6.06.2023, 10:13
Оқылды: 61

Велосипедтер мен самокаттар

Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай өткен аптада балабақша бүлдіршіндері арасында «Ойнайық та, ойлайық!» атты байқау өтті. Облыстық  мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған аталмыш додада өзге ұлт өкілдері болып табылатын балдырғандар бақ сынады.

балалар

Байқау «Таныстыру», «Жырлаймын Отанымды!» (мәнерлеп оқу), «Кел, санамақ санайық!» және «Суреттер сөйлейді» (сөйлем құрау) бағыттары бойынша өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, этностар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттыру. Додаға Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала аудандары мен Ақсай, Орал қалаларынан 15 бүлдіршін қатысып, өнерлерін ортаға салды.

– Сәбидің шат күлкісін көру – әр ата-ананың бақыты, арманы. Бүгінгі бүлдіршіндер – біздің ертеңгі болашағымыз. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балдырғандардың қарым-қабілетін танытып, тәрбиешілердің еңбегін көрсететін керемет іс-шара ұйымдастырылып отыр. «Ойнайық та, ойлайық!» байқауында ешкім жеңілмейді, бәріңіз де жеңімпазсыңдар, айналайындар!  Болашақта оқуда озат болыңдар. Бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар! – деді байқаудың ашылуында ардагер ұстаз, ақын Үзілдік Елеубайқызы.

Өнер додасында бірінші орын өлеңді мәнерлеп оқуымен ерекшеленіп, ерекше санамақ түрін айтқаны үшін Хамза  Гирныйға берілді. Ал екінші орынды Дина Колябина мен Дмитрий Хивенцев өзара бөлісті. Үшінші орын Ульяна Габрилинаға, Матвей Шлыков пен Медина Өзбековаға бұйырды. Бір қуантарлығы, байқаудың барлық қатысушылары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Нақтырақ айтсақ, жүлдегерлерге алғысхат пен велосипедтер табысталса, байқауға қатысушыларға самокаттар берілді.

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале