24.03.2023, 11:46
Оқылды: 171

Ұлылықтың тұтқасы - ұстаз

Өткен күн оралмайды. Есіме өткен күндер түссе жүрегім елжірейді. Мектеп, университет, өмір бәрі бір таусылмайтын тағдыр мектебі. Бұқар жақ бетте ұзын жолдың бойында Алғабас ауылы тұр. Кезінде облыс, ауданға аты мәлім «Қызыл-ту» колхозының орталығы. Біз Алғабас орта мектебін бітірдік. Мектептегі ұстаздарым ғажап жандареді. Әсіресе Сания апай Дүйсенбаева математиканы оқытты, тоқытты. Мінезі салмақты, білікті де білімі мұхит болатын. 

19df2f35-29ba-4f5b-9694-d21d76cc0e82

Жазуы қандай көркем еді. Күнделіктегі қол қою стилі өзгеше. Жадымда жатталып қалыпты. Тәрбие апай Ахметова физиканың қыр-сырын меңгертті. Мінезі мен өз-өзін ұстауынан үлгі-өнегенің шапағаты төгіліп тұратын. Асқар ағай Сұлтанов тұла бойы тұнып тұрған өлең. Ойлы, отты көздеріне қарай алмайтын едік. Өртеп жіберетіндей өткір болатын. Ұзақбай ағай Ботаниканың, Зоологияның түбін игеруге, білуге үйретті. Әсіресе есейіп, жігіт бола бастаған  шақта  ұлдарды ұялтып сөйлейтін. Сабаққа кешігіп кірсең болды, басымызды салбыратып, үніміз шықпай төмен қараушы едік. Тыныштыбай ағай Кәрімғалиев мінезі көркем, сабырлы да ұстамды өте білімді ұстаз. Қазір ұстаздарымыз бір-бір шаңырақтың бәйтерегі, сүйікті ата-әже боп ұрпағын тәрбилеп отыр.

Ерекше есте қалған ұстазымыздың бірі, бүгіндері жетпіске толып, ұл-қыз немерлері мен өзі тәрбиелеген шәкірттерінің ілтипатына бөленіп отырған Рысқаным апай Дәулетова. Әдебиет пен тілдің тамырын терең бағымдаған, оқушылардың бойына өлеңнің сыйқырын дарытқан ұстаз десем арттық болмас. Әлқисасын былай бастаған жөн болар:

Жанымды еліктірген дала, сағым,

Бар менің бала шағым, болашағым.

Сендермен таласпаймын, асқар шындар,

Сендерден әлденеше аласамын.

Армандай шақыратын қияларың,

Өмірде сендер менің қиял-әнім, - деп  Жайықтың көк қаршығасы Ақұштап ақын жырлағандай, менің де балалық шағым асқар шыңдай биік көрінуші еді. Енді,міне асқар шыңдар төбесінен келер ұрпаққа бағыт көрсетіп тұрған жәйім бар. Ұстаздарымыз құйған білімнің нұры өмірде адастырмады. Іздегенімізді тауып, өнегелі өмір өткелдерінен өтіп, біздерде бүгін ұрпақ тәрбиелеп ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып отырған жәйіміз бар. Өлең өмір жолындай бұралаң армандарды жалғайды. Бір үзік жырда бір ғасыр сыйып, қаншама тағдырлар өмірі тұр десеңізші.

 Иә, адамның аз ғұмыры бәрінен қымбат. Уақыт – тылсым күш. Ілескің-ақ келеді. Қалмасам, қамал алсам дейсің. Үмітің қамшылайды, ұмтыласың, қиналасың, уақыт  арманыңа жеткізсе сезбей қаласың. Бойыңдағы оттай рух өмірдегі мақсат биігіңе көтереді. Ел анасына айналған, аяулы ұстазымыз Рысханым апай Даулетова жетпістің жетегіне ілігіп, ұрпақтарының ортасында жайқалып отырған бәйтерекке айналды.

 Иә, Рысханым - дүбірілі дүниенің ырысын, бар байлығы мен қуанышқа бөлейтін игілік, мерей, бақ, берекесін бойына жинақтаған құдіретті есімдердің бірі. Біздің есімізде сақталып, өмірдегі ең қадыр тұтатын есімге айналды. Әлі есімде  1975-76 оқу жылының алғақшы мизам  шуақ күні, класқа жүзінен нұр төгілген жап-жас ұстаз кірді. Біз таңырқап, гу ете түстік. Бойын тіп-тік ұстаған сымбатты, орташа бойлы өзін «Рысханым Дәулетова апайларың боламын. А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің түлегімін, енді бүгіннен бастап, сіздердің класс жетекшілеріңмін» деп таныстырғанда сыңғырлаған дауысы батыл да өктем естілді. Сол жылдары жүзінен нұр тамған, албырт ұстазымыз бәрімізді үйіріп әкетті. Әсіресе, әлі есімде Қазақ әдебиеті сабағында елдің сүйікті ақындарына айналған Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергенов, Ақұштап Бақтыгерееваның өлең жырларын қанаттана оқыған сәттері күннің сәулесі төгілгендей әсерге бөледі. Өлең оқу, жеткізу интонациясы ерекше еді. Жырдағы алабұртқан екпін,  күркірей аққан өзен суының қарқыны, бірімен-бірі табысып, буырқана атқылаған сезімін үзуге, тоқтатуға, бөлу мүмкін емес еді.. Тамсана бергің келеді. Мен поэзияға сол күннен бастап, ынтық сүйіспеншілікпен қарайтын болдым. Әсіресе Төлеген Айбергенов ағамыздың  өлеңдерін оқығанда ерекше сезімге бөленетін.  Ұстазымыз  оқыған  жыр жолдары күні бүгінге дейін жүрегімде жатталып қалды. Жүрекке жыр жолдарын ұялатқан сіздің ұстаздық шеберлегіңіз дер едім.

  Мұғалім мамандық болса, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мəртебесіне   ұстаз деген есімге  лайық болғандар санатында Рысханым апайдың есімі әр оқушы жүрегіне жазылып қалды.

    Біз сіздің алғашқы ұстаздық қадамыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Алғабас орта мектебінде барлық саналы өміріңізді, бойыңыздағы біліміңізді жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнап, зейнеткерлікке шықтыңыз. Өмірдегі сіз салған сүрлеу жол  жаңа ғасырларда да жалғаса береді. Өмір жасыңыз ұзақ болсын! Өмір деген алып мұхитта еркін жүзе беріңіз. Жаратқан сізге, жанұяңызға, бала-шаға,немере-шөберелеріңізге қуат берсін! Аман болыңыз, ұлылықтың тұтқасы - ұлы ұстаз!

 

  Қойшыбай Есентаев,

     Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале