Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Армат Абылғалиев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Ғазиз Байтасов» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Ол – ведомстволық наградалар жүйесіндегі жаңадан тағайындалған осы медальды алған алғашқы әскери қызметші. Бұған дейін аталған награда ешкімге табысталмаған.
Марапатты әскери қызметшіге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов салтанатты жағдайда табыстап, оның батылдығы мен азаматтық жауапкершілігін жоғары бағалады.
Армат Абылғалиевтің бұл марапатқа ие болуына оның биылғы 26 тамызда көрсеткен ерлігі негіз болды. Сол күні үйінде демалып жатқан жауынгер көпқабатты үйдің кіреберісінен көмек сұраған дауысты естіген. Баспалдақ алаңына шыққан ол қорқып тұрған баланы кездестіріп, бесінші қабаттағы пәтерде өрт шыққанын және оның екі інісі үй ішінде қалып қойғанын біледі.
Қауіпті жағдайға қарамастан, ұландық жауынгер уақыт жоғалтпай, түтінге толған пәтерге кіріп, екі баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Одан кейін төтенше жағдайлар қызметіне хабар беріп, көршілердің барлығын көмекке шақырып, өртті сөндіруге кіріскен. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды толықтай ауыздықтады.
Армат Абылғалиевтің батыл әрі жедел әрекеті екі баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Қауіп-қатерге қарамастан, өзгенің өмірін құтқаруды бірінші орынға қойған сарбаздың ісі азаматтық жауапкершіліктің, қайсарлық пен адамгершіліктің жарқын үлгісіне айналды.