
Оралда жастар идеясы тоғысқан «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» хакатоны өтті. Аталмыш сайысты республика бойынша «Ауыл» партиясы мен «Acapedia» компаниясы бірлесіп ұйымдастырған. «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттер сарайында өткен ауқымды іс-шара жас буынның тың идеяларын қолдауға, инновациялық ойлау мәдениетін дамытуға және командалық жұмысты шыңдауға бағытталды.
Хакатонның ашылу салтанатында «Ауыл партиясы» БҚО өңірлік филиалы аппаражастар, хакатон, инновациятының басшысы Ғайса Қапақов қатысушылар мен қонақтарға ізгі лебізін білдіріп, бүгінгі алаңның маңыздылығына
ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл іс-шара – ел болашағына салынған инвестиция, жастардың шығармашылық әлеуетін ашатын бірегей мүмкіндік.
Іс-шара барысында жоғары және арнаулы оқу орындарынан жиналған командалар өз жобаларын таныстырып, тың идеяларымен бөлісті. Әр командаға жеті минут уақыт беріліп, қатысушылар инновациялық жобаларын қорғауда бар мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл – жастардың білімін, уақытты тиімді пайдалану, нақты ой айту және көпшілік алдында өзін ұстау қабілеттерін де сынға салған сәт болды.
Хакатонға ұсынылған жобаларды тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында «Ақжайық» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Ұзықанов, «Medical Solutions» медициналық маркетплейсінің негізін қалаушы, кәсіпкер Максим Пак, «Ауыл» партиясы БҚО филиалы жастар қанатының төрағасы Нұрбек Нұрсейітов және «Batys Hub» инновациялық орталығының директоры Әсел Қасымова бар.
Бағалау бірнеше негізгі критерий бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, идеяның өзектілігі, инновациялық деңгейі, жобаның жүзеге асу мүмкіндігі, әлеуметтікэкономикалық әсері және презентация сапасы назарға алынды. Барлық ұпай онлайн жүйе арқылы есептелінді.
– Бүгінгі хакатонға 16 мен 22 жас аралығындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының
студенттерінен құралған 20-ға жуық команда қатысып отыр. Әр команда 2-5 қатысушыдан құралған. Бұл бастаманың басты мақсаты – ауылды дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған пайдалы жобаларды анықтап, оларды қолдау және жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындармен қатар, ерекше көзге түскен бір жобаның иесіне арнайы тәлімгерлік сертификаты табысталады. Яғни жобаны нақты іске асыруға жол ашылады. Сонымен қатар бірінші орын иегері республикалық кезеңге жолдама алады, – дейді «Ауыл» партиясының кеңесшісі Әсемгүл Жанаева.
Жобаларды қорғау кезеңі аяқталған соң, хакатонның ең үздік идеялары анықталды. І орынды Орал ақпараттық технологиялар колледжінің 3-курс студенттері – Нұрғиса Тәженов пен Ерхан Нұрғалиев иеленді. Олар ұсынған «Aviola» жобасы – бизнеске арналған жасанды интеллект негізіндегі мессенджер-платформа. Қысқаша айтқанда, Aviola – WhatsApp пен Telegram-ды бір жерге жинап, клиенттермен байланысты аутоматтандыратын «ақылды орталық». Жоба өзінің жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығымен ерекшеленді.
ІІ орын Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің ветеринария мамандығы бойынша 3-курс студенті Нұрсәт Ғазизге бұйырды. Ол студенттерге арналған жасанды интеллект негізіндегі жеке цифрлық тәлімгер жобасын ұсынып, білім беру саласындағы тың шешімін көрсетті.
– Менің жобамның негізгі мақсаты – әр студенттің оқу процесін жеке-дара сүйемелдеу. Яғни тек білім беру емес, сонымен қатар олардың академиялық, кәсіби және тұлғалық дамуын жеделдету. Осы үшін біз жасанды интеллектіге негізделген интерактивті цифрлық тәлімгер құруды ұсынамыз. Платформаның басты ерекшелігі – әр студентке жеке көзқарас. Мысалы, жүйе студенттің білім деңгейіне қарай жеке оқу маршрутын құрастырады. Оған қоса тәлімгер 24/7 режімінде жұмыс істеп, тапсырмалар, тақырыптар немесе емтиханға дайындық бойынша кез келген уақытта көмек көрсете алады. Бұдан бөлек, платформа студенттің дағдылары мен қызығушылықтарын талдап, болашақ мамандығына немесе жұмысқа орналасуына байланысты ұсыныстар береді, – дейді Нұрсәт.
ІІІ орынды жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің 4-курс студенттері – Бекет Ихсан мен Батырхан Берік иеленді. Олардың «InVision Pulse» жобасы – талапкерлерді іріктеуге арналған жасанды интеллектіге негізделген ақылды бағалау жүйесі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жоба университеттерге немесе ұйымдарға кандидаттарды әділ әрі терең бағалауға көмектесетін «сандық сарапшы». Кәдімгі анкеталар мен эсселерге ғана қарап емес, кандидаттың нақты әлеуетін, дамуын және мотивациясын деректер арқылы анықтау. «Vision» жобасы да өзектілігімен және заманауи бағыттылығымен ерекшеленді.
Ал Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті «Электроэнергетика» мамандығының 2-курс студенттері – Бекзат Сәлімгерей мен Ирина Яровая ұсынған жобалары арқылы тәлімгерлік сертификатына ие болды.
– Біздің жобамыз «EnergyBike Park» деп аталады. Бұл – адамдар педаль айналдыру арқылы электр энергиясын өндіретін экологиялық алаң. Жоба бойынша паркке төрт велосипед-генератор орнатылады. Адамдар спортпен шұғылдана отырып, энергия өндіреді, ал сол энергия телефондарды зарядтауға және түнгі жарықтандыруға жұмсалады. Мысалы, бір адам орта есеппен 100 ватт энергия өндіре алады. Егер 4 велосипед бір сағат жұмыс істесе, бұл шамамен 40-80 телефонды зарядтауға немесе жарық жүйесін ұзақ уақыт қамтамасыз етуге жеткілікті. Жобаның басты ерекшелігі – бұл тек энергия өндіру емес, сонымен қатар адамдарды спортқа тарту және экологиялық сананы қалыптастыру. Оған қоса арнайы экран арқылы әр адам қанша энергия өндіргенін көре алады, бұл қызығушылықты арттырады. Бұл жобаны Орал қаласының кез келген паркінде жүзеге асыруға болады, – дейді Бекзат.
Айта кетейік, барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталып, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жан Аят