13,5 млн гектар қайта бөлінген ауыл шаруашылығы жері, жасанды интеллектіні енгізу және аграрлық ғылымды дамыту: Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары қалай орындалуда. Бұл туралы Primeminister.kz сайты жазды.

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау жұмыстары елімізде жалғасып келеді. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы әкімдіктермен бірлесіп, қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, жер қатынастарын цифрландыру, қолданбалы аграрлық ғылымды дамыту және өндіріске заманауи технологияларды енгізу шараларын жүзеге асыруда.
Жайылымға – 5,5 млн гектар, ауыл шаруашылығы өндірісіне – 8 млн гектар
Негізгі бағыттардың бірі – жер ресурстарын тиімді пайдалану. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін және заңнаманы бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары 2022 жылы басталды. Бұл жұмысты үйлестіру үшін Жұмыс комиссиясы құрылды.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған сәтте 13,5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылып, оның 6 млн гектары қайта бөлінген болатын. Қалған 7,5 млн гектар өңірлер бойынша бекітілген қайта бөлу жоспарларына енгізілді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарға жетті. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, тағы 8 млн гектары ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілді.
Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 7,5 млн гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырма орындалды. Оның 3,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халыққа, 4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурстық негізде берілді. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру Жер кодексіне және конкурстар өткізу жөніндегі белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Өңірлерде жерді қайта бөлудің түрлі тетіктері қолданылады: тұрғындарға жайылымдарды бекітіп беру, жайылымдық жерлерді пайдалану құқығын беру, елді мекендердің шекарасын кеңейту және жерлерді резервке қою.
Айта кету керек, жерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұл ретте қайтарылған жерді әділ қайта бөлуге және оларды одан әрі шаруашылық айналымына енгізуге баса мән берілуде. Жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, жұмыспен қамту және инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады.