7.09.2021, 11:17
Оқылды: 137

Жанашырлық

34 жасында аудан басқару тізгінін қолына алған Самиғолла Оразов туралы сөз

Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап оның талаптарын жүзеге асыру қажеттігі туындады. Социалистік дәуір кезеңінде аудан, облыс және тұтастай республиканы хатшылар басқарса, егемен ел жағдайында республика Президентінің Жарлығына сәйкес әкімдік басқару институты өмірге келіп, төменгі және орта буындағы атқарушылық билік солардың құзырына берілді. Бұл жауапты шақ егемендіктің екінші жылына аяқ басқан 1992 жылдың алғашқы айларына сәйкес келеді.

555

Президент Жарлығына сәйкес осы кезеңде Орал облыстық әкімшілігінің басшысы болып, бұған дейін обкомның бірінші хатшысы, кейін облыстық кеңестің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келген Нәжімеден Есқалиев тағайындалды. Көп кешікпей ол өзіне берілген өкілеттік шеңберінде қала және аудан әкімшілігі басшыларын тағайындауға кірісті. Орал өңірінде егемендіктің елең-алаңында жердің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңір – Жәнібек аудандық әкімшілігінің басшысы болып 34 жастағы С.Оразов тағайындалды. Сол кезде Самиғолла Хамзаұлы жас мемлекетімізде тәуелсіздік талаптарына сай енгізілген жаңа басқару құрылымындағы жасы кіші басшының бірі болған еді.

Өтпелі кезеңді енді қайтып басқа жазбасын. Экономиканы айтпағанда, елдегі әлеуметтік-тұрмыстық проблемалардың өзі бастан асып жатты. Халыққа жалақы, зейнетақы және әр түрлі жәрдемақылар айлар бойы төленбеді. Ауылдар мен қалаларды жаппай жұмыссыздық жайлады. 1993 жылдың қарашасына, яғни төл ұлттық валютамыз айналымға түскен кезге дейін Ресейдің рублі 500 есеге дейін құнсызданып, айтарлықтай қажеті болмай қалды.  Осындай ала шапқын аумалы-төкпелі жылдарда жаңадан қызметке кіріскен аудан басшысы, ең алдымен, жалғызбасты жандар мен қарияларға көмек көрсету қажет деп тауып, олардың тізімін жасап, түгендеуге кірісті. Соның нәтижесінде мұндай санатқа кіретін тұрғындардың саны 256 екені анықталып, әрқайсысына күнделікті тіршілігіне жететіндей ақша жиналып берілді.

Айналымда көк тиын қаражат болмаған кезде ауылдарға газ құбырын тарту аспандағы айды әперумен бірдей орындалуы мүмкін емес іс секілді. Соған қарамастан мұндай қиын-қыстау кезеңде Қамысты, Талов, XXVI партияның сиезі атындағы және Жақсыбай ауылдарына газ құбыры тартылып, тұрғындардың көгілдір отынды пайдалануға қол жеткізуі сол кездің өлшемінде адам сенбейтін сенсация болған-ды. Ендігі кезек аудан орталығына газ құбырын кіргізу болатын. Самиғолла Оразов мұның да орайын ойластырған екен. Шекаралас орналасқан Волгоград облысының Палласов ауданындағы Вишневка ауылынан Жәнібекке газ тарту жөнінде екі жақты келісім жасалды. Соған сәйкес нақты істер қолға алынды. Теміржолдар табаны тесіліп, тұрбалар өткізілді. Әйтсе де, түптей келгенде, Ресей газына тәуелді болмау үшін оны еліміздің өз ішінен жеткізу жөнінде жаңа шешім алынды.

– Бұл өзгерісті енгізген сол кездегі облыс әкімі Қ.Жақыпов еді. Дербес ел болу жолындағы ұлан-ғайыр істердің сәттілері де, кей жағдайда сәтсізі де кездесіп, бірде бүк, бірде шік болып жатты емес пе?! Кейін оның бәрінен тиісті сабақ та алынды. Бұл тұрғыда, мен Қабиболла Қабенұлы тәуелсіздік талаптарына сай дұрыс, оң шешім қабылдады деп есептеймін, – дейді елдік-ті орнықтырудың алғашқы жылдарында жасалған жұмыстарға бүгінгі күн биігінен көз тастаған тәжірибелі тұлға.

Қандай кезде де сусыз тіршілік жоқ. Тоталитарлық режім тұяқ серпер тұста аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтуға тиісті Орда топтық су құбырының құрылысы басталып, кейін КСРО-ның ыдырауына байланысты тоқтап қалған еді. Өтпелі кезеңнің ауыртпашылығы аяқ-қолды байлап, тұсап тастағандай сыни сәтте оның құрылысына қайтадан жан бітіру айтуға ғана жеңіл еді. Әйтсе де, бастауын Ресейдің Астрахан облысынан алатын аталған тораптық су құбырының Жәнібекке жеткізілуі шын мәнінде ерлікке пара-пар іс болды.

Тәуелсіздіктің елең алар тұсынан бастап коммунистік идеологияның атеистік насихатына шырмалған халқымыз имандылық пен дін жолына бет бұра бастады. Сондықтан да алғашқы әзірде ел ауылдарында қара дүрсін, шаруашылық әдіспен салынған ескі ғимараттарды мешіт ретінде пайдаланған кездер кездесті. Жәнібекте «Мұндай мұрадан» бас тартылып, облыста алғашқылардың бірі болып арнайы жобамен сәулетті мешіт құрылысы бой көтерді. Бұл істе Самиғолла Оразұлының лайықты қолтаңбасы бар екеніне ешкім талас туғыза алмайды.

Аудан орталығындағы қаңқиған құр сүлдері тұрған 400 орындық клубқа қысқа уақыттың ішінде күрделі жөндеу жүргізіліп, есігін тұрғындарға айқара ашты. Өтпелі кезеңнің зілдей ауыр салмағы қай кезде де, қай елге де оңайға түспеген. Жасыратын несі бар, белгілі бір уақыт аралығында әйелі базаршы, еркегі қазаншы болып кете жаздағандай көрініс те орын алды. Мұның мәнісі бұл тұста отбасының басты асыраушысы – ер-азаматтар не істерін білмей, бастарын ұстап, үйде отырып қалды да, әйел, аналар Қытайдың ала дорбасын арқалап, Алматыдан және көршілес Ресей қалаларынан тауар тасуға көшті. Мұндай жағдайда оларға қолдау көрсетіп, ауыр еңбектерін жеңілдету үшін аудан басшысы рынок-базар жасақтау жөнінде шешімге келіп, ел-жұртқа жеке кәсіпкерлік пен коммерцияның алғашқы әліппесін ұғындыра алғаны да бір мерей.

Тәуелсіздік таңы тұсында инвестиция деген ұғымның не екенін біреу түсінсе, біреу түсінбеді. Мұның негізінен шетелден ел игілігін көтеру үшін бөлінетін қаражат екенін нақты іспен дәлелдей білген де Самиғолла Оразов болатын. Атап айтқанда, облыс аудандары арасында тұңғыш рет ашылған Жәнібектегі Ресей-Қазақстан кәсіпорны 30-40 адамды қызметпен қамтып, аудан бюджетіне қомақты қаражат түсіргені де бөлек бір әңгіме.

Білікті басшы С.Оразов егемендіктің елең-алаң кезінде өз жанына қолынан іс келетін, бастамашыл, ел-жұртпен ортақ тіл табысып, оларға жаны ашитын, ұйымдастыру қабілеті мол жетекшілерді тарта білді. Олардың қатарында Самиғолла Оразов өзімен қоян-қолтық қызмет жасаған Аманкелді Өтеғалиев, Сара Ихсанова, Болат Әмірғалиев, Нияз Ахтаев, Асылбек Меңдіғалиев, Зулфара Қабылқайқызы, Мереке Жұмабай-ұлы секілді өз орынбасарлары мен өзге де жауапты қызмет атқарған азаматтарды әр кез ілтипатпен атайды. Бұл кезде ауданда білім беру мен денсаулық сақтау бөлімдерінің басшыларына да үлкен міндеттер жүктеліп, саладағы жүктің ауыры солардың иығына түсті.

– Осы орайда Хайдар Мұташев пен Ефрем Халеловтың, шаруашылық басшылары Шалгез Мұхамбетқалиев, Хаким Қажығалиев, Өтеғали Хакимов, Меңдіғали Рахметов және Нұрғожа Әубәкіровтердің сол кездегі уақытпен санаспай атқарған қызметтеріне әр кез құрметпен қараймын, – дейді тәуелсіздік тарланы.

Самиғолла Оразов Жәнібек ауданының әкімі қызметін атқарған жылдары (17.02.1992 – 22.01.1996) елімізде ақша қаражат айналымы мен еңбекке ақы төлеу және оны қаржыландыру тетіктері бір жүйеге түспегендіктен, сондай-ақ есеп айырысудың жабайы тәсілі – бартерлік жүйе кеңінен етек алғандықтан, осы аралықта атқарылған сан алуан жобалар негізінен аудан басшысының абырой-беделі мен іскерлік қарым-қабілетінің арқасында жүзеге асырылып отырды. Мүмкін бұған біреу сенсе, біреуі сенбес. Әйтсе де, әңгіменің ашығы мен ақиқаты осындай.

Кешегі кеңестік кезеңде де бүгінгі тәуелсіздіктің отыз жылдың бедерлі белесі мен биігі тұсында да кадрлық өзгерістер жасау кезінде ротация тәсілі қолданылып келеді. Бұл – өз кезегінде басқару тәжірибесі толысқан адамдармен тіл табысып қызмет жасап, оларды ортақ іске жұмылдыра алатын тұлғаның қызмет орнын алмастыру деген сөз. Мұндағы мақсат білікті басшы кадрлардың ел басқару ісіндегі әлеуетін қажет делінген өзге өңірде пайдалану болмақ. Осы орайда С.Оразов Тасқала ауданының әкімі болған аз уақыттың ішінде жүзеге асатын жобаларға жан бітіре алғаны оның тәуелсіздіктің тұғырлана түсуіне қосқан бір үлесі болмақ.

Жоғарыда айтылғандай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел басқару сынды жауапкершілігі мол, салмағы ауыр істің сынынан абыроймен өте білген Самиғолла Оразовтай құлашы кең, тактикалық және стратегиялық ойлау жүйесі терең басшы азаматтың 2008 жылдың 18 сәуірі күні сол кездегі Батыс Қазақстан облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен Орал қаласының әкімі болып тағайындалуы жазылмаған заңдылықтай көрінеді. Бұл шешімді қабылдау кезінде өңір басшысының қателеспегеніне С. Оразовтың Орал қаласындағы төрт жылдық нәтижелі іс-қимылы куә.

Бейне бір оның Жайық жағасындағы ескі де жаңа шаһарға мэр болып келуін күтіп тұрғандай дәл осы кезеңде Орал қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиясы белгіленді. Мұндағы сан салалы күрделі жобаларды жүзеге асырудың басым бөлігі мен жауапкершілігі негізінен қала мэрі мен мэриясына түсті. 52 тармақтан тұратын стратегияда еліміздің батыстағы қақпасының таяу және келешек жылдарда қалай дамуы керектігі жөнінде нақты жобалар белгіленіп, оның жүзеге асу мерзімі көрсетілген.

Адамның адамгершілігі оның істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан көрінеді деген халықтық қағидаға сүйенсек, елге танылған тұлғаның адамгершілігімен қатар бойында бұғып келген өзге де өміршең қырлары ақ алмастай жарқырап көрінген кездер дәл осы тұстан тамыр тартады. Стратегия – мейлінше ауқымы кең ұғым. Егер оның адамгершілік, рухани, гуманитарлық және әлеуметтік аспектілері мен тіні қабыса алмаса, оның ғұмыры қысқа болмақ.

Бұл ретте Орал қаласында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей бастамасы бойынша жетім балаларды баспанамен қамту үшін әрқайсысы 200 пәтерлік екі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Балабақша құрылысы бұрын-соңды болып көрмеген деңгейде қатты қарқын алды. Әрі үш ауысымдық мектептерді жою жөнінде түбегейлі бетбұрыстар жасалғанын айту парыз. Сондай-ақ стратегияның жүзеге асуының алғашқы сатысында Орал қаласының Шаған өзенінің бойында орналасқан бас саябағы қайтадан жаңғыртылды. Гүлзарлар мен алаңдар, тұрғындар демалатын өзге де мәдени орындар жаңаша күйге еніп, оралдықтар мен қала қонақтарының жан сарайларына жылы нұр құйды. Бейнелеп айтқанда, ежелгі Орал қаласы тотыдайын таранып, сұңқардайын сылана түсті. Кез келген қаланың жайлылығы мен тұрғындардың жанына жақындығы құр қауқиған ғимараттарымен емес, адамдардың тынығып, демалуы үшін жасалған жобалармен өлшенсе, бағы бес елі. Самиғолла Хамзаұлы қала мэрі ретінде осындай ұстанымға табан тірей білді.

Ол қала әкімі болып қызмет жасаған жылдарда облыс орталығында екі рет төтенше жағдайлар жариялаған екен. Бұл жағымсыз жәйттер оның жадында жатталып қалыпты. Мұның алғашқысы қаланың шағынаудандары мен ескі бөлігін тұтас қамтыған, әбден ескірген ауыстыру мерзімі өтіп кеткен коллекторлар мен құбыр жарылысы. Осы кезде тұрбаларды қазып, аршымай ауыстыру тәсілі тұңғыш рет жүзеге асырылды. Тұтастай алғанда, айналмалы коллектор құрылысы қауіпсіздік шараларын мұқият сақтай отырып, белгілеген уақытта аяқталуына қала әкімінің тигізген ықпалы мол деуге толық негіз бар. Коллекторлар апатына қатысты С. Оразов белгілеген тактикалық және стратегиялық шешімдер апаттың жай-күйімен танысуға екі рет келген сол кездегі ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің тарапынан оң бағасын алған еді.

Облыс орталығындағы екінші төтенше жағдай 2011 жылдың көктемінде Орал қаласында болған жойқын су тасқыны кезінде жарияланды. Оның басты себебі Ресейдің далалық алқаптары арқылы Орал қаласына қарай жөңкіген қар суы және апталап жауған нөсер жауынның салдарынан пайда болған ылғал еді. Бұл кезде Шаған өзенінің деңгейі сегіз метрге дейін көтеріліп, қалаға үлкен қауіп төндірді. Табиғи апат аумағында қалған тұрғындарды эвакуация жасау, олар уақытша паналайтын ғимараттарды белгілеп, азық-түлікпен және жылы киім-кешекпен қамту қаншама күш-жігерді қажет ететінін есептей беріңіз. Арада аз уақыт өтпей, тасқын судан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы басталып кетті. Бұл іс балабақшалар мен орта мектеп ғимараттарын және халыққа қажетті сауда орталықтарын кешенді түрде қоса жобалау арқылы жүзеге асты.

– Тасқын су зардабын қалпына келтіру үшін табаны күректей 18 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Оралдағы табиғи апатты ауыздықтауға еліміздің барлық тұрғындары, заңды тұлғалар мен ұлттық компаниялар қолұшын берді. Сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовтің елге шын жанашыр бола білген басшы екені сыни сәтте айқын көрінді. Шынын айтқанда, 18 миллиардтан астам қомақты қаражат Бақтықожа Салахатдинұлының бүкіл республика жұртшылығы алдындағы кең танымалдығы мен абырой-беделінің арқасында келді деп сеніммен айта аламын, – дейді Самиғолла Хамзаұлы.

Ол табиғи апат салдарын жою кезінде тізе қосып бірге қимылдаған орынбасарлары Владимир Дремасов, Азамат Сафималиев, Талғат Нығметов, Орал қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Әмірғалиев, қалалық төтенше жағдай бас-
қармасының басшысы Александр Байболатов, күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлан Мырзағалиев, «Жайық жарығы» кәсіпорнының директоры Нұр Хамитұлы жөнінде қашанда жылы лебіздері мен оң бағасын іркіп қалған емес. Сондай-ақ тәуелсіздікті ту ете білген тұлға өзінің атқарған ісін емес, жасалған нысандар жобаларын қаржыландыруды күтпей-ақ бастап жіберген ұйым жетекшілері мен құрылысшылардың ілкімді ісін ризашылықпен еске алып отырады. Мұның өзі де оның кісілігі мен кішілігін және ішкі жан дүниесінің байлығын танытқандай.

Бар саналы ғұмырын елдің өсіп-өркендеуіне және тәуелсіздіктің нығая түсуіне арнап келе жатқан азамат Жәнібек, Тасқала аудандарында және Орал қаласында қызмет атқарған кезде елді мекендер мен көшелердің тәуелсіздік рухына сай атаулар алуына қолдау көрсете білгені де атап айтуға тұрарлықтай. Мысалы, С.Оразов Орал қаласында 45 көшеге есімдері ел жадында жатталған қоғам қайраткерлері мен тарихи тұлғалардың есімдері берілуіне ықпал жасаған екен.

– Егемендіктің алғашқы жылдарында Жәнібек ауданының әкімі болып істеген тұста, қаржыландыру мәселесі әлі шешімін таппай тұрған кезде біраз істі қаражат жұмсамай-ақ қолымыздан келгенше атқаруға тырыстық. Бұл өзімнің, елімнің алдындағы перзенттік парызымның өтеуі деп түсінемін. Ал қаланың аты – қала. Мұның жөні бір бөлек, қала болғасын қаржыландыру да болады. Бұған қоса мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін төленетін өзге де қаражат көздері аз емес. Сондықтан облыс орталығында белгілі бір уақыт аралығында тындырылған жұмыстарды өз атыма қабылдай алмаймын. Бұл – көптің ісі. Елдікті еңселендіре түсу жолындағы ортақ іс-қимылдың нәтижесі. Осы бағытымыздан таймасақ, әлі де талай биік белестерден өте аламыз. Тәуелсіздіктің биылғы отыз жылдығы құтты болсын! – дейді  тәуелсіздіктің таң сәрі тұсында республикамыздың алыстағы аудандарының бірі – Жәнібектің қайтадан түлеуіне жанашырлық таныта білген басшы азамат Самиғолла Оразов. Шындығы да осы емес пе?!

 

Темір Құсайын,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале