
Орал қаласының аумағындағы Хан тоғайы қазан айында экологиялық саябақ ретінде ашылады. Табиғи жолмен қалыптасқан жайылмалы орман массивінің алаңы – 259,4 гектар. Орманда қарағай, терек, шаған, үйеңкі ағаштары, бұталы өсімдіктер мен шөптесін өсімдіктер көп.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталған аумақтың табиғи ерекшеліктері бар. Бұл жер Жайық өзені жайылмасында орналасқан. Жайық және Шаған өзендерінің тоғысқан жерін ішінара қамтиды. Экопарк құру жобасы табиғи ландшафтты сақтауға көмектеседі. Басқармадағылар экопарк атының өзі оның тарихи маңызын көрсетеді дейді. Саябақ өңір тарихы және дәстүр сабақтастығын паш етеді. Паркте экологиялық соқпақтар, серуендеу маршруттары мен келушілерге арналған демалыс аймақтарын құру жоспарланған. Айта кету керек, жаңа жоба Мемлекет басшысының ірі мегаполистер мен облыс орталықтары маңындағы аймақтарда экопарктер құру жөнінде тапсырмасына сай қолға алынады.
Орал шаһарын «жасыл қала» деп атасақ та, ағашы сая болатын демалыс парктері жоқтың қасы.
– Облыс орталығында мәдениет және демалыс саябағы ғана бар. Қалалықтар мен қонақтар сол жерге демалуға барады. Алайда оның іші балалар ойнайтын алаңдарға, аттракциондарға толы. Саудасын қыздырып саудагерлер тұр. Таза ауамен тыныстап, алаңсыз демалу қиындау. Ал саябақтың арғы жағына қарай шықсақ, ол жердегі ағаштар сиректеу көрінеді. Студент кезімізде ағашы көп еді, жасыл желек жайқалып тұратын. Қазір саябақты абаттандырған сайын ықшамауданда жүргендей әсер қалдырады. Тоғайдың экопаркке қалай бейімделетіні белгісіз. Бірақ ол ешқандай аттракционсыз, сауда дүңгіршектерінсіз болса екен. Тек қоқыс салатын жәшіктер қойылып, ішетін су сатылса, жеткілікті деген ойдамын. Ең бастысы, тұрғындар ағаш арасында серуендеп, таза ауада демалып, суретке түсіп, көгалда отырып демалатындай орын болса, жөн болар еді. Саябақ болған соң, алаңсыз демалатын тыныш жер қажет. Ол жерді шектен тыс асфальттап, өрнектас төсеп тастамаса екен. Өйткені табиғатпен барынша үйлесім тапқан саялы жер керек. Хан тоғайында тарихтан сыр шертетін декорациялар қойылса, артық етпес еді. Пандемия кезінде біздің үйге жақын болған соң, Хан тоғайына жиі бардық. Үлкен-кішінің көбі сонда жүретін. Сол кезде тұрғындар табиғаттың қадір-қасиетін түсінген сияқты. Бірақ орман алқабын күтіп ұстау, қастерлеу, сақтау мәдениеті кемшін. Қазіргі орталық саябақта мейрам күндері халық сыймай кетеді. Ал экопарк ашылса, демалушылар сол жақта да уақыт өткізер еді, – дейді қала тұрғыны Еркін Карин.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жаратылыстану-география факультетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бағдагүл Әлжанова экопарк ретінде Хан тоғайы өте дұрыс таңдалған нысан деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, Жайық және Шаған өзендерінің аралығында орналасқан тоғай табиғатының көріктілігімен қатар, тарихи тұрғыдан да өте қызық нысан. Соңғы уақытта бұл тоғайдың табиғаты жұтаңдап, азып кеткені рас.
Экопарк (экологиялық парк) дегеніміз – табиғи экожүйелерді сақтай отырып, адамдарға демалыс, білім беру және экологиялық ағарту мақсатында ұйымдастырылған арнайы табиғи рекреациялық аймақтар. Экопарктер қалалық саябақтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға ұқсас болғанымен, бір мезетте табиғи парк – экологиялық білім беру орталығы – рекреациялық аймақ қызме-тін атқарады.
– Экопарк жобасын түзуге қала халқын жұмылдыруға болады. Олар өз пікірін білдіруге құқылы. Алдымен Хан тоғайының орман-саябақ аймағының эскиздік жобасын әзірлеу керек. Онда жүгіру алаңы, веложол, атпен серуен дейтін аумақ, спорт алаңдары, балалар ойнайтын жер, заманауи воркаут-аймақ сияқты инфрақұрылым жоспарланады. Сонымен қатар ғылыми-танымдық мақсатта экологиялық соқпақтар жасалуы керек. Бірнеше соқпақ салынып, қатысушылардың жас және танымдық ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми әрі танымдық бағытта үйлестірген жөн.
Орман экожүйесін зерттеу бағытында да ғылыми зерттеулердің тәжірибелік базасы ретінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жөнінде мәліметтерді жинақтайтын цифрлық деректер базасы жасалуы керек. Соның негізінде цифрлық карта жасақталып, жеке сайты болғаны да жөн деп санаймын. Болашақта Хан тоғайында адамзат пен табиғаттың мүдделері тең назарға алынады және жаңа пішіндегі нысан қала көркі болады деп үміттенемін, – деді Бағдагүл Сақтағанқызы.
БҚО әкімі баспасөз қызме-тінің хабарлауынша, 2024-2029 жылдарға арналған «Та-за Қазақстан» тұжырымдамасы аясында аймақта ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр елді мекендерде 242 мыңнан астам ағаш егілсе, биыл қосымша 47,2 мың түп көшет отырғызылған. Экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында «Экобалабақша» жобалары ұйымдастырылды.
Айна Имашева,
Орал қаласы