30.06.2022, 11:15
Оқылды: 95

Жайылым да табыс кепілі  

Қазіргі  уақытта  ҚР Үкіметі  азық-түлік  қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақсатында экономиканы дамытудың әр түрлі жобаларын  қарастыруда. Басымдыққа ие жеті бағыттың  бірі  –  Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабы ретінде қалыптастыру.

20190517_121220

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасына сәйкес елдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін елде мал және өсімдік шаруашылығының өнімдерін өндіру басымдыққа ие болмақ. Ет пен сүт өндірісін ұлғайту үшін мал азығы өндірісінің қарқынын арттыруға қол жеткізу қажет. Еліміздің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мал өсіруге ден қойды. 2021 жылдың соңына қарай 8,6 млн ірі қара  және 22,6 млн қой мен қозы тіркелген. Алайда мал азығының тапшы екені рас. Бірқатар шаруашылықтың жем-шөппен қамтылуы зоотехникалық нормалардан 20-30%-ға төмен. Әрине, бұл саланың дамуына көптеген маңызды фактор әсер етеді. Оның қатарында сапалы жем-шөп базасы, заманауи технологиялар мен инновациялар да бар. Жалпы, елімізде мал шаруашылығын дамытуға арналған тиісті алғышарттар мол. Оған табиғи мал азығы алқаптары мен пайдаланылмай жатқан жайылымдар, шығыны аз жайылымдық технологиясы оң ықпал  етеді.

Батыс Қазақстан облысында табиғи жайылымдардың топырағын қорғау және өсімдік жамылғысының өнімділігін арттыру басымдыққа ие. Облыс аумағында, әсіресе, оңтүстік аудандарда құм көші, дөңесаралық және қыраралық тақырларға айналған, сортаңданған, түрлі шөптер мен шалғындықтар басқан ойпат көп. Бұл аумақта антропогендік іс-әрекет өсімдік жамылғысының, оның түр құрамының және өнімділігінің өзгеруіне айтарлықтай ықпал еткен. Атап айтқанда, эрозияға ұшыраған және бүлінген жайылымдар көлемі күрт өсті. Жайылымдарға түсетін жүктеме артып, мал сапасы нашарлады. Облыс көлемінің 80%-ын жайылымдар алып жатыр. Олар мал шаруашылығының, яғни жалпы ауыл шаруашылығының басты базасы және материалдық негізі.

Алайда соңғы жылдары жайылымдарға түсетін жүктеменің әсерінен семиаридтік және аридтік экожүйелер бүлініп, шөлейттенуге бейім бола түсуде. Сонымен қатар соңғы жылдары көптеген фермер тез экономикалық пайда табу мақсатында жайылымды қарқынды да ретсіз пайдаланып, жайылымға артық жүктеме түсіріп отыр. Олар топырақ пен өсімдік жамылғыларының жай-күйін ескермейді. Осының барлығы жайылымдарға теріс әсер етпей қоймайды. Бұл үрдістер мал шаруашылығының ахуалын нашарлатары сөзсіз. Сондықтан аридтік жайылымдарға талдау жасап, олардың бүліну себептерін анықтау қажет. Жайылымдық экожүйелердің негізгі типтерінің ерекшеліктерін ескеріп, тиімді пайдалану үшін арнайы іс-шаралар қабылдау керек.

Облыстың жартылай шөлейтті аймағында шөлейттену үдерісінің қарқын алуы адамның антропогендік шаруашылық қызметімен тікелей байланысты. Бұған, ең алдымен, жайылымдық жерлерге малдың шамадан тыс артық жайылуы, мал жаюдың оңтайлы мерзімдерінің сақталмауы себеп. Сондай-ақ егістікте де, жайылымда да эрозияға және дефляцияға қарсы іс-шараларды сақтамау және басқа  жайттар әсер етеді. Еліміздің экономикалық әл-ауқатының артуы нәтижесінде 2000 жылдан бастап облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда төрт түліктің өсімі байқалды. Бұған көптеген мембағдарламалар игі ықпалын тигізді.

ҚР АШМ-ның 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығына сәйкес жайылымдарға ауыл шаруашылығы жануарлары түрлері жүктемесінің шекті рұқсат етілген нормасы бекітілді. Рұқсат етілген норма бойынша облыс қорындағы жайылымдық алқаптарға  бір малдан түсетін орташа жүктеме – 8,5-10,8 га. Жайылымдардағы ықтимал жүктеме 0,10-0,24 шартты бас, 1 га нақты жүктеме 0,16-0,30% деңгейінде. Деңгейге қатысты мал жаюдың нақты жүктемесі 33,33-82,60% шамасын құрайды. Жоғары жүктеме аймағында Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының жайылымдары бар екенін ескеру қажет. Шөлдің жайылымдық экожүйелері өте осал және кез келген антропогендік әсерге, әсіресе, шамадан тыс жүктемеге төзімсіз екені белгілі. Облыстың жайылымдарында бұл үдеріс өте белсенді жүріп жатыр. Себебі мал жаю көрсеткіші шектен асып барады.

Антропогендік жүктеменің салдарынан облыс аумағында өсімдік фитоценоздарының жай-күйінің нашарлауы байқалады. Мұны 2000-2021 жылдардағы маусым кезеңіндегі Terra (MODIS) сериялы жерсеріктерден алынған ғарыштық суреттердің деректері растайды. Дерекке сәйкес, өсімдік жамылғысында айтарлықтай өзгерістер болды деген қорытынды жасауға болады. Қалыпты деңгейге сәйкес келетін өсімдік жамылғысының көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 2021 жылға қарай 946 629 гектардан 101 897 гектарға дейін кеміді. Қалыпты санаттағы алқаптардың үлес салмағы небәрі 0,67%-ды құрайды. Бұл ретте бүлінген өсімдік жамылғысының «апат» деңгейі 2000 жылғы 3 078 350 гектардан 2020 жылы 7 875 144 гектарға артты. Егер 2000 жылы «апат» деңгейіндегі алқаптар барлық ауданның 20,39%-ын құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 52,17%-ға жетті. Батыс Қазақстан облысы аумағының жиынтық ауданының 52,17%-ы немесе 7 875 144 гектары «апат» деградациясы деңгейінде немесе өте қатты тапталған жерлер болып саналады. 40,71% немесе 6 144 500 га «тәуекел» деградациясы деңгейінде, яғни қатты тапталған. 6,45% немесе 973 155 га «дағдарыс» деңгейінде – орташа тапталған, тек 0,67% немесе 101 897 га «норма» деңгейінде тапталмаған немесе аз тапталған жерлер бар.

Жайылымды сапалы және ұтымды пайдалану мәселесін шешу үшін  малды жаюдың қалыпты технологиясын қолдану қажет. Қалыпты мал жаю технологиясының негізгі қағидаты – жайылымдық кезеңде топырақтың физикалық-химиялық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал ететін өсімдіктердің жылдық өнімінің тек 65-75%-ын пайдалану. Бұл шаруашылықтарда малды жайылым айналысын ұйымдастыру арқылы бағу негізінде жүзеге асады. Сонымен қатар мүмкін болған жағдайда маусымдық жайылымдарды (жаздық, күздік, қыстақ) пайдалану керек.

Облыс жайылымдарының қара-қоңыр типті топырақтары малды қалыпты жаю технологиясын қолданған жағдайда морфологиялық, агрофизикалық және агрохимиялық көрсеткіштерін сақтап қалды. Қалыпты мал жаю технологиясы қарқынды мал жаю технологиясымен салыстырғанда қара-қоңыр типті топырақтардың тығыздалуын 4,00-7,75%-ға, топырақ құрамындағы агрономиялық құнды агрегаттардың азаюын 3,15-12,93%-ға төмендетті. Топырақтағы гумус қорының азаюын 4,48-9,81 т/га аралығында тоқтатты, топырақ құрамындағы жылжымалы фосфор мен нитратты азот және алмаспалы натрий мөлшері қалыпты деңгейде болды. Бұл технологияны пайдалану топырақтың бүлінуіне жол бермейді. Қалыпты мал жаю технологиясы облыс жайылымдарындағы өсімдіктер жамылғысының көрсеткіштерін жақсартты, өнімділік құрғақ зат есебімен 5,45-12,82 ц/га аралығына дейін артты. Бұл технология шаруашылық үшін де тиімді экономикалық көрсеткішке ие. Әрбір мал басынан қосымша түскен табыс – 35 420 теңге. Мал жаю технологиялары жайылымдардың өсімдіктер мен топырақ жамылғыларының жай-күйіне әсер етеді. Облыста жайылымдардың топырақ қабатын қорғау және өсімдіктер өнімділігін сақтап қалу үшін малды бағудың қалыпты технологиясын пайдалану қажет. Яғни жайылыс кезінде өсімдіктердің жалпы жылдық өнімділігі 65-75%-ға жетуі  тиіс.

 

Бейбіт Нәсиев,

ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық ғылым

академиясының мүше-корреспонденті, 

Асхат Бекқалиев,

Жәңгір  хан атындағы Батыс Қазақстан

аграрлық-техникалық

университетінің PhD докторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале