы» заңы басшылыққа алынып, тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Ендігі жерде өз тіліміздің бағын өзіміз жандыра білуіміз керек, - деп сөзін түйіндеді қала әкімі.

Қызмет ыңғайына қарай үлкенді-кішілі талай басқосулардың бел ортасында болып жүрміз. Сонда көбіне байқайтынымыз – жауыр болған жалаң ұран, жалтақ көңіл және жасанды сөз. Ал ондай өз жүрегін толқытпаған «толғаныс» өзгенің көңілін қайдан жібіте қойсын?! Жасырып қайтеміз, бұл жолғы «ән» бұрынғыдан өзгерек болды.
Мұның бәрі көптің көңілін тасытқан Жолдау жолдарындағы: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек» деген  аталы сөздердің әсері де шығар деп ұқтық. Ой еркіндігі болмаған жерде қоғам да ілгері дамымайтындығын ұлт зиялылары ықылым заманда-ақ айтып кеткен ғой. Бұл жолғы алқалы жиынның мінберінен сөз алып, өз салалары бойынша толғақты ойларын Жолдау бағыттарымен сабақтастыра көсілген кейбір жас толқынның жа-лынды сөздерінен ой еркіндігінің лебі есіп тұрды. Оның бәрін көсілте жазуға аядай мақаланың көлемі көтермегендіктен, кейбірінің аттарын ғана атай кетуді жөн санадық. Мәселен, олардың қатарында «Мен, Горбунова Анжелла Васильевна – Қазақстан Республикасының азаматымын, ұлтым – орыс, түр-тұлғам – қазақ. Ақжайық ауданы, Жаңабұлақ ауылының тумасымын»,  – деп таза қазақ тілінде саңқ ете түсіп, «Сөздің тәттісінен – істің сәттісі артық. Жолдау артқан жүк ауыр, енді іске кірісейік, ағайын!», - деп сөзін түйіндеген қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу секторының меңгерушісі Анжелла Горбунова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Мирболат Ерсаев және №33 мектептің директоры Үміт Ерғалиева сынды келешегі кемел көрінген өлке перзенттері бар.

Сөздері жалынды, өздері іске алымды жас толқынның ортақ мұрат-мақсатқа оң иықтарын тосып, Жолдауда көрсетілген бастамаларды ұйымшылдықпен іліп әкетуге пейіл танытуы қазақстандық қоғамның ертеңіне деген сенімді нығайта түседі.

 

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале