27.06.2023, 10:45
Оқылды: 4412

«Ы» қарпі мен жұмбақ арызқой

28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні

(қаз-қалпында)

Редакция өмірінде орын алған осы бір тосын оқиға өткен ғасырдағы   сексенінші жылдардың орта шамасына қарай болып еді. Оған куә болған аға буын журналистердің дені бүгінде жарық дүниеде жоқ. Марқұмдардың жандары жәннатта болғай. Қазір ойлап отырсам, олардың сол тұстағы жастары қырықтан енді-енді асқан екен ғой... Біз болсақ, оттай ыстық отызда  күйіп-жанып  жүр  екенбіз.

Меншикти тилши Н.Молдагалиев 50-ге толганда

«Орал өңірі» газет редакциясының ұжымы, 1984 жыл

Әдеттегідей жұмыс күні еді. Тап осы күндерде ортамыздағы 80 жастан сергек күйінде еркін асқан жазушы-журналист, ақын Айтқали Нәріков ағамыз – осы оқиғаның тірі куәгері. Сол ағамыз жұмыстың аяғына қарай маған «Кідір, шаруа бар» деді даусына құпия реңк араластырып. «Ағаларымыз не айтар екен?» деп елеңдеп тұратын, ілесе жөнелетін, сөйтіп, жанып та кететін кезіміз. Бірақ одан сабақ алмайтын, тауы шағылмайтын, «делқұлылау, дер шағым» (Жанғали ағам айтатын) дейтіннің дәл өзі. Айтақаң әлгіндей дегесін, қайырылып тұра қалдым. Әйтеуір, үлкен ағаларымыздың біреуінің бір қуанышты оқиғасы. Соны жуу мәселесі екен ағаларды кідіртіп қойған. Тиісті қаражат жиналған, дүкенге үлкен ағаларымыз бармайды ғой, осындайда біздерді жұмсайды. Оған қолды-аяқтаймыз. Бас редакторымыз Бақтыбай Далабайұлы сырқаттанып үйінде жатқан. Орынбасарларының жұмыстан кетуін күтіп, біраз жүріп қалдық. Олардың кеткен-кетпегенін бақылауды біздерге тапсырып қойды. «Бәленше кетті ме, түгенше кетті ме?» деп әлсін-әлсін ішкі телефоннан сұрайды. Ағаларымыздың осы бір сақтықтары бізге күлкілі көрінеді. Сірә, тұстастарының арасында өздеріне сенімсіз көрінетін адамдар болып тұр ғой. Жұрт аяғы басылды-ау дегенде бізді дүкенге жүгіртті. Бұл кезде бесінші қабаттағы бір бөлмеге осы қалай деген өз ағаларымыз жиналды. Шіркін, сол ағалардың көбі бүгінде жарық дүниеден озып кеткен. Осындай «құпия» отырыстарымызда ерекше нұрланып, бөлекше мейірленіп кететін еді-ау жайсаңдар. Арасында ақындарының арқаланып өлең оқитыны, қара сөзбен жазатындарының бір-біріне «Осындай мақалам шығып еді ғой, есіңде ме?» деп балаша мақтанатындары жарасып тұратын. Біздің жазғандарымызды да мақтауды ұмытпайды. Ағалық ниетпен бізге, жастарға, «Сақ бол, абайлап жүр» деген ақылдарын жарыса айтады. Осылай шалқып отырғанымызда бата жүрмейтін көк мойнақтар сарқылып қалыпты.

– Бітсе несі бар, дүкенде толып тұр ғой, – деді марқұм Исағалиев Қуаныш ағамыз.

– Есенжол жүгіріп барып келеді... Кәне, собраз жасаймыз.

Осылай деді де, бағана отырыс басталмай тұрып әркімнен жиналған мөлшерден де көбірек ақшаны ортаға тастады. Марқұм Құбаш Қажымов ағамыз – аса сақ жүретін адам, анда-санда қосылады мұндай отырыстарға. «Әй, жігіттер, осы тойғанымызбен қайтайық, жарар» дейді ол.  Қуақаң ол кісімен құрдас, дүрсе қоя береді: «Өй, сен де бір, көлеңкеңнен қорқасың да жүресің, қайтсаң, қайта бер... Кәміл Айдайдан да (жеңгеміз) қорқып отырсың ғой... Бар, бар... Бірақ ақшаңды тастап кет!». Енді Құбақаң қипақтай бастайды. Ол ағамыздың да бұл кезде көңілі бүрлеп қалған, сәт санап «нұрланып, жадырап» бара жатқан мына отырысты қимай отырғаны ғой, бір саты төмен түскендей болады. «Сақ болайықшы дегенім ғой, жігіттер...» деп қалтасына қол сала бастайды. Қуаныш ағамыздың екпіні тау жығардай, енді өзінің ауылдасы, кластасы Қоныс Миханов ағамызды (редакциядағы кәсіподақ ұйымының төрағасы) нысанаға алып, «Әй, кәсіподақ, мойның күжіреймей, сал ақшаңды»  дейді. Шомбал денелі Қонекең асықпайды, кім тағы қанша шығарар екен дегендей, әліптің  артын  бағады.

Қуаныш ағамыздың бас-көз болуымен біраз ақша жиналып қалды. Оның есебін мұқият шығарғаннан кейін, бағана атым аталғаннан бере аяғымды «үзеңгіге салып» тықыршып тұрған маған Қуаныш ағамыз: «Бала, тез, бір аяғың анда, бір аяғың мында болсын, жөнел!» деді. Мен ағаларымыздың тапсырмасын тастай қылып орындадым. Содан, не басыңызды ауыртайық, түн ортасына таман  зорға  тарадық.

Ертесіне, иә, ертесіне түс қайта, сіз сұрамаңыз, сұмдық айқай. Газеттен өрескел қате кетіпті. Қате кеткені өз алдына, үлкен үйге оны біреу баяндап, арыз түсіріп үлгеріпті. Ал қатеге келетін болсақ, шынында да, сұмдық. Ол жылдарда партияның пленумдары мен конференциялары, жиналыстары жиі өтіп тұрады. «Орал өңірі» газеті ертесіне оны әр бетіне етектей-етектей етіп береді. Қате кеткенде, сол облыстық партия комитетінде өткен пленумның материалынан кетіпті. Жай, қаріп қатесі емес, өрескел, анайылау сөз айқайлап тұр...

Аға буын журналистер жақсы біледі, пленумда облыстың бірінші басшысы баяндама жасайды, ол газетте бастан-аяқ жарияланады. Әдетте баяндаманың соңы «Пленумда баяндама жасаған облыстық партия комитетінің бірінші секретары өзінің қорытынды сөзінде былай деді» деп барып, түйінделіп аяқталатын. Міне, осындағы «қорытынды» сөзіндегі «о» қарпінің орнына «ы» қарпі түсіп кетіп, «қырытынды сөзінде» деп жазылып кеткен. Анау арызданған біреу  «Сол күні редакция қызметкерлері жиналып, арақ ішті» деп ықияттауды да ұмытпаған... Бірақ ол күні «мейрамдағандардың» арасында, құдай оңдап, корректорлардың, бет құрушылардың, газеттің шығажақ нөміріне жауапты кезекшілердің біреуі де болмаған, «банкетке» қатыспаған еді. Олар қызмет орындарында кезекшіліктерін адал атқарып, газеттің шығажақ санының беттерін баспаға ақи-тақи тапсырып кеткен. Сондықтан барлық күш «Қате қалай кетті?» деген мәселеге жұмылдырылды. Тексеру қатты жүрді. Дайындалған материалдың түпнұсқасы (оригиналы) қарпін айтасыз, үтіріне дейін тексерілді. Дұрыс. Набор-терімнен (әр қаріп, әр жол қорғасыннан құйылатын жерден) дұрыс шыққан. Бетке құрылғанда да сол дұрыс күйінде түскен. Ол беттер корректурада, секретариатта, кезекшілерде сақтаулы, сайрап тұр. Сонда қалай кеткен? Тексерушілер әрі қарай қопара тексерді. Анықтағаны, кім болса да, терілген дұрыс жолдарды баспаға жіберер соңғы секундта алып тастап, әдейі қатемен терілген қорғасын жолды салып жіберген... Кім болса да, өзі теріп, жолдарды өзі салып үлгерген. Анау обкомға жазылған арыз ол жақтан «Анықтаңыздар! Нәтижесін хабарлаңыздар!» деген бұрыштамамен редакцияға  жолданыпты.

Арада тағы бір күн өткенде маған сол арызды үйінде сырқаттанып жатқан редакторымыз Бақтыбай Далабайұлына апарып беру тапсырылды. Жолшыбай әлгіні мұқият қарап, оқып алдым. Оқушының торкөз дәптерінің  екі жарым бетіне толтыра жазыпты. Редакторды, оның орынбасарларын, қызметкерлерді жамандап келіп, тәртіп жоқ деп қара бұлтты төндірген. «Соның кесірінен газетте жиі қате кетеді» деп өтірікті үйіп-төккен. Оған дәлел деп анау қатені көзір қылып қыстыра қойған. Неғылса да, ортамызда бұғып жүрген қарау жан. Әрі кім болса да, 5-6 сыныпта оқитын оқушы балаға жаздырған-ау деп түйдім. Өйткені көркем жазу (баяғыда бастауыш сынып оқушысын анық, сәнді, ұқыпты, қатесіз жазуға төселдіретін) жазғандай ұқыптылықпен түскен балаң өрнекті қаріптер маған солай көрінді.  Кім болса да, ересек адам әуелі өзі жазып, соны оқушыға (бәлки, баласына) қасында тәптіштеп отырып көшірт-кен тәрізді. Арызға қол қойылмаған, солай обкомға айдаған да жіберген. Келсем, Бақтыбай ағамыздың түсі қашып кеткен. Қашпай қайтсін, бірінші секретарьді анадай деп жазып, газетке шығарып жіберген қай редакторға оңай тиеді? Үйінде, қаракөлеңкелеу бөлмеде жазу үстелінде (үстел шамын жағып қойып) алдындағы қате кеткен газеттің санына шұқшиып отыр... Өзі ірі денелі, таудай кісі болатын, мықшиып қалыпты. Мен әкелген арызды әуелі мұқият, ежіктеп оқып шықты Бәкең. Сосын үлкейтетін шынымен әр қарпінің асты-үстіне үңілді. «Балаға жаздырған» деді күбірлеп, менің бағанағы ойымды оқып қойғандай. Біраз отырып барып, «Ішіміздегі немесе бізден жұмыстан кеткен қаскөй біреулердің істеп жүргені ғой...» деді. Мен, шынымды айтсам, анау «банкетіміз» туралы сұрап, маған ұрысатын шығар деп іштей қалтырап, қорқып тұрмын. Бірақ мың болғыр редакторымыз ол туралы ләм-мим деген жоқ. Ал сенесіз бе, аты-жөні көрсетілмеген сол аноним арыздан ешкім жапа шеккен жоқ. Қопара тексерген обкомның да қатені біреудің әдейі қастандықпен ұйымдастырғанына көзі жеткен болып тұр ғой. Тап осы оқиғаның дүмпуі шығар, содан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері редакцияда 20 күндей отырды. Оған бесінші қабаттан арнайы бір бөлме берілді. Күнде бізбен қатар жұмысқа келеді. Күн сайын бір қызметкерден оңаша шақырып алып, мамыражай (маған солай көрінді) әңгіме соғады. Сөйтіп, 20 күнде бәрімізбен кезек-кезек әңгімелесіп шықты. Бұл күндерде біздің «банкет» өткізуді ұмытқанымыз өз алдына, аяғымыздың ұшымен жүргеніміз  есімде...

Арызқой ақыры табылмады. «Таз ашуын тырнадан аладының» керін келтірсе, қолында ғой, бас редакторымыз Бақтыбай Далабайұлы сол күні «тойлаған» қызметкерлердің соңына түспеді. Әрқайсысымыздан түсініктеме алды да, әрі қарай өршітпеді. Бір кездегі көкөрім қызметкерлерге, яғни бізге әкеміздей қамқор болған Бақтыбай ағамыз бүгінде сау-саламат ортамызда жүр. Жүз жасағай, жайсаң жан деп отырамын іштей.

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале