14.01.2022, 9:40
Оқылды: 120

«Жайықтың ескі арналарын суға толтырсақ...»

Алдияр ХалеловБҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

3

– Алдияр Сансызбайұлы, өңірдегі су шаруашылығын дамыту түйткілдерін саралаған жыл жабар жиында Жайық өзенінің ескі арналарын қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Басқарма басшысы ретінде ондай шаруаның  өңірдің экономикасына, экологиясына келтірер пайдасы жайында айтсаңыз? 

– Өңірді «тіршілік нәрімен» қамтитын  негізгі артерия  – Жайық, облыс халқының үштен екісі осы өзен бойындағы елді мекендерде тұрады. Соңғы кезде «жанды су» бойындағы  орман-тоғайдағы тал-теректер қурап, сиреп барады. Жасыл желек неге қурайды? Біріншіден, Жайық өзенінің деңгейі көтерілмей-ақ қойды. Өйткені жерасты  суы төмен түсіп кетті. Соның кесірінен  емін-еркін су «іше» алмаған ағаштар қурап жатыр. Бұрындары өзеннің суы көтерілгенде ескі арналар суға толатын. Оны жағалай тал-терек қаулап өсіп, жыл сайын көбейе беретін. Қазір өзеннің суы тартылып кетті. Арналар қаңсып қалды. Сол  арналарды суға толтыру бағдарламасын жасақтап, облыс басшылығының назарына ұсындық. Ескі арналарды суға толтырудың екі жолы бар. Оның бірі – көктемгі су тасқыны кезінде арналарды суға толтырып алу. Былтыр Жайықтағы су деңгейі 153-158 см көтерілді, биыл бұдан да жоғары көтерілсе, каналдарға су тола­ды. Ол үшін арналардың түбін қазып, тазалауымыз керек. Бұған Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Ақжайық сынды төрт аудан қатысады. Жағдаймен жіті танысып, өзен жағалауын аралап шықтым. Жайыққа жақын жерлерді анықтап алып, аудандарға тиісті тапсырмалар берілді. Екінші жолы – аудандардағы 8 арнаға дизельді сорғы қондырғысымен су жіберу, 16 арнаның түбін тазалап, қазу көзделуде. Өткен жылы су келмеді дегеннің өзінде Жайықта 3,5 млрд текше метр су ағыны өтті.  Біраз жыл бұрын өзен арнасымен 11 млрд текше метр су өтетін. Біздің көздеп отырғанымыз – Жайықтың   ескі арналарын  толтырып, өзеннің  экожүйесін қалпына келтіру. Бұдан қандай игілік болады десек, алдымен жерасты суының деңгейі көтеріледі. Жарсуат, Приуралье секілді әр ауылдың маңындағы ескі арналарды тазалаймыз. Бұдан ауылдардың қасындағы құдық суы молаяды. Жағалаудағы тал-теректерді қураудан сақтаймыз. Мал суару,  ауылдарға техникалық су беру сықылды түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылады.

– Оңтүстік аудандарды сумен қамту бағытында қандай жұмыстар атқарылады?

– Жайық өзенінің бойындағы ерекше құрылыс Көшім каналы – табиғаттың берген ғажайып сыйы. Өзеннің деңгейі көтерілгенде,  сорғымен  айдамай-ақ су каналға  еркін  құйылатын. Көшім каналы арқылы Киров, Пятимар, Бітік, Дөңгелек қоймалары суға толады.  Әрі қарай  Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Бәйтерек, Тасқала аудандары  осы суды пайдаланады.  Енді осы каналдағы суды молайту көзделуде.

Жайық-Көшім жүйесіне барынша су алу үшін Шаған өзені мен Көшім каналын тазалау қажет. Шаған өзені ағып барып, Жайыққа қосылады. Оны кеңес заманында солай тазалайтын. Бүгінде өзен арнасын қамыс-қоға басып кеткен. Өзен суы еш кедергісіз ағуы тиіс. Қазіргі уақытта өзен мен каналды тазарту жұмыстарының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Одан кейін жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Былтыр Экология министрі өңірімізге іссапармен келгенде, осы мәселе көтерілді.  Екінші мәселе – Жайықтан нәр алатын Бағырлай арнасы бар. Ол суды Дөңгелек су қоймасынан алады. Бағырлайды қалпына келтіру үшін оның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалса дейміз. Сорғы қойып, Жайықтан су айдап,  арнаға «жан» бітіргіміз келеді. Сонымен қатар Теректі ауданы аумағындағы Барбастау өзеніне де  Жайықтан су айдап, өзенді суландыруға қам-қарекет  жасамақпыз. Оның да техэкономикалық негіздемесі жасалуы шарт. Биыл осындай жобаларға жобалық-сметалық құжаттама жасауға, барлық шаруаны атқаруға барлығы 1 млрд теңге бөлінсе дейміз.

– Алдияр Сансызбайұлы, кеңес заманында өңірде  56 мың гектар суармалы жер болса, бүгінде соның 6600 гектары ғана пайдаланылуда. Тоған, бөгеттер салу,  тұрақты суармалы жердің көлемін арттыру  мәселелеріне қатысты қандай шаруалар жоспарланған?

– Өңіріміздің әлеуеті бар, сондықтан бұрынғы суармалы жерлерді қайта қалпына келтіре аламыз. Биылдан бастап бес жылға жасалған жоспар негізінде 2025 жылға дейін 44 мың 881  гектар жерді суармалы жердің қатарына қосуға тиіспіз. Бәйтерек ауданында 13 мың, Ақжайық ауданында 2700 гектар бос жер бар. Бұл аумақтар кезінде тұрақты суармалы жер ретінде пайдаланылды. Сондықтан осы жер аумақтарын  заңдастырып, қайтадан мемлекетке алып, суармалы жер қатарына қоссақ дейміз. Сонда өңірде суармалы жер көлемі 58 мың гектарға жетеді. Бұл кеңес заманындағы суармалы жер аумағынан екі мың гектарға артық болмақ.

Қазіргі кезде Ақжайық ауданында суармалы жер көлемі 923 га болса, қосымша 2733 га суармалы жерді қатарға қосу ұсынылды. Осының барлығына 12 млн текше метр су шығару керек. Мұндай көлемдегі су қай жерде бар екенін көрсетіп бердік. Облыстың геопорталына кіріп, Ақжайық ауданының аумағын қарасаңыз, қай жерде су көзі бар екені, қай жерге суармалы жер салуға болатыны көрсетілген. Басқармаға басшылыққа  келгелі төрт айдың ішінде жасалған жұмыстар  – осы.

Үшінші мәселе – тоған, бөгеттерді қалпына келтіру. Кезінде  әр ауылдың қасында тоғандар, бөгеттер болды.  Бұрын сол бөгеттерден ауылға техникалық су тартылатын. Онда шабақ жіберіліп, балық өсірілетін. Сол тоған-бөгеттерден мал суарылатын. Қазір өңірде 452 бөгет, тоған  бар. Соның 225-і иесіз қалған. Биыл иесіз бөгеттерді жергілікті атқарушы құрылымдар теңгерімге алулары тиіс. Қалған 400-іне жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде тоған мен бөгеттің 50-і табиғат пайдаланушыға бекітілген. Оның ішінде өзім аудан әкімі болған Тасқала ауданында екі жылда 12 тоғанды іске қостық. Өткен жылы сол айдындарға  16 мың шабақ жіберілді. Тұрғындар балық аулап, ауылдарына техникалық су тартып, қызығын көруде. Мұндай үрдіс барлық ауданда болуы керек. Тасқалада мұндай шаруалар аудандық бюджет пен жеке инвесторлардың есебінен жүргізілді. Аудандар  осы бағытта жұмыстанса, керім болар еді.

– Облыс басшылығы арналарды қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелі болуына баса мән-маңыз беруде. Бұрынғы аудан әкімі ретінде өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз, әріптестеріңіз жұмысты неден бастап, қалай ұйымдастырғаны дұрыс деп ойлайсыз?

– Иә, облыс әкімі арналардағы су есебінен тұрғындардың табысы артатынын, мал басының көбейетінін, бақша егушілер қатары өсетінін дәлелдеген округтерге бірінші кезекте көмек көрсетілетінін ескертті. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің  10-ын өңірімізде өндіре аламыз. Мақтанғандай болмайын, аздап өз тәжірибемнен мысал келтірсем.

Өткен екі жылда тасқалалықтар ұжымдық бақша егіп, өсірді. Әдепкіде 5 гектарға картоп, көкөніс екті. Картоп тұқымы әкелінді, бақшаға су тегін берілді. Бақшаның жері тегін жыртылды. Тасқала ауылының өзінде 35 га жерге бақша салынды. Қазіргі кезде барлық ауданда қымбатшылықпен, жұмыссыздықпен күресте осы бағыттар ескерілсе жөн болар еді. Құс өсіруді қолға алсақ, одан ешкім ұтылмайды. Күнделікті тірлікте байқағаным, кейбір азаматтар ауылда тұрғанымен,

Оралдан  сүт, қаймақ, сүзбе, жұмыртқа, картоп, сәбіз тасиды. Осының барлығын өзімізде неге өндірмейміз? Сондықтан тоған, бөгеттерді жөндеп беріп, тұрғындарды бақша егуге, мал өсіруге жұмылдырсақ, несі бар?! Тасқалада 2018-2020 жылдары, үш жыл бойы құс жәрмеңкесін өткіздік. Ресейдің іргелес облыстарынан шақыртумен құс өсірушілер келді. Бір жылда аудан-ауыл азаматтары 25 мың құс, үш жылда 50 мың балапан сатып алды. Кейбір азаматтар 4 мың қаз ұстайды.

Тасқалада құс өсірушілер көп.  Әуелі соған жағдай жасауымыз керек. Суды жеткізіп берсек, шаруашылықтарда мал  басы өседі.  Мал шаруашылығы саласына берілетін субсидиялау бағдарламасы қатар жүретін болса, бәрі дұрыс болады. Мал ішетін су болмаса, ауылдағылар үдере көшеді.

Үлкен және Кіші өзендерге Еділдің суын 4,5 млрд теңгеге  сатып алып, жіберудеміз. Өткен жылғы жазда неге су болған жоқ, неге жетпеді? Өйткені каналдардағы суды жіберу жұмыстарын бір мекеме басқарған жоқ, әркім өз қалауынша суды жырумен әуре болды. Әр канал ерекше гидротехникалық құрылыс, гидравликалық есебі бар, соны бұзушылар көп. Мұндай әрекетпен 2-3 жылда каналымыздың ештеңеге қажеті болмай қалады. Шаруа қожалықтарының иелері қыстауларына дейін пәленбай шақырымдық арна қазып алады. Су рәсуа болып, жерге сіңіп жатыр. Неге жерді қазады, не тұрба тартсын, не бөгет салсын. Соған сорғымен құйып алуға болады ғой. Бізде, міне, осындай жанашырлық көзқарас жетіспейді.

– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан: Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале