ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жаңа оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балалардың ұйқы режимін алдын ала қалпына келтіру ұсынылады.

Фото: istockphoto.com
Мамандардың кеңесіне сәйкес, 6-12 жастағы мектеп оқушылары тәулігіне 9-12 сағат, ал 13-18 жастағы жасөспірімдер 8-10 сағат ұйықтауы тиіс. Толыққанды әрі тұрақты ұйқы баланың зейінін шоғырландыруға, есте сақтау қабілетін арттыруға және оқу күні бойы жұмысқа қабілеттілігін сақтауға тікелей әсер етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылына бейімделуді біртіндеп жүргізуге кеңес береді: ұйықтау уақытын біртіндеп ертерекке ауыстыру, ұйықтар алдында гаджеттерді шектеу және жайлы орта қалыптастыру қажет. Ал бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы апталарда ұзақтығы екі сағатқа дейінгі қосымша күндізгі демалысты қарастырған жөн.
Сапалы ұйқы – оқу процесінің нәтижелі әрі бала денсаулығының мықты болуының негізгі кепілі.