Tengrinews.kz порталының Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, биылғы 19 шілдеде Қазақстанда бірыңғай QR-код толық іске қосылады.

Фото: zhaikpress.kz фотоқорынан
Жаңа стандартты кезең-кезеңімен масштабтау процесі алдағы сейсенбіде, яғни 7 шілдеде басталмақ. Бұл шешім Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің екінші деңгейлі банктер және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы басшыларымен өткен кездесуінде қабылданды. Жиында тараптар банктердің банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысу мәртебесін, сондай-ақ мобильді аударымдар мен QR-төлемдер сервистерін енгізу қадамдарын талқылады.
Бірыңғай QR-код жүйесі клиенттерге сауда нүктесінде қай банктің терминалы орнатылғанына қарамастан, төлемді өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы кедергісіз жасауға мүмкіндік береді. Бұл стандарт сатып алушылар мен бизнес өкілдері үшін есеп айырысу процесін айтарлықтай жеңілдетпек. Дегенмен, нақты банктердің жүйеге қосылу мерзімі мен олардың клиенттері үшін қызметтің қолжетімділік уақыты әртүрлі болуы мүмкін.