23.10.2022, 9:29
Оқылды: 34

Халықтық тәрбиенің қайнары

Жалпы қанатты қағидалар қағаберісте, жай әншейін айтыла бермейді. Өмірден түйген түйін, тұрмыстан алған тәжірибе бағалы сөздің салмағын санаға салады. «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел». Бәріміз білетін және жиі айтатын осы сөздің мән-маңызын терең түсініп жүрміз бе?! Халықтық тәрбиенің мектебінен өткен сол көнекөздеріміз аз сөзбен көп мағына ұқтырып, кездескен кезде орман ойды арқалатып жіберетінін қайтерсің?! Кеше ғана өзіміздің қара шаңырағымыз – «Жайық Престің» қақ төрінде сондай алдыңғы толқынның бір шоғыры жиналып, бір-бірімен төс түйістіріп, емен-жарқын есендесіп, астарлы әзіл-қалжыңдарының өзімен кейбір түйткілді мәселелердің тінін тарқатып кетті. Тәрбиелері қандай тәлімді, әңгімелері қандай әсерлі десейші! 

1 (71)

Иә, осынау игі жақсыларымыздың басы қосылған алқалы жиынның тізгінін «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Табылғали Сатқалиұлы ұстап, өткен қариялар мерекесі мен орны ойсырап барып, ортамызға қайта оралған Республика күніне орай ізгі  тілегін  жеткізді.

– Атадан балаға, кейінгі ұрпаққа өрісті істеріміз бен тасқа басылған жақсы сөздеріміз жетеді. Қадірлі қарттық деген, меніңше, озық дәстүрлерді насихаттап, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға өзіндік үлес қосу. Бұл – мына отырған сіз бен біздің ортақ парызымыз. Өткенді жиі еске оралтып, жіберілген қателіктерден сабақ алып отырсақ, жақсылықтың ауылынан алыс кетпесіміз хақ. Заманмен бірге бәрі де өзгереді. Десек те, адамдық болмыстың негізгі құндылықтары бабалар салған сара жолдың бойында жатыр. Сіздердің көбіңіз сол жолмен жүріп өттіңіздер, жақсы мен жаманды көзбен көріп, қара сөздің мәйегін төктіңіздер.

Өздеріңіз білетіндей, «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» екенін даламыздың дарабоздары баяғыда-ақ айтып кеткен. Сол тәрбие құралының бірден-бір көзі – мерзімді баспасөз. Оның да тынысы жыл санап тарылып келеді. Қазірдің өзінде «ысқырығы» жер жарған кейбір үнпарақтарымыздың үні өшуге таяу, жабылып жатқандары да бар. Қазір арзанқол ақпарат таратушылар легі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Кім неге сенерін білмейді. Рас, тірлік көші бір орында тұрмайды. Солай екен деп замана ығына жығыла беруге және болмайды. Жаңаның бәрі жақсы да, ескінің бәрі жаман емес қой. Сіздер не дейсіздер? Өз қолтаңбаларыңыз қалған облыстық, аудандық газеттердің таралымын көбейтудің жолы қандай, ол үшін жұмысты қалай ұйымдастырған жөн? Біз нені көріп, неден қалыс қалып жатырмыз? Ұлт болып ұйысудың ұлы идеясы – бірлік. Ендеше, бірлесе ақылдасайық, келелі кеңестеріңізді тыңдайық. Көкейде жүрген ой-пікірлеріңізді ортаға тастай отырыңыздар, – деді Табылғали Сапаров саусақтарын қалам қажаған қадірлі меймандарды ортақ әңгімеге шақырып.

Сөздің иесін де, киесін де қадірлей білетін қарияларымыз өнеге жақсы болса ғана өріс кеңейетінін алға тартып, өздерінің ақжарма тілектеріне қоса, аз-мұз базыналарын да айтты. Дөңгелек үстел басында саясат сахнасына шығып қайтқандар да болды. Енді бірі өзара қауқылдасып, өткен-кеткенді еске түсіріп, мәре-сәре болғаннан артық қуаныш жоқтығын сөз етті. Сол қатардан табылған өңірімізге танымал қарымды қаламгер, облыстық басылымның бұрынғы бас редакторы Мәжит аға Қайырғалиев: «Өзіміздің қара шаңырағымызда басымызды қосып, бір-бірімізді көруге мүмкіндік жасаған баршаңызға рақмет! Осы жердегі үлкендердің бірі мен шығармын, жасымыз сексеннен асты. Қай кезде де ұрпақтар сабақтастығын ақылмен жалғаған, ата жолын парасатпен ұстаған елміз. Орайы келгенде осылай бас біріктіріп, қарияларға құрмет көрсету, олардың сөзіне құлақ түру –жақсы үрдіс. Игі іс жалғасын таба берсін», – деп аталық тілегін білдірді.

Мерекелік жиын барысында айтылған негізгі әңгіме де, көтерілген мәселе де егемен еліміздің ертеңі бүгінгіден де келісті бола түссе деген ой-мақсаттар төңірегінде өрбіді. Сосын бұл жерде кімнің сөйлегені емес, не айтқаны маңызды болса керек. Ойды осы тұрғыдан сабақтасақ, ардагерлеріміздің бірі қаламызда сұлулық пен пәктіктің символына айналған Қыз Жібек атындағы саябақ жасақталса, оның жас толқын үшін тәрбиелік мәні зор екенін баяндады. Газет бетінде дін тақырыбы, шытырман оқиғаға толы құқықтық салаға қатысты жанды материалдар жиі көрініс тапқанын қалайтындар да болды. Кешегі күні арамыздан кеткен қадірлі қаламдастар – Темір Құсайын мен Қалиолла Қарағойшин есімдерін ұлықтап, ескерткіш тақта орнату туралы да ұсыныс айтылды. Кейбір аудандық үнжарияларды жазу-сызудың ауылынан алыстау адамдардың басқаруы ғұмыры сол жерде өткен ағаларды қынжылтатынын да білдік. Халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы саналатын аға буын  айтқан әңгіме тек бұл емес. Біз тек дәйекті сөздердің дәнін алдық. 

Қысқасы, халықтық бастаудың қайнарын әрқашан тазалап отыратын қарияларымыздың қатары азаймасын. Ал дуалы ауыздан шыққан шынайы сөз қай істе де қолбасшылық қуатын жоғалтпайды.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале