4.08.2017, 14:28
Оқылды: 54

«Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды»

Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталғалы Елордадағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жабдықталған көрмелер келушілерге өңірдің рухани құндылықтарын паш етуде.


Бүгін батысқазақстандық делегациямен бірге этноауылдағы қолөнер шеберлерінің туындылары мен музей жәдігерлерін көрген облыс әкімі Алтай Көлгінов көрмелер жұмысына оң бағасын берді. Делегаттарға қолөнер шебері Төлепберген Сарманбеков зергерлік бұйымдарын көрсетсе, Ерболат Мұсағалиев былғарыдан жасалған аяқ киімдер мен белбеулерді назарға ұсынды. Көрмеде Асылан Сарыбаев оюмен әдіптелген ағаш тұғырға әсем домбыраларды орнатыпты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, этноауылда Қостанай облысынан келген шеберлердің бұйымдары да қоңсылас тігілген киіз үйлер ішіндегі көрмеге қойылған.

«Жаңа технологиямен ағаштан және тері мен жүннен өңделген ұлттық бұйымдарымызды әкелдік. Батысқазақстандық әріптестердің керамикалық ыдыстары мен әсем өрнектелген кәдесыйлары, әшекей тастары көңілімізден шықты. «ЭКСПО - 2017» көрмесіне байланысты  шеберлер жәрмеңкесін ынтымақтаса өткізіп жатырмыз», – деді облыс басшысы Алтай Көлгіновке қостанайлық суретші-безендіруші Арна Аңқауов.

Біздің облыстың делегациясы кейін облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған экспозициялық бұйымдарын тамашалады. Музей директоры Мирболат Ерсаев өңірдің тарихи жәдігерлеріне Ұлыбритания, Италия, Ресей, Венгрия, Қытай, Бельгия елдерінің туристері қызығушылық танытқанын  айтты. Оның қатарында Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (OSCE) Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо да оң бағасын берген.

– Елбасымыз рухани жаңғыру тарихымыздан бастау алатынын айтқаны мәлім. Яғни, мемлекет басшысы «ұлттық мәдени сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» атап өтті. Сондықтан ұлттық нақышта безендірілген қолөнер туындылары мен өлке тарихынан терең сыр шертетін музей экспозицияларын рухани-мәдени құндылық ретінде қастерлеуге  тиіспіз,  – деді шара барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

Астана қаласы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале