27.08.2022, 9:00
Оқылды: 125

Халықтық «Ақжайық» би ансамбліне – 45 жыл

Ақ Жайық  өңірі  –  тарихы тереңнен  сыр шертетін, қайталанбас мол  мұрасы бар, сан қырлы өнерлерді  тоғыстырған киелі өлке. 

би

 

Облысымыздың мақтанышына айналған халықтық «Ақжайық» би ансамблі – бірден-бір кәсіби өнер ұжымы. Жайықтағы би өнерін насихаттау, қазақ ұлттық биінің бояуын жоғалтпау, заманауи талаптарға сай қазақ биін жаңаша көркемдеу және келешекте би өнерінің деңгейін сақтап қалатын мамандарды тәрбиелеу – бұл ұжымның басты мақсаты.

Аталмыш ансамбль республика көлеміне ғана емес, сонау Норвегия, Румыния, Болгария және Түркия сынды алыс-жақын шетелдерге танылып, Қазақстан халықтары билерінің әсемдігі мен сұлулығын жарқыратып, ұлттық бояуларының айшықтала түсуіне зор үлес қосып келе жатыр. Ансамбльдің бүгінге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, 2004-2005 жылдары Түркияның Стамбұл, Анкара қалаларында өткен «Фомгед» фестивалінің лауреаты атанған. 2009 жылы Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президент қорының хореография аталымы бойынша лауреаты және медаль иегері болса, 2010 жылы Орал қаласында жылдың «Үздік ансамблі» атағына ие болған.

би1

– Алғаш рет 1974-1977 жылдары көрнекті қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың қолдауымен және Құрамыс Ғаббасовтың жетекшілік етуімен құрылған ансамбльдің өңір мәдениетіне би жанры бойынша үлкен серпіліс әкелгеніне биыл 45 жыл толып отыр. Бүгінге дейін ансамбльде бишілерден бөлек түрлі өнерпаздар да өнер көрсетті. Осы жылдар ішінде қаншама елді аралап, би өнері арқылы көрермен көңілінен шығып, 1977 жылы «Халықтық» атағын иеленді, – деді облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры  Мәулет  Жұбатов.

Ансамбльдің негізін салған Құрамыс Ғаббасов 1937 жылы 23 ақпанда бұрынғы Жалпақтал ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте қалып, сол кездегі Чапаев ауданының Мергенев балалар үйінде тәрбиеленген. 1958 жылы Алматы хореография училищесін тәмамдаған соң, Абай атындағы академиялық опера және балет театрына артист болып қабылданды. Кейін 1966 жылы Орал қаласына оралады. Жалпы, облыстағы ұлттық хореографияның орындалу шеберлігі мен көркемдік деңгейінің жоғарылауына Құрамыс Берғалиұлының қосқан үлесі зор. Ол 1967 жылы «Уралочка» халық би ансамблінде жұмыс істеп, үлкен шығармашылық қарымы мен мүмкіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар ұлттық өнердің қайта түлеу идеясын іске асыруға ұмтылып, 19741977 жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қоғамдық мамандыққа даярлау факультеті базасында «Ақ Жайық», «Бипыл» жастар ансамблін ұйымдастырған. Бірақ ол алдағы арман-мақсатын «Ақжайық» ансамблімен байланыстырған. Құрамыс Ғаббасов ұжымның әрбір жаңа кезеңіне дұрыс шығармашылық бағыт сілтеп отырды. Тың  идеяларды жүзеге асырып, репертуарды өзгертті, жергілікті авторларды ынтымақтастыққа шақырды, шеткері  жатқан аудан-ауылдардан жаңа орындаушылар іздеді, музыкамен сүйемелдеу  әдістерін өзгертті, сахналық бағдарламаға батыл түрде халықтық кейіпкерлерді,  фольклорлық салт-дәстүрді, ойнақы элементтерді енгізе білді. Ұжымның шығармашылық деңгейін дамыту үшін республиканың ең үздік режиссер, суретшілері мен балетмейстерлерін қойылымдық жұмыстарға тартты. Сондай-ақ ансамбльді республикалық және облыстық ірі мәдени іс-шараларға әзірлеп, Қазақстан мәдениетін шетелдерге таныстырды.

Тәңір берген талантының арқасында ел қошеметіне бөленген жанның ұрпақтары да өнерден алыс емес. Солардың бірі – халық шығармашылығы орталығы жанындағы «Қызғалдақтар» үлгілі би ансамбілінің жетекшісі Қарлығаш Құрамысқызы. Алманың ағашынан алысқа түспейтіні секілді Қарлығаш та кішкентайынан әкесіне қарап  бой  түзеген.

– Әкеміз би өнерінде өзінің қолтаңбасын қалдырған жан. 1974-1977 жылдары «Ақ Жайық», «Бипыл» жастар ансамблін ұйымдастырғаны белгілі. Сөйтіп, мақсатын толық жүзеге асыру үшін «Ақжайық» ансамблін құрып, басшылық етті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, әкемнің би өнерімен шұғылданғаны кішкентай кезімде мені қатты шабыттандырды. Есейе келе,  осы өнерді таңдадым. Бұған өкінген емеспін. Өйткені жан қалауым осы би өнері болды. Бүгінде би өнеріне бейімі бар шәкірттерімді тәрбиелеудемін. Жалпы, би өнерінде әрбір ұлттың мінезі бар. Сонымен қатар би адамның болмыс-бітімінің әдемі қалыптасуына септігін тигізеді, – деді Қарлығаш Құрамысқызы.

Ұлттық билерді насихаттау, жастарды сахна мәдениетіне үйрету және эстетикалық тәрбиеге баулу жолында ансамбльге жетекшілік еткен Слана Имашева және Қарлығаш Айтқалиевалардың қолтаңбалары ерекше. Бүгінде қанатын кеңге жайып, өте бай репертуар жинақтаған ансамбль өлкемізде өтетін мәдени іс-шаралардың белсенді өнерпаздарына айналды. Бұл ансамбльден осы күнге дейін бірнеше би өнерінің түлектері ұшқан. Олар қоғамда өз орындарын тапты. Халықтық «Ақжайық» би ансамбліне 2008 жылдан бастап қазақ билерін дамыту бағытында Әсел Давлетова жетекшілік етіп келеді. Жастайынан би өнерін бойына сіңірген ол қазақ билерін халыққа кеңінен насихаттап жүр. Заман ағымына сай әрекет етіп, ансамбльге жақсы жаңалықтар қосып, түрлі билер дайындап отырады. Ұжымды жоғары деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерін жұмсап  келеді.

– Батыс өңірінің өнер тарихында халықтық «Ақжайық» би ансамблінің орны ерекше. Ансамбльдің құрамында 16 биші бар. Бишілер аптасына үш рет классикалық тренажда дайындалады. Олар репертуарға өте бай: Атап айтар болсам, «Адай», «Әсем қоңыр», «Балауса», «Білезік», «Қос алқа», «Дархан дала», «Шаттық» және Испан ұлтының биі. «Ақжайық» би ансамблі жылдар өткен сайын көркейіп, дамып келеді. Бұл – ұжым мүшелерінің алға қойған мақсаттары мен өнер жолында аянбай еңбек еткендерінің нәтижесі, – деді Әсел Ерболатқызы.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале