21.06.2023, 9:45
Оқылды: 284

Халықаралық волонтерлер форумы: БҚО-дан бес делегат қатысып жатыр

Елімізде 20-21 маусым күндері Халықаралық волонтерлер форумы өтуде. Осыған дейін жазғанымыздай, форумға 34 елден 40 спикер қатысып жатыр.

931E8842-1170-4BFB-90E6-5C2C57417BAA

«Форумның мақсаты – волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту, волонтерлік қызметтегі қазақстандық тәжірибені таныстыру және елдің халықаралық сахнадағы жағымды имиджін қалыптастыру, сонымен қоса волонтерлердің статусын арттыру, ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді нығайту», - деп мәлімдеді бас ұйымдастырушы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Форум аясында екі күн бойы волонтерлердің қызметіне қатысты түрлі сала талқылануда.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік волонтерлік және инклюзия», «Білім беру мен цифрландырудағы волонтерлік бастамалар», «Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлік үлесінің құндылығы мен маңыздылығы», «Жасыл із: волонтерлердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі» және басқа сессиялық алаңдар ұйымдастырылуда.

Форумға еліміздің барлық өңірінен делегаттар, жалпы 400-ден астам адам жиналған.

30-дан астам елден және Қазақстанның барлық аймағынан жиналған үздік еріктілердің өзара тәжірибе алмасатын ірі диалог алаңына Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысуда.

Олардың қатарында «Birgemiz» республикалық фронт-офисінің БҚО бойынша үйлестірушісі Нұрсұлтан Садиков, Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аманғали Байғали, белсенді волонтер Сымбат Игизғали, «Қазақстан студенттерінің Альянсы» БҚО филиалының жетекшісі Тасболат Серікқалиев, «Ақжайық жастары» волонтерлік корпусының мүшесі Нұржанар Мағзом бар.

«Форумға Қазақстанның әр аумағынан жиылған үздік волонтерлер мен әлем елдерінен келген волонтерлер, спикерлер қатысып жатыр. Бүгін форумға Мемлекет басшысының өзі қатысады деп жоспарлануда. Алғашқы күні әртүрлі тақырыптар қозғалған сессиялар өтті, соңы бір сағат көлемінде ашық микрофонмен жалғасты, волонтерлер пікір алмасты. БҚО-дан келген делегация құрамында өңірдегі үздік волонтерлер жиналған», - дейді «Birgemiz» республикалық фронт-офисінің БҚО бойынша үйлестірушісі Нұрсұлтан Абайұлы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған форумға қатысады.

Гүлмира Сарсенғали

zhаikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале