Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі хабарлағандай, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылған 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 2026 жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралықта нысаналы жинақтарды пайдалануға арналған 333 809 өтініш орындалды.

Нәтижесінде жалпы сомасы 62,71 миллион АҚШ долларына жуық қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына аударылды.
Аударылған қаражаттың басым бөлігі, яғни 41,01 млн доллары (216 060 өтініш) тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалған. Мұндағы ең танымал мақсат — Отбасы банкіндегі салымды толықтыру (40,25 млн доллар). Ал білім беру ақысын төлеу үшін 21,69 млн доллар сомасына 117 749 өтініш орындалды.
Бағдарлама ережесі бойынша, 18 жасқа толған бала жинақталған соманы толық немесе ішінара пайдалана алады. Егер қаражат 10 жыл бойы сұраусыз қалса, ол автоматты түрде алушының ерікті зейнетақы шотына аударылады. Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әр балаға 130,71 АҚШ доллары есептелді. Нәтижесінде, бағдарламаға басынан бері қатысып жатқан үшінші жылғы баланың шотында инвестициялық табысымен қосқанда 370 доллар 56 цент жинақталған.
Баланың бағдарламаға қатысуын ата-аналар kids.enpf.kz сайтынан, eGov немесе Kaspi.kz сияқты банк қосымшаларынан тексере алады. Ал 2026 жылы 18 жасқа толған немесе толатын азаматтардың шотындағы қаржы нысаналы жинаққа айналатындықтан, олар enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы ақпаратты өздері бақылап, уәкілетті операторлар («Отбасы банкі», «Халық банкі», «Банк ЦентрКредит») арқылы долларлық шот ашып, онлайн-өтініш беруі тиіс.