29.01.2024, 12:45
Оқылды: 143

Үстел теннисінен Орал қаласының ашық чемпионаты мәреге жетті

Жуырда «Орал» спорт клубында үстел теннисінен ерлер мен әйелдер арасында Орал қаласының ашық чемпионаты өтті. Оған Ресей Федерациясы, Мәскеу, Астана, Атырау қалалары, облыс аудандары және Орал қаласынан келген 16 команда қатысты. 200-ден астам ракетка шеберінің басын қосқан жарыс тартысқа толы болды. Жарыс ұйымдастырушылары бұл чемпионат бір жағынан бәсеке болса, екінші жағынан жергілікті теннисшілердің тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдауға берілетін тамаша мүмкіндік екенін айтты.

теннис турнир (1)

Көрші елдер мен өңірдің үздік спортшыларының басын қосқан үстел теннисі бәсекесінің ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Т.Каюпов, БҚО мәслихатының төрағасы, БҚО үстел теннисі федерациясының Президенті М.Мұқаев, БҚО мәслихат депутаты Т.Тілемісов, С.Идиатов, спорт ардагері Р.Истаев, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Исанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

теннис турнир (2)

            Бірнеше жас ерекшелігі бойынша өткен жарыс қорытындысында 15-39 жас аралығындағы әйел теннисшілер бәсекесінде Бәйтерек ауданының өкілі Бекжаным Турашева жеңімпаз атанса, оралдық Айя Горяйнова екінші, тағы оралдық спортшы Айзия Мырзағалиева үшінші орын иеленді. Ал 40 жастан асқан бұрымдылар сынын Бәйтерек ауданынан келген Гүлжауар Акишева жеңіп алса, оралдық Татьяна Тюрина екінші, Бөрлі ауданының намысын қорғаған Салтанат Тапалова үшінші орынды қанағат тұтты.

теннис турнир (3)

Ал 18-29 аралығындағы ерлер бәсекесінде оралдық Әйбек Амангелдиевке тең келер теннисші болмаса, Жәнібек ауданының спортшысы Бауыржан Мырзағалиев екінші, бөрлілік Мерлан Нұржанғалиев үшінші орынға табан тіреді. 30-39 жас аралығындағы ерлер сынын тағы бір жәнібектік споршы Әскер Абдолов жеңіп алса, одан кейінгі орындағыларға оның жерлесі Медет Мұқанов пен оралдық Асылбек Нәбиев жайғасты. Сонымен қатар 40-49 жастағы теннисшілер де кім мықтыны анықтады. Бұл сында Атыраудан келген Роман Шушаков қарсылас шыдатпаса, күміс медальді оның жерлесі Алпамыс Аманжолов, қола жүлдені жәнібектік Айдос Нұрбаев қанжығалады. Ал 50-59 жас аралығындағы теннисшілер сынында ресейлік Анатолий Зыбин бірінші, оралдық Бейбіт Ыхласов екінші, атыраулық Нұрлан Хайрушев үшін орын иегері атанды.

Байрақты бәсекеде егде жастағы теннисшілер де бой көрсетті. 60-69 жас аралығындағы ракетка шеберлерінің бәсекесін оралдық Геннадий Султанов жеңіп алды. Одан кейінгі орындарға атыраулық Ильяс Қалмұрзиев пен оралдық Ғарифолла Кенжеғұлов жайғасты. 70 жастан асқан теннисшілер бәсекесіне Орал қаласы атынан сынға түскен Мұрат Есқалиев жеңіп алды. Бұл жарыста жеңіс тұғырын толықтай оралдық спортшылар құрады. Екінші орынға Кенжеғали Әбілхаиров, үшінші орынға Еркін Темірғалиев тұрақтады.

            Ал абсолюттік категорияда ресейлік Анатолий Зыбин қарсылас шыдатпай жеңімпаз атанса, атыраулық Роман Шушаков екінші, тағы бір атыраулық споршы Нұрлан Хайрушев үшінші орын иегері атанды.

Барлық жеңімпаз бен жүлдегер Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Орал» спорт клубы атынан кубок, диплом, медальдар және де демеушілер атынан берілген қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале