10.12.2019, 15:02
Оқылды: 294

Ұлт үшін  күрескен қайраткер

Ұлт тарихын  түгендеуде қашанда күрделі мәселелер бар. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі  дұрыс  пайымдауға тиіспіз», – деп атап көрсетті. Осы мақалада «Ұлы  даланың  ұлы  есімдері» атты бөлімде «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» деп атап өтті. Қазақ жұрты да ұлы бабаларының, игі жақсыларының аттарын қадір тұтып, кейінгі жасқа үлгі қылмақ  керек.

Oreke-223x300

«Тарихты жамандасаң, болашақ сенің маңдайыңа тас лақтырады» деген тәмсіл бар. Кеңес заманы тарихы, лениндік ұлт саясаты, ақ пен қызыл болып шарпысып, тап мүддесі үшін күрескен жылдар, маркстік-лениндік идеялар салтанат құрған заманы – бәрі-бәрі қазақ ұлтының тарихы.

Қазақтың ардагер алашшыл азаматтары да, Сәкен Сейфуллин сияқты қызыл сұңқарлары да екі түрлі идеялардың басында жүрсе де, оларды біріктіретін басты мақсат-мүдде қазақ ұлты үшін күресу еді. Елім деп еңіреп еңбек етіп, сталиндік зұлматтың зардабынан шаһид болған, тарихтың салқар көшінде бұлдырап, ұмытылып бара жатқан тұлға – 1929-1938 жылдардағы Қазақ АССР Халық Комиссарлары төрағасы Ораз Исаев.

Адамның қызметі биік идеямен рухтанбаса, жеміссіз де түкке тұрғысыз (Н. Г. Чернышевский). Ораз Исаев маркстік-лениндік саясатқа сенді. Өз заманының күрескері бола білді. ХХІ ғасырда ол үшін Оразды сынап, ел жақсыларын бірін мақтап, бірін даттап, бір қиырдан екінші қиырға аунап отырсақ, ел болғанымыз қайсы.

Қазақтың қара өлеңінде айтылғандай, Жігітке қиын екен елге жақпақ,

Пейілін  бай, кедейдің  бірдей  таппақ.

Қара  қылды  қақ  жарып жүрсең-дағы,

Кетеді  біреу  мақтап, біреу  боқтап.

Ораз Исаев – қазақ мемлекеттігінің басында тұрған саяси тұлға. Ал тұлға деген кім? Әлеуметтік жағдаяттардың ықпалымен және жеке басының ерекше сапаларымен тарих тұғырына көтерілгендер ғана тарихи тұлғаға айналады. Олар тек іс-әрекеттің және саясаттың қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар ойы ұшқыр, сөзі уәлі жандар, не қажет, не істеу керек екенін жұрттан бұрын біліп, өзгелерді бір бағытқа ұйымдастыра білетін, соңынан  бұқараны ерте алатын рухани басшылар. Ораз Исаев та өз заманының көшбасшысы бола білді. Сол тұстағы саяси ойынның  басты ойыншыларының бірі бола жүріп, ұлт үшін, ұлт мүддесі үшін күресті.

Ораз Исаевтың ұлт жоқшысы екенін оның жазғандарынан, сөйлеген сөздерінен анық сеземіз. Ол, біріншіден, қаламы ұшқыр, шебер көсемсөзші. Оның мақалаларынан, сөйлеген сөздерінен сол заманның ащы шындығы, күрделі проблемалары сезіліп тұрады. Ораз не жазса да, не сөйлесе де, әйтеуір ел мүддесі үшін жанын салған. Қазақстанның экономикасын, ауыл шаруашылығын көтеру, елді индустрияландыру, білім мен мәдениетке қамқорлық, ағартушылық бағыттағы жұмыстар оның назарынан тыс қалған емес. Тарих ғылымдарының докторы Г. Козлов былай деп жазды: «Ораз Исаев индустрияландыруды жүзеге асыру, мәдениет саласындағы революция жасау тәрізді аса ірі, шын мәніндегі тарихи міндеттерді шешуге белсене қатысуы арқылы адамдардың зердесінде елеулі із қалдырды». Иә, ол ұлы өзгерістердің және қазақ ұлты үшін ең ауыр кезеңнің басында болды. Қазақстанда кіші Октябрь төңкерісін жасамақ болған Ф. Голощекинмен саяси тартысы, тағы тағылар оның жазғандарынан байқалып тұрады. Оның Қазақстандағы аштық туралы Сталинге жазған хаты заман шындығын дәл беруімен құнды құжат болып есептеледі. Ораз Исаев –  ХХ ғасырдың басында сұрапыл  жылдарда елім деп атқа мінген, сұрқия саясаттың арасынан ұлт мүддесі үшін сара жол іздеп күрескен, таластартыспен шыңдалған тұлға. Сондықтан ол қазақ қоғамының әлеуметтік өмірінің барлық саласына жаны ашыды. Қолынан келгенше көмектесті, іргелі істердің басы-қасында болды.

ХХ ғасыр басында көтерілген күрделі проблема қазақ қоғамындағы әйел тағдыры, оның рөлі болатын. Жас жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Адамдық негізі әйел» деген мақала жазды. Бұнда қазақ қоғамындағы әйел теңдігі сөз болады. Әйелдің көзі ашылмай, ұлт тәрбиесі өрге баспайтынын айта келіп, «Бұлай болғанда, біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Бұлай болғанда, өмірінде  әділет, мархамет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың харекеті үй іші мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті қамқор тууы мүмкін бе?» – дейді. Бейнеттен арылмаған ана сізге қандай үлгі көрсетеді деп, әйелдің жағдайын жақсарту керек екенін ескертеді. Қаламгердің «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйел халін түзе» – деген сөздері бүгін де маңызды.

Ал Ораз Исаев әйелдерді қоғамдық жұмысқа тарту дұрыс деп біледі. Әйелдерді басшы орындарға қою туралы мақаласында «әйелдерді жетекші орындарға қойып, жалпы құрылыс жұмысына қатыстырмай отырып, әйел теңдігін орнатуды көксеп, дәмі-татымы жоқ, құрғақ сөз болып шығады», – дейді. Қазақтың екі жақсысының да ойы бір жерде тоғысып  жатыр.

Әйел бақытты болмай, қоғам бақытты бола алмайды. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында осы ардақты ерлер көтерген мәселе шешімін тапты ғой деп ойлаймын. Бүгінде саяси қайраткер, депутат, ғалым, мемлекеттік қызметкер болып елге ерен қызмет істеп жүрген қазақ әйелдері қаншама! Дегенмен қазіргі қазақ қоғамында әйелге қатысты шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелер  жоқ  емес.

Ораз Исаев 1929 жылы жазған «Оқытушылар мен оқушыларды саралаңдар» мақаласында «Елді ағартып, надандықты жоюдың  шын жолына түсудің заманы келді. Надандықты жоюдың негізгі жолы – ана тілімен ғылым үйрену, ғылым үйрететін мектептерді көбейту, оқытушылар мен оқушыларды саралап, екшеп, сосын барып білім берудің сара жолына түсу», – деп жазған пікірі бүгінде өзекті. Бұл тұжырымдар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың пікірлерімен үндесіп жатыр. Ахаң айтады: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та,  билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» (Қазақша оқу жайынан. «Қазақ», 1913, №14»), – деген еді.  Тәуелсіз Қазақстан жағдайында да балаларға білім беру ісі аса көкейкесті болып отыр.  Әр халықтың дербес білім жүйесі болу керек. Әлемдік тарихта дербес білім беру жүйесінен айырылу кейбір ұлттық мемлекеттердің жойылуына әкеп соғады. Оған тарих куә. Елдің болашағы оның оқу жүйесіне тікелей байланысты. Ұлттың сапасын жаңғырту білім беруге тығыз байланысты екенін әу бастан білген А. Байтұрсыновтың бір ғасыр бұрын жанайқайын білдірді: «...әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек... Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек». Ораз Исаевтың ойлары да осымен сабақтас екені рас. Ол «Надандықты жоюдың негізгі жолы – ана тілімен ғылым үйрену», – деп отыр.  Ал осы қазақтың игі жақсылары айтқан ойлар да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев тарапынан да айтылып жүр. Елбасы «ұлттық тілмен ұлттық сана» қалыптасады  деп отыр.

Осы ХХ ғасыр басында ана тілде білім алу проблемасы көтерілсе,  ХХІ ғасыр басында үш тілде білім беру саясатының зардабынан тағы да күн тәртібіне шықты. Өз тілінде білім алып, дүниені таныған ұрпақ қана ұлтқа қызмет ететінін ұмытпайық.

Абай атамыздың бір өлеңінде  «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек», – дейді.  Заман мен адамның қоғамдағы арақатынасын қазақы түсінік тұрғысынан пайымдасақ, заманды қай жан билемек деген сауалға жауап іздесек, заманның бағытын қолыңнан келсе, жақсылыққа бұр,  заманға иленіп отыра беруге міндетті емессің, өмір сүрген кезеңің қандай қиын, күрделі болса да, сол тұстан жақсылық, бейбітшілік, имандылық іздеуге құқылысың деген сөз. Ораз Исаев та өзі өмір сүрген алмағайып кезеңде қызыл саясаттан да ұлт үшін жақсылық іздеді, экономикалық өсіп-өркендеуге барынша үлес қосты.  Тарих алыстаған сайын биіктей беретін Ораз Исаевтың тұлғасын, адами болмысын тану – бүгінгі ұрпақтың  міндеті.

Мұрат Сабыр

филология  ғылымдарының докторы,  профессор

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале