Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Министр Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында медициналық көмекке қол жеткізудегі теңсіздікті төмендету, оның сапасын арттыру, интеграцияланған тәсіл мен цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі шаралар көзделгенін атап өтті. «Жүзеге асырылып жатқан жүйелі шаралар мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мүгедектік пен өлімді азайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде республикада ауытқуларды ерте анықтау үшін скринингтің 6 түрі, оның ішінде 3–і перзентханаларда жүргізіледі.
Аудиологиялық скрининг нәтижелері бойынша есту қабілеті толық жоғалған 523 балаға құны 6,5 млн теңгеге жуық есту импланттары орнатылды.
Офтальмоскрининг қорытындысы бойынша көздің патологиясы анықталған 721 шала туған нәрестеге уақтылы емдеу жүргізіліп, олардың көру қабілеті сақталды.