5.10.2023, 9:15
Оқылды: 134

Заңсыз салынған ескерткіш көп

Облыс әкімдігі ғимаратында тарихи-мәдени ескерткіштерді  қалпына  келтіру  қағидалары мен шарттарын сақтау, заңсыз  монументтік  өнер  құрылыстарын  орнату мәселелері талқыланды.

IMG_1900

Өңірде 2143 ескерткіш бар. Оның 30-ы республикалық маңызы бар ескерткіш санатына, қалғандары мемлекеттік тізімге енгізілген.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өткен жиналыста облыстың тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік ин-спекцияның есебі тыңдалды.

Инспекция барлық ескерткішті анықтап, оларды қорғау бойынша жүйелі жұмыс атқарады. Маңызын жоғалтып, әбден тозығы жеткен мұраларды есептен шығарады.

Қазіргі таңда үш ескерткіш мемлекеттік маңызы бар мұра есебінен шығарылған: олардың алғашқысы – 1919 жылы 25-Чапаев дивизиясының штабы орналасқан үй болса, екіншісі – ХІХ ғасырда сауда орындары болған ғимараттар, ал үшіншісі – 1919 жылы Чапаев паналаған үй. Мұндай шешім қабылдауға олардың апатты деп танылуы себеп болған. Ол мәліметті жиын барысында мемлекеттік инспекцияның инспекторы Гаухар Төлеңгітова жеткізді.

Жиында тарихи маңызы бар ғимараттарды қалпына келтіру жайы да айтылды. Қала сәнін кіргізіп, ерекше колорит беріп тұратын ғимараттарды жөндеу ісін тек арнайы лицензиясы бар мекемелерге сеніп тапсыру керек. Кейде арнайы рұқсатнамасы бар компаниялардың өзі жұмысты тыңғылықты орындамай жататынын жиынға қатысқандар қаперге салды.

– Қала сәулетіне нұқсан келтіріп, дұрыс жұмыс істемеген компаниялардың тізімін жариялау керек. Бізге жергілікті архитекторлар мен қалаға жаны ашитын азаматтардан ескі ғимараттың кейпі бұзылып жатыр деген шағым көп түседі. Сол себепті жосықсыз реставраторлар мен тарихи ғимаратты жеке меншігіне алып, кейпін бүлдіріп жатқандар бар екенін ашық көрсетуіміз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов.

Жиында заңсыз орнатылған ескерткіштердің жайы сөз болды. Инспекция мамандарының айтуынша, 2001 жылдан бері қалада 10, облыс аумағында 75 сәулет нысаны мекеме келісімінсіз орнатылған. Бұл тізімді Бәйтерек пен Казталов «бастап тұр». Аталған екі ауданда 15 ескерткіш заңсыз орнатылған болса, Теректі мен Жәнібек ауданында 10, Жаңақала, Бөкей ордасы және Шыңғырлауда 7, Бөрліде 4 жағдай тіркелген. Дина Нұрпейісова, Мұстақым Ихсанов сияқты тұлғалардың тұғырнамасын орнату кезінде заңдылық сақталмаған.

– Аудандарда эстетикалық деңгейі сын көтермейтін ескерткіштер бар. Мысалы, Бәйтерек ауданындағы Чамчиян ескерткіші, Даңқ мемориалы, Бөкей ордасындағы «Алғашқы ұстазға» деген композиция. Басқа аудандарда дасапасы ғана емес, құрылысының өзі күмән тудыратын ескерткіштер бар. Сол себепті Орал қаласы мен аудан әкімдеріне заңсыз салынған ескерткіштер жайын қаузаған хат жолданды, – деді облыстың тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының директоры Бек Жәңгіров.

Жиын соңында аталған мәселені арнайы комиссияның қаралымына шығару тапсырылды. Ал халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале