16.11.2021, 10:12
Оқылды: 242

«Үш қиянның» бір нұсқасының авторы - Махамбет

2018 жылғы ақпан айында «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында ұйымдастырылған Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылдық округіне іссапар кезінде бір қария: «Исатай бізге күйеу болып келеді. Өйткені оның бір әйелі Табынның кызы еді. Сондықтан Табын руының игі жақсылары осы жақта болған шайқаста мерт болған Исатай батырдың сүйегін жауға бермей, жерлеген екен» демесі бар ма.

7BD1D0C8-51C2-4FE8-B6C0-C5041FDD7807

– Нақты қай жерде екенін білесіз бе?! – деген сұраққа: «Ол кезде мен сегіз жасар баламын ғой. Есімде қалмапты, бірақ Исатай мерт болған соңғы шайқас қазіргі Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы аумағында болғаны және осы жерде жерлегені жөнінде көнекөз қариялардың сөзі есімде қалыпты», – деді. Мұндай тарихи дерек күнде құлаққа шалына бере ме, ел ішіндегі кейбір әңгіме-аңыздардың тектен-текке айтылмайтыны белгілі, осы деректі зерттеуге бел будым, іздене бастадым. Күндердің күнінде «іздегенге сұраған» дегендей, Дариға Мұштанова фэйсбуктегі парақшасында Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясының кейіпкері Нұрым жырлаған толғауды келтірді:

Биден пәтуа таба алмай,

Ханнан кегін ала алмай.

Ақ ордасын бұзып шаба алмай,

Тайманның батыр баласы.

Торы ат басы тауында

Сүйтіп бір

Міне,  уай,  сол заман

Қаза тауып, уай,

Қалған жер.

Осы жыр жолдары, бір қарағанда аңыз сияқты болғанымен, маған  бұл толғаудың түбінде бір ақиқат жатқандай көрінді. Ең маңыздысы - ауызша да, жазбаша да дерек көздері Исатай мерт болған соңғы шайқас Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау өңірінде болды дейді. Ал ресми тарихқа сай, ол шайқас Қиыл өзеніне кұятын Ақбұлақ өзені басында болған. Сонда бізді Сусанинше адастырған кім екен?! Олар Александр Рязанов пен оның картографы А.Извозчиков. Соңғысы А.Рязановтың мына дерегіне сүйенген болу керек: «Алға қойған жоспарын жүзеге асыру мақсатында Исатай 500 таңдаулы жігіттерімен шілде айының басында Қиыл өзенінен сұлтанның ставкасына қарай аттанады». [1] Расында, «Исатай Гекенің шыққанын естуден бұрын, Есімовтен бөлініп, тұтқиылдан барып тиісу үшін, Елек қалашығынан 60 верст қашықтықта Суықбұлақ өзені бойындағы сұлтан ставкасына қарай жөнелген еді. Ол бүгінгі Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы. Патша заманында Қарашығанақ болысы жерінде ағып жатқан Суықбұлақ өзені сағасына дәл келіп тұр. Бірақ картограф Извозчиков Шыңғырлау өзенінің қалтарысы Суықбұлақ пен Ақбұлақ атты қос өзенді ескермей, Қиыл өзені қалтарысы Қарағанды өзеніне құятын Суықбұлақ және Ақбұлақ атты қос өзенді алған. Сөйтіп, екі жерде орналасқан аттас қос өзенді шатастырып алған болса керек. Бірақ Александр Рязановтың беделі, оның туындысын сыни тұрғыда сараптауға жол бермеген болар. Ол да түсінікті, өйткені қит еткеннің бәрін құпия қылған заманда, қолға карта түсірудің өзі оңай шаруа емес еді. Сондықтан алдымен полковник Гекенің 1838 жылдың 13 шілдесінде Орынбор әскери-губернаторы Перовскийге жазған есебінің тұпнұсқа фотокөшірмесін алып зерттедім. Себебі барлық тарихи құжат пен ғылыми еңбектерде және өлкетанушылар жазбаларында, осы құжатқа сілтеме жасайды.

2019 жылғы қыркүйек айында Орал қаласында Исатай мен Махамбеттің ескерткіші ашылуына орай өткен салтанатты конференцияда баяндама жасадым. Сондай-ақ белгілі және тың деректі зерделеу нәтижелерінен тұратын «Ақбұлақ шайқасы: жаңа жорамалдар мен болжамдар» атты баяндамам сол жылғы  қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысында тындалды. [2]. Бұдан кейін ол 2019 жылғы желтоқсанда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарихшылары ұйымдастырған
Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы дөңгелек үстелде талқыланды. Осылайша, менің жорамал, болжамдарым ғылыми сараптамадан өтіп, тарихшы-ғалымдардың тарапынан қолдау тапты. 2020 жылғы қаңтар айында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми-практикалық конференциясына сырттай қатысып, «Тарихи жыр – маңызды дерек көзі /Ақбұлақ шайқасы мысалында/» атты мақалам электронды жинақта жарық көрді. Сонымен қатар «Үш қоңыр», «Орал өңірі» және «Серпер» газеттерінде жарияланды. [3]. Сондықтан Исатай-Махамбет бастаған көтерілісшілердің соңғы шайқасы Батыс Қазақ-стан облысының Шыңғырлау ауданындағы Ақбұлақ өзені бойында болғаны бұлтартпас дәлелдер арқылы жан-жақты дәлелденді деп есептеймін. Ғылыми тұрғыдан дәлелденген осы тарихи деректің маңыздылығы белгілі болса да, еленбей келген толғаудың авторын анықтауға жол ашады.

Енді Хамза Есенжановтың «Ақжайық»  трилогиясындағы: «Тайманның батыр баласы Торы ат басы тауында қаза тауып, қалған жер» деген толғаудың авторы кім? – деген сұраққа жауап іздейік. Ол үшін Махамбетке жүгінейік. Дауылпаз ақын Махамбет «сенімді серігі Исатайды, өлеңдеріне қосып, сөзбен бейнелеп, санамызға өшпестей етіп құйып кетті. Әсіресе, Исатай туралы «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың әр қадамы мен ой-арманы жан-жақты бейнеленген. Исатай батырдың да, батыр-билердің де тұлғасы шынайы сомдалып, азаттық күресі жолындағы әр қадамы әсерлі суреттелген. Осы жерде мынадай ой келеді: Исатайдың өзі түгілі, мінген атын - «Арғымаққа оқ тиді, Қыл мықынның түбінен. Ер жігітке оқ тиді, Ауыз омыртқаның түбінен» деп өлең-жыр өрнектеген Махамбет, қарым-қатынастары достық символына айналған, көшбасшы Исатайдың қаза тапқан, сүйегі қалған жерге келгенде ләм-мим деп ауыз ашпауы мүмкін бе? Жоқ, өйткені бұл ешқандай қисынға келмейді! Нонсенс! Өз басым Махамбеттің Исатайдай батыр серігінің сүйегі, дұшпандар тарапынан қорланбауы үшін, оның мәңгілік мекенін тура көрсетпей, өлең мәтініне тұспалдап жасырғанына сенімдімін. Сондықтан Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясындағы: «Тайманның батыр баласы Торы ат басы тауында қаза тауып, қалған жер» деген жыр жолдары – Махамбеттің тарихи толғауы, оның болашақ ұрпаққа арнаған аманатының бірі деп есептеймін. Дәлелдеп көрейін. Алдымен жырдың толық мәтінін оқиық:

Жайықтың бойы жайлы қиян,

Еділдің бойы елді қиян.

Маңғыстаудың бойы малды қиян –

Адыра қалғыр үш қиян!

Үш қиянның мына бойынан

Талай жұрт босып жол салған,

Көшудің жолын мол салған!

Түндігін түнде түсіріп,

Іңірде сүтін пісіріп,

Жас балаға ішіріп,

Түні бойы дүрлігіп,

Теңдеп буып мүлігін,

Төртке бөліп түлігін,

Таң ата иесіз жұрт қалған,

Өреде жайған құрт қалған

Қаңғыған  жалғыз  ит  қалған.

Жеті жұрттың кеткен жер,

Адыра қалсын неткен жер!

 

Ердің соңы Исатай,

Ерліктің туын тіккен жер.

Жауды басқа тепкен жер,

Махамбетін ертіп ап

Жәңгірге шеп құрған жер.

Жасқұстың арғы тұмсығы

Қамал етіп тұрған жер,

Уа, дүние-ай, қапыда

Санын батыр ұрған жер.

Ханнан бермен ығысып,

Шатыр тігіп жатқан жер.

Көпірі жоқ Ақ Жайық,

Атын жалдап өткен жер.

Мұз үстінде от жағып

Ала қыстай кезген жер.

Жылы төсек, ақ орда

Жар қойнынан безген жер,

Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қайғы татқан жер,

Өкінішке батқан жер,

Уа-а-а, батқан жер!

 

Семсерін сермеп айқайлап,

Бір жол жүзін кескен жер.

Көк сүңгісін оң сілтеп,

Жау кеудесін тескен жер.

Ақ табан ақ жануар

Сүрінбес тұяқ бола ма,

Қапыда орға түскен жер.

Биден пәтуа таба алмай,

Ханнан кегін ала алмай.

Ақ ордасын бұзып шаба алмай,

Тайманның батыр баласы.

Торы ат басы тауында

Сүйтіп бір

Міне, уай, сол заман

Қаза тауып, уай,

Қалған жер.

Осы тарихи толғауды «Үш қиян» деп атауға, оның алғашқы шумағы сұранып тұр. [4].

Жайықтың бойы жайлы қиян,

Еділдің бойы елді қиян.

Маңғыстаудың бойы малды қиян –

Адыра қалғыр үш қиян!

Олай болса, «Үш қиянның» осы нұсқасының авторы Махамбет екенін одан әрі дәлелдейік. «Үш қиянның» бұл нұсқасы – Махамбеттен қалған мұра және ол Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» атты тарихи жырынан өзгеше. Расында, бұл – азаттық жолындағы күрестің тарихнамасы, ұлы жорықтың шежіресі. Тарихи толғауда көтерілістің мақсаты, ерлік рухы, азаттықты аңсаған ел арманы, ел тағдырын өз тағдыры санаған Исатайдың болмысы жан-жақты сипатталған. Алдымен, осы толғауда Махамбетке  тән жауынгерлік стиль анық байқалып тұр. Мысалы:

Ердің соңы Исатай,

Ерліктің туын тіккен жер.

Жауды басқа тепкен жер.

Ханнан бермен ығысып,

Шатыр тігіп жатқан жер – деуі арқылы Исатай бастаған көтеріліс – Сырым  Датұлы көтерілісінің заңды жалғасы екенін тайға таңба басқандай атап отыр. Себебі ол шақта шатыр тігу түгілі, жан сақтау уайым болғаны жөнінде Ығылман Шөрекұлы өз дастанында былай суреттейді:

Исатай мен Махамбет

Жаудан аман құтылып,

Қалмаған қолда тұтылып.

Ішкі ордаға сыйғызбай,

Тарылды дүние қысылып,

Исатайлық болғандар

Таланды қолға тұтылып.

Ақырда қалған қырық кісі

Жұлдыз жедді туғанша

Тар қоныста жан сақтап,

Алдырмай жүрді күтініп.

Құралайдың күнінде

Жайықтан жарып бері өтіп,

Алды-артында қамаудан

Аман да кетті сытылып».

Сондықтан «Шатыр тігіп жатқан жер» деп Махамбет 1796 жылдың 2 мамыр күні Сырым Датұлының талабы бойынша Жайықтың сол жағалауында Ресей муфтийі Мұхамеджан Хусаинов арнайы тіккен шатыр туралы айтып отыр. Келіссөз аяқталған соң, Сырым Датов сол шатырды өзіне қалдырып, қайтармай қояды. Ел аузында да, ресми құжатта да ол жер 1917 жылға дейін «Шатыр тіккен жер» аталып келген. Осының өзі тарихи жырдың авторы Махамбет – өз заманының көрнекті ойшылы болғанын көрсетеді. Ол жөнінде орыс саяхатшысы, жазушы, дипломат, шығыстанушы, Санкт-Петербор Ғылым академиясының құрметті мүшесі, әдеби қордың алғашқы төрағасы Егор Петрович Ковалевский Махамбетпен кездескеннен кейін былай мінездеме береді: «В это тяжелое время Ковалевский встретил в аулах казаха, «чрезвычайно замечательного в кругу своего народа». Это был выдающийся казахский поэт XIX в. Махамбет Утемисов, который вместе с Исатаем Таймановым руководил восстанием казахов в 1836-1837 гг. против хана Букеевской орды Джангира. Ковалевский писал, что во время короткой беседы Утемисов обнаружил весь свой ум и красноречие. Он приводил для своих доводов подлинные «тексты Корана и толковал их не теми софизмами и общими местами, которые избиты в медресе Бухары и Самарканда, но сообразно собственным понятиям, высказывавшим глубокое изучение предмета. . .». [5].

3D8A5889-DF37-44B5-B3A1-A723255E243A

«Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» мен «Үш қиян» толғауын салыстырсақ, екі толғауда да Махамбеттің сөз саптауы анық байқалады. Мысалы: «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» атты толғауында Махамбет ақын: «Исатайдың барында, Шабытымыз келгенде, «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» десе, «Үш қиян» толғауында Исатайдан айырылғанын: «Қара қазан, сары бала қамы үшін қайғы татқан жер» деп естіртіп, өкініші мен қайғысын жасырмайды.

Келесі, «Биден пәтуа таба алмай,

Ханнан кегін ала алмай

Ақ ордасын бұзып шаба алмай», – деп Исатай туралы айтса, «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» атты жырында: «Ханнан кегім ала алмай» деп, Махамбет өзін меңзеп Исатайдың қасында болғанын айтады. Сол жырында Махамбет:

«Ханның кірген ақ орда,

Бұзуын ойлап кеңестік» – десе, «Үш қиян» толғауында, «Ақ ордасын бұзып шаба алмай» – деп, сол мақсатқа жете алмай кеткендерін мойындайды. Осы жолдардың өзі екі туындының да авторы Махамбет екенін  дәлелдей түседі.

«Үш қиян» авторы Махамбет екенін, әсіресе, толғаудағы қару-жараққа қатысты – «ерліктің туы», «семсер», «ақ болат», «семсерін сермеп», «көк сүңгі» сынды тіркестері мен:

Семсерін  сермеп  айқайлап,

Бір жол жүзін кескен жер.

Көк сүңгісін оң сілтеп,

Жау кеудесін тескен жер - деген Махамбетке тән жауынгерлік ділі мен рухты тілі айдан анық көрсетіп тұр. Міне, әдебиеттану ілімінің заңдылықтарына сүйенсек, аталған жыр жолдарындағы ортақ ерекшеліктер – күрес, тартысқа қатысты етістік, зат есімдер, өзіндік сөз өрнектері бұлардың бәрінің авторы бір адам – Махамбет Өтемісұлы екенін дәлелдейді. «Үш қиян» толғаудың  авторы – Махамбет:

Ақ табан ақ жануар

Сүрінбес тұяқ бола ма,

Қапыда орға түскен жер, – деп, Исатайдың астында төл аты, атақты Ақтабан торы аты болғанын тайға таңба басқандай етіп, бізге куәгер ретінде естелік қалдырып отыр. Соңда «Арғымаққа оқ тиді Қыл мықынның түбінен» деген өлеңіне қарама-қайшы деп ойлауымыз мүмкін ғой. Бұл жерде Махамбеттің бойында ақын, ойшыл талантымен қатар, қазақ халқының болмысына терең бойлаған, сұңғыла психолог таланты жарқ ете көрініп тұр. Расында, «Сүрінбес тұяқ бола ма» деп баяндау арқылы, болашақтың алдында көшбасшы Исатай батыр-ды бірауыз сөзбен осылай ақтап, қорғап қалды.

Ал «скачущего на рыжей лошади Исатая Тайманова» деген дерекке сүйеніп, кейін-гі зерттеуші ғалымдар оны «Жирен» деп аударған. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бірақ Исатай Таймановтың жирен аты болғаны жөнінде ешбір дерек кездеспейді. Ол туралы Ығылман Шөрекұлы «Исатай-Махамбет» атты дастанында Исатай батырға сыйланған аттардың түсін түстегенде, былай дейді: [6]

Аттанарда коштасып,

Шығанақ батыр жостасып,

Исатайға қосарға

Ат беруге ойлады.

Жанына шыбын теңеген,

Жамандық жері тап келсе,

Жауға тастар демеген.

Шабағаншыл торы атты

Тарту қылып батырға,

Тек достықпен қоймады.

Содан кейін:

Сәмембеттен шыққансың

Торы атқа ерін салдырып,

Төл атын алды жетелеп.

Арыған екен Ақтабан

Көптен бір мінген төпе-леп - дей келе, тағы бір атты сыйламақшы болған қолы мырза батыр Бабат туралы:

Тұрмастан бұрын осылар

Жылқыдан бір ат алдырып,

Белдеуге қойған байланып.

Аттың түсі қан-жирен,

Айт пен тойда шабылып,

Жол бермеген бәйге алып.

Сол жылы жазға ұсталмай,

Қалған екен майланып.

Батырға Бабат тағы айтты:

– Алсаң бізден – қолың бос,

Керекті затты ойланып. –

- Рақмет! – деп, қоштасып,

Тайсойғанды маңдайлап,

Жүріп те кетті сайланып.

Қан жирен атты Исатай батыр алмағанға ұқсайды. Қалай болғанда да соңғы шайқасына аттанбас бұрын біраз шаруа тындырып, екі елді бітімге келтірген соң ғана Исатай батыр:

Әсеттің айы туғанда,

Үш мыңдай кісі қол болып,

Бір алты күн жол қонып,

Қиылдан әскер төгілді.

Зардабынан әскердің

Қара қалмай сөгілді.

Он екінші әсетте

Алдында әскер қол бар деп,

Кейінге әскер шегінді.

Қиылда  жатып  баршы  алып,

Өткізбек болды со күнді...

Сөйтіп, соңғы шайқасына аттанған Исатай батыр:

Салығын тастап бұл жерге,

Баршыға батыр жөнелді,

Бір жүздей кісі қасқа алып,

Жау болар демей жасқанып.

Төл атын қолда қалдырып,

Құдайберген батырдың

Күрен атын мінеді

Тамырлықпенен босқа алып.

Міне, Ығылман Шөрекұлы «Исатай-Махамбет» атты дастанында, Исатай батыр «Он екінші әсетте» соңғы шайқасқа аттанған сәтте «Құдайберген батырдың, Күрең атын мінеді» деп анық көрсете келе, күрең аттың  тағдыры жөнінде былай дейді:

«Жортуылға мінем деп,

Таңдап алған жүйріктер

Бір кісіге жетпеген,

Жолын тәңірі етпеген, -

О да бір қырсық сүрең-ді.

– Жетпедің, – деп, – қашқанға, –

Басқа-көзге сабалап,

Ат та болса табалап,

Қинады батыр күреңді» .

Сөйтіп, Исатай батыр қайтадан өзінің ақтабан торы атына мінсе керек. Оған қосымша дәлел Никита Савичевтің: «Дорогой конь его был подстрелян казаком и стал скоро ослабевать» деген дерегіне көңіл аударсақ, әрине Исатайға құнды да асыл ол өзінің ақтабан торы аты еке-ні белгілі, дау тудырмайтын факт. Полковник Гекенің 1838 жылғы 13 шілдесінде жазған рапортында, Исатай-Махамбеттің замандасы Ники-та Савичевтың мақаласында, 1928 жылы шыққан А. Рязановтың зерттеуінде және 1949 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» I томында да Исатай мінген аттың түсі туралы айтылмайды. Бізді осы жолы адастырған В. Шахматов болуы мүмкін, Ол 1946 жылы «Внутренняя орда и восстание Исатая Тайманова» атты еңбегінде: «Во время погони Балта показал скачущего на рыжей лошади Исатая Тайманова» – деген екен.[7] Сондықтан барлық қарама-қайшылық түйіні осылайша тарқатылған соң, «Үш қиян» атты тарихи толғаудың авторы Махамбет деуге болады.

1974 жылы тарихшы ғалым Исатай Кенжалиев «Арыстан еді Исатай» атты мақаласында ел аузынан Махамбеттің бұрын жарияланбаған, Ақтөбе облысының оңтүстігінде Атай мен Матай деген екі таудың ішінде қашып жүріп айтқан «Уа, күндер-ай» деген толғауын жазып алғанын айтады. [8]. Сол толғаудың бір жерінде Махамбет 1838 жылғы соғысты қысқаша баяндай келіп, мынадай шумақтарды айтқан.

Уа - заман-ай,

Сай құралдың жоғынан,

Жауыз жаудың оғынан

Есіл ер өмір тапсырды-ай,

Тап қырық бір жасында-ай,

Қапыда өткен дүние-ай!

Бір арманым сол болды –

Асыл тәні ерімнің

Қалмады-ау баба қасында-ай!

Осы шумақтың желісі мен «Уа-заман-ай!», «Дүние-ай!» сөздері де Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясындағы толғаудың жалғасы екенін, Махамбеттің жыры екенін дәлелдей түседі. Махамбеттің белгілі жырларда жиі кездесетін «Дүние-ай» сөзі осы зерттеуге арқау болған толғауда да қайталанады. Бұл сөз Исатай Кенжалиев тапқан толғауда да кездеседі. Мысалы, «Бір кем дүние-ай» дегенді оқығанда, біз міндетті түрде Шерхан Мұртазаның қолтаңбасын танысақ, «Дүние-ай» сөзі мен әсіресе,  «Қапыда өткен дүние-ай!» дегенде Махамбетті тануымыз керек. Осы қағидамен «Дүние-ай», «Қапыда өткен дүние-ай» сөзі бар үзінді шумақтарды топтастырсақ, Махамбет жазған «Үш қиян» толғауының толық нұсқасы шығып қалар. Әрине, ол  әдебиеттанушылар мен филологтардың еншісіндегі іс. Біз бағыт-бағдар сілтеушіміз. Дегенмен де талдап көрейік. Мысалы: «Әй, Махамбет, жолдасым» атты жырында «Қапыда өткен дүние-ай» жолдары екі рет кездеседі.

Қош, аман бол, жолдасым,

Бұ дүниенің жүзінде,

Осы болар сені көргенім.

Қапыда өткен дүние-ай – деп қоштасқан соң, Исатай өсиет айтары хақ. Оның бір үзіндісі былай өрбиді:

Арманда өтіп кетті деп,

Олардың кегін алуға,

Кезек бізге жетті деп,

Қиналар ма екен біздерге,

Мың рақмет сіздерге,

Қапыда өткен дүние-ай» - деп, артында қалған елге, арманын айтып, аманат сәлемін жолдайды. Сондықтан «Әй, Махамбет, жолдасым» атты жыр Махамбетке теліп отырған «Үш қиян» нұсқасының бірінші бөлімі деуге болады. Жоғарыда «бұл толғау – азаттық жолындағы күрестің тарихнамасы, ұлы жорықтың шежіресі» деген пікірім ақиқи болса, ол міндетті түрде көтерілістің бірінші кезеңі-
нің қорытындысымен басталу керек еді. Осы жерде Махамбеттің творчестволық шеберлігі жаңа қырынан көрініс табады. Себебі шиеленістің бастауы, барысы, нәтижесі және алда тұрған мақсаты мен болашақ ұрпаққа өсиеті қөшбасшы Исатай атынан баяндауы - драматургиялық шеберліктің шыңы дер едім. Олай болса, көтерілістің екінші кезеңін толғау үшін келесі сөз Махамбетке өту керек. Сондықтан екі ортаны байланыстыру мақсатында Жайықтың сол жақ бетіне өткен Исатай болып, былай өсиет айтады:

Осы жақта мен өліп,

Артымда тірі сен қалсаң,

Жаңа өспірім Жақияны,

Жолдасым, саған тапсырдым! - деп Махамбетке жаудың қолында қалған Жақияны аманат ету арқылы, қазақ болашағын аманат етеді. Олай деуге дәлел сөз: «жаңа өспірім» сөзі. «ұлым» немесе басқа да балама сөз орнына «жаңа өспірім» сөздің артында қазақтың сары баласының болашақ тағдыры тұр. Сөйтіп, енді толғаудың екінші бөлімінде сөз туын Махамбет көтеріп алуы – драматургияның заңдылығы.

Айдай анық факт, «Үш қиян» атты толғаудың алғашқы нұсқасының авторы – Махамбет. Махамбет бірінші болып Үш қиянға, яғни Жайық, Еділ және Маңғыстау бойына: «жайлы қиян», «елді қиян», «малды  қиян» деп сипаттама берсе, Мұрат Мөңкеұлының «майлы қиян», «қанды  қиян» және «шаңды  қиян», «адыра қалғыр үш қиян» деген сөздері – ел ішінде  қалыптасқан қал-жағдайдан хабар беріп, болашаққа алаңы, соққан дабылы. Осы зерттеуіме арқау болған толғауды болашаққа аманат еткен Хамза Есенжановқа мың да бір алғыс! Сайып келгенде, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы «Үш қиян» толғауының авторы Махамбет Өтемісұлы деп есептеймін. Дегенмен  бұл толғау, алдымен ғылыми сараптамадан өтіп, ғалым ортасында қолдауын табу қажет. Сонда ғана Махамбеттің «Үш қиян» атты тарихи толғауын насихаттауға жол ашылары сөзсіз. Осы пікір тарих және филолог ғалымдарының қолдауын тапса ғана тарих майталманы Исатай Кенжалиевтың «Ал Исатай бейіті туралы әңгімеге оралсақ, бізге сол бейітпен қатар шайқастың қай жерде басталып, қайда аяқталғаны қажет» деген аманаты да орындалар еді. Тәуелсіз елдің тарих ғылымының алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі де бірегейі осы деп ойлаймын! Кезінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетов «Исатай батыр бейіті: аңыз бен ақиқат» атты мақаласында: «Мәңгүрттіктен арылатын уақыт жетті. Бостандық жолында өмірін қиған Исатай бабамыздың бейітін анықтап, басына тағзым ету – бүгінгі  ұрпақтың парызы екендігін еске салған артық болмас», –
деген еді. [9]. Әрине, бүгін менің қолымда Исатай батыр жерленген жер туралы да болжау бар, бірақ ол  келесі мақала және экспедиция еншісінде. Мен әуелі, Ақбұлақ шайқасы қай жерде болғанын анықтап  алып, тарихшы ғалымдардың қолдауын таптым. Бұл – бір. Екіншіден, осы «Үш қиян» атты тарихи толғаудың авторы Махамбет Өтемісұлы деп бекітуіміз қажет.

Жоғарыда «Үш қиянның» бұл нұсқасы – Махамбеттен қалған мұра және ол Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» атты тарихи жырынан өзгеше» – деу арқылы келесі мәселені талқылап, сараптауға жол ашқым келген еді. Себебі «бәрін айт та бірін айт» дегендей, бізге Махамбеттің жалынды жырлары Мұрат Мөңкеұлы мен Ығылман Шөрекұлы арқылы жеткені белгілі. Сондықтан «Үш қиянның» бір нұсқасының авторы – Махамбет Өтемісұлы /Ақбұлақ шайқасы мысалында/ деп дәлелдеу үшін біз талқылап отырған тарихи толғаудың, ең болмаса, бір шумағы Мұрат Мөңкеұлының мол әдеби мұрасынан көпке дейін табылмауы мені қатты қинады. Табылмаса, жоғарыда айтылған дәлелдің бәрі бос сөз болып қалар еді. Себебі  күллі қазақ түгілі, бір қазақты сендіру мүмкін болмас еді. Расында, ол мүмкін емес дүние. Ең болмаса, бір шумағы болса ғана әңгімеміз тұшымды болары сөзсіз. Сөйтіп жүргенде, бір күні Бауыржан Омаров өзі құрастырған жинақта Мұрат Мөңкеұлының «Үш киян» негізгі вариантын бере келе, біз зерттеп, талдап отырған тарихи толғаудың тең жартысы «Үш қиян» (екінші варианты) деген айдармен берген толғаудан табылды-ау. [10]. Дегенмен де, «Ақтабанның сүрінгені және Тайманның батыр баласы, Торы ат басы тауында, Қаза тауып қалған жер» деген шумақтары жоқ болып шықты. Оның себебін әлі де зерделеу қажет. Бұл жерде табылған деректің құндылығы біз үшін аса ерекше. Себебі сараптап отырған «Үш қиян» атты тарихи толғаудың өміршендігі екі дерек қайнарымен дәлелденіп отыр. Олар жоғарыда аталған Хамза Есенжанов пен Бауыржан Омаровтың еңбектері. Ал үшіншісі – Исатай Кенжалиевтің «Ақыл ғой, шешен бабаларымыз» атты жинағында жарияланған «Нұрым ақынның Исатай-Махамбетті жоқтап айтқаны» деген толғауы. [11]. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы толғауға Махамбеттің бір өлеңі қоса берілген екен. Басқа  да айырмашылығы бар. Мысалы: «мүлігін» сөзі «мүлкін», «иесіз» «есі», «жалғыз» «қансыз», «Махамбетті ертіп ап» - «Махамбет пен Исатай», «шеп» – «септі», «саның» - «соныңды», «бермен» – «бері» «татқан» - «шеккен», «етіп» – «құрып», «сүрінбес» – «сүрінбей», «таба алмай» – «ала алмай» және «Торы ат басы тауында» сөзі – «Төрт отбасы тауында» деп берілген. «Төрт отбасы тауы» атты тау жоқ екені – даусыз факт. Сонымен қатар  «Ақ Жайық» романында жоқ «Қабыршақты, Қара су (Казталовка), Үйрек пен қазын атқан жер» мен «Бөкендей желіп ескен жер» және «Атадан туған аруақты ер, Жауды көрсе жапырар. Ойдан бір соққан дауылдай, Жамандарға қарасаң, Малын көреді жанындай. Жүйрік аттың белгісі, Тұрады құйрық жалындай. Айтып, айтпай немене? Халық тегіс қозғалса, Тұрмайды хан да тағында-ай» деген сөздер мен шумақ қосылған. «Бір жол жүзін кескен жер, Көк сүңгісін оң сілтеп» деген жері керісінше - «Біржола жүзіп, оң сілтеп» деп қысқарып қалған. Себебін анықтау мүмкін болмады, өйткені толғауды қай дерек көзінен алынғаны жөнінде жинақта көрсетілмеген. Аталмыш толғау Нұрым жыраудың еңбектері жинағында да ұшыраспайды.

Сондықтан барлық факті мен талдау нәтижесі Хамза Есенжановтың "Ақ Жайық" трилогиясында жарияланған "Үш қиян" атты тарихи толғаудың авторы Махамбет Өтемісұлы екені жайлы дәл-дәйекті болжам жасауға жол ашты. Бұл отандық тарихта тұңғыш рет жарияланып отыр.

Нұржан Төлепов,

Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале