30.01.2023, 12:19
Оқылды: 186

Волейболдан әскери қызметшілер арасында жарыс аяқталды

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында волейболдан жарыс өтті. «Динамо» спорт қоғамы және Орал қаласының дене шынықтыру спорт бөлімінің қолдауымен өткізілген спорттық бәсекеде Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал гарнизондарынан келген жеті команда – барлығы 70-ге тарта спортшы бақ сынады.

IMG-20230130-WA0053

Спорттық жарыстың ашылу салтанатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Нариман Акбаров сөз сөйлеп, әскери қызметшілердің арасында спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап көрсетті.

IMG-20230130-WA0051

Ойын алаңына алғашқылардың бірі болып, Орал қаласының 5517 әскери бөлімінің командасымен Жаңаөзен қаласының 5548 әскери бөлімінің волейболшылары шықты. Алғашқы минуттарда Орал қаласының командасы шабуылдарын үдетіп жойқын соққылар жасап, есепті еселеп алды. Деседе Жаңаөзендіктер де қарап қалмады, ойын тізгінін өз иеліктеріне алған олар қарсылас команданың қателіктерін ұтымды пайдаланып есепті теңестіре білді. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда қос команданың ойыншылары барларын салып ойнады. Алайда шапшаң қимылдаған Орал командасының айы оңынан туып жеңіске жетті.

Өткізілген жарысқа қатысушылар бар шеберліктерін көрсетіп, өз командасы үшін аянып қалмады. Жалпы жарыс 3 күнге созылды. Тартысты өткен жарыстың қортындысы бойынша Орал қаласының 5517 әскери бөлімінің командасы бірінші орынға қол жеткізсе, екінші орынды Ақтөбе қаласынан келген 6655 әскери бөлімінің ойыншылыры иеленді, ал үшінші орынды Атырау қаласының 5546 әскери бөлімінің  командасы қанағат тұтты. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Волейбол жарысынан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының біріншілігі соңғы 15 жылда бірінші рет өткізілуде. Ойыншылардың аяқ алысы жаман емес, барлық командылардың жарысқа жақсылап дайындалып келгені көрініп тұр. Спорттық бәсеке болғаннан кейін жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Осы жарыста Орал қаласының 5517 әскери бөлімінің командасы жүзден жүйрік шығып жеңіске жетіп отыр. Ендігі кезекте жеңіске жеткен команда  ақпан айында өтетін Ұлттық ұлан біріншілігіне қатысатын болады деді, - «Батыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бастығы подполковник Бахтияр Қалдыбеков.

IMG-20230130-WA0052

Сонымен қатар қатысушылар арасында келесідей номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:

«Үздік ойыншы» номинациясына 6655 әскери бөлім командасының ойыншысы қатардағы Ералыұлы Ерболат Ақтөбе қаласы, «Үздік тосқауылшы» номинациясына 5546 әскери бөлім командасының ойыншысы  аға сержант  Нарходжаев Ихтиер Атырау қаласы, «Үздік шабуылшы» номинациясына 5517 әскери бөлім командасының ойыншысы  лейтенант Танжарбай Жасұлан Орал қаласы, «Үздік байланыстырушы» номинациясына 6656 әскери бөлім командасының ойыншысы Оңалбаев Рафхад қол жеткізді.

IMG-20230130-WA0054

Волейбол – ептілік пен шапшаңдықты талап ететін ойын түрі болып табылады. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскерінде осы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Осы жарыста жеңіске жеткен 5517 әскери бөлімінің ойыншылары ақпан айында өтетін Ұлттық ұлан біріншілігінде «Батыс» өңірлік қолбасшылықтың атынан сынға түсіп, Батыс өңірінің намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік волейболдан Ұлттық ұлан біріншілігі Орал қаласында  ақпан айының 20-23 күндері өтеді. Аталмыш жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен жеті команда қатысады деп жоспарлануда.

Ертуған Әубакир,

капитан

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале