29.06.2022, 18:26
Оқылды: 176

Ұлттық бірлік – ортақ құндылық

«Атамекен» өнер ордасында «Ел  бірлігі  – жаңарған Қазақстанның  тірегі» тақырыбы бойынша Батыс  Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV  сессиясы өтті.  Оған облыстық  ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелері, қоғамдық келісім,  ақсақалдар және аналар кеңестері, мемлекеттік  құрылымдар, бизнес өкілдері,  кәсіподақ, «Ассамблея жастары»  жастар қозғалысы мен еріктілер,  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.  Облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының  төрағасы Ғали Есқалиев сессия  жұмысын ашқан соң, «Орал  өңірі» газетінің бас редакторы,  Қазақстан Жазушылар одағының және БҚО ҚХА Журналистер  клубының мүшесі Бауыржан  Ғұбайдуллин Ұлттық  құрылтайдың негізгі мақсат-міндеті туралы айтты.

E29FB6B8-EDB0-4FEE-9F6D-5C640182E498

Құрылтайдың басты мақсаты – халықты ұлттық бірлік жолында жұмыла қызмет етуге үндеу, яғни отандастарымыздың ынтымағын нығайту, бірлігін бекемдеу арқылы ырыс-несібесін еселеу. Осы стратегиялық мақсат-міндет ассамблея мүшелеріне баяғыдан таныс. Халық пен биліктің ашық диалогына үнемі ықпал ету бағытында жұмыс істеу ұлттық құрылтайдың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жасаған баяндамасын жадыларыңызда тағы бір жаңғыртып өтейін. Президент ұлттық бірлік – іргелі мемлекетке айналуды көксеген кез келген елдің басты мақсат-мұраты болуы тиіс екенін атап өтті. Оған қоса «Жаңа Қазақстан», «Жаңарған Қазақстан» ұғымымен еншілес «Әділетті Қазақстан» түсінігіне ерекше тоқталды. Мемлекет жүйесінде әділеттіліктің салтанат құрғанын қоғам анық сезінуі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  Отанымызды гүлдендіру үшін үлкен-кішімізге жасампаз еңбекке бірдей жұмылу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жас ұрпақты қаршадайынан еңбекке тәрбиелеу керек екенін айтты. Ұлттық құрылтайда қазақ халқының тарихын біріздендіру, біржола жүйелеу мақсатында академиялық басылым дайындалып жатқаны туралы да хабардар болдық. Әлеуметтік желідегі бейпіл сөздерді тоқтату, бір-бірін айыптауды доғару, одан гөрі ортақ мүддеге пайдалану мәселесі талқыланды. Құрылтай отырысында шекарада отырған аудан-ауылдарда халықтың азайып бара жатқаны және бос жатқан жерді игеру, ен даланы елге толтыру жөнінде мәселе көтердім, – деді ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин.

81AB4172-F372-436A-AA82-7D7C6D26CA23

Облыстық ассамблеяға қарасты орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Сергей Быков «Азаматтық бірлікті мәдениет пен өнер арқылы нығайту» тақырыбында баяндама жасады. Ол балалар және жасөспірімдер кітапханасында ассамблея мүшелерімен тығыз байланысты іс-шаралар тұрақты өткізілетінін және жаңа жобалар аясында жас ұрпаққа этностар бірлігі менхалықтар достығы жиі насихатталатынын айтты. «Еднання» украин этномәденибірлестігінің мүшесі Михаил Бродяной этносаралық алауыздық және ұлтаралық қақтығысқа жол бермеудің маңызы жөнінде сөз қозғады. «Ел бірлігіне сызат түсіретін арандатушылық әрекеттерге уақтылы тосқауыл қою қажет. Бұл бағытта Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыла еңбек етуде. Менің туған жерім – Қазақстан. Ата-бабам осында қоныстанған. Отанымды шын жүрегіммен сүйіп өстім. Бәрімізге ортақ құндылықтар ды қадірлей білу қажет», – деді Михаил Бродяной. Одан кейін БҚО ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы, Еуразия халқы ассамблеясының іскерлік байланыс кеңесінің тең төрағасы, «МонтажТехСервис» ЖШС компаниясы тобының бас директоры Болат Сәрсенов «Жаңа жағдайдағы Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық қатынастарының перспективалары» туралы айтты.

– Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің басын қосу мақсатында ассамблея жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығы жүйелі жұмыстануда. Бизнес қауымдастығының алдында тұрған басты мақсат – Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту, этномәдени бірлестіктер арқылы ұлтына қарамастан кәсіпкерлерді біріктіру. Осы мақсатта алғаш рет Ресей Федерациясының Саратов облысындағы көршілерімізбен бірге «Іскерлік достар клубы» іскерлік клубы құрылды. Онда кәсіпорындардың сапалы өнім шығаруы, экспорттық қызмет көрсетудің әртүрлі бағыттары, сауда нүктелерін қарастыру мәселесін талқылаймыз. «Іскер достар клубы» аясында дөңгелек үстелдер отырысы, бизнес-тренингтер,
шеберлік сабақтары өткізілуде. Кәсіпкерлер өз компанияларын таныстырады, бизнес идеяларымен бөліседі.

BAB4DDC5-10D1-4C67-B813-AFDB19CC2283
Пандемия кезінде кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері қаржылық тұрғыдақиын жағдайға тап болған адамдарға «Мейірімділік керуендері» қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруға көмектесті. Аталған қауымдастық белгілі бір кәсіпке қызығушылық танытқан, бизнес-жоспарлары бар жас кәсіпкерлерді қолдау бағытында жұмыс жасауда. Мәселен,жуырда «Жастар кәсіпкерлігін дамыту» атты облыстық семинар өтті. Іс-шара барысында жастардың бастамашыл жобалары мен бизнес жобалары таныстырылды. Сондай-ақ Еділ бойы мен Батыс Қазақстан жастарының «Стартап» форумы өтті. Бір виртуалды платформада табысты бизнесмендер де, жас кәсіпкерлер де, Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтары – Саратов, Волгоград, Орал және Ақтөбе студенттері де кездесті. Осылайша ресейлік-қазақстандық кәсіпкерлер ынтымақтастығын нығайта береміз, – деді Болат Сәрсенов.

D969FE17-941C-41CB-A3B8-020AA215DA0B

Дөңгелек үстелде БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов ассамблея жұмысы туралы баяндаған соң, сессия қатысушылары өзара пікір алмасты.

FB5C5489-C8C7-405B-9C1B-185C3D7FE27A

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале