13.12.2024, 15:00
Оқылды: 99

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жылды қалай қорытындылайды?

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Наметов БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысып, жоғары оқу орнының білім және ғылым саласындағы жетістіктерінен хабардар етті, деп мәлімдеді БҚАТУ медиа орталығы.

2024-12-13 at 11.59.19

Алдымен университет басшысы білім беру бағдарламаларына тоқталып, бұл ретте жұмыс берушілердің талаптары да ескерілетінін жеткізді.

– Яғни, біз жергілікті ірі инновациялық бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырамыз, олардың қатысуымен нақты жағдайларда кездесетін проблемалар негізінде мамандардың профиліне қажеттіліктерді анықтаймыз, құзыреттілікке қойылатын талаптарды белгілейміз және білім беру бағдарламаларын жасаймыз, – деді Асқар Мырзахметұлы.

Бүгінгі таңда өңірімізде сандық бағдарламалық басқару/робот машиналармен жұмыс жасайтын кадрлардың тапшылығына назар аударған Жәңгір хан университеті австриялық университеттермен бірлесе, олардың оқыту тәжірибесін ескере отырып, «Робототехникалық жүйелер» білім беру бағдарламасын әзірлеген. Осы бағытта шетелдік серіктес ЖОО-ларда оқып келген оқытушылар осы білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдырылған. Сондай-ақ университетте қаламыздағы ірі жұмыс берушілермен кадрларды бірлесіп даярлау әдісі жолға қойылған. Бұған мысал ретінде «Квант», «Орал трансформатор зауыты», «Стекло-сервис» секілді өндіріс орындарымен бірлесе жүзеге асырылатын оқыту процесін айтуға болады. Яғни, білім алушылар осындай кәсіпорындардың базасында өз мамандықтары бойынша тәжірибеден өтіп, кейіннен жалақы төленетін жұмысқа тартылып, бітіру курсындағы дипломдық жұмыстарын жазу кезіндегі нақты кейсін анықтап, бірте-бірте өндіріске қосылып кетеді. Осылайша олар оқуды бітіргеннен кейін де сол жерде жұмыс жасауға дайын маман болып шығады. Ал «Ветеринария» бағыты бойынша білім алушылар 2-3 курстан бастап жануарларды жаппай өңдеуге қатысып, сервистік компанияларда жұмыс жасап, нәтижесінде жергілікті жұмыс жағдайларына қатысты кәсіби құзыреттіліктерге ие болады. Орта және жоғары буын басшылары оқытылатын «Бизнес менеджмент» бағдарламасын университет неміс серіктестері «Вайнштефан-Трисдорф қолданбалы ғылымдар университетімен» бірлесе әзірледі. Тағы бір айта кетерлігі, қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде БҚАТУ-да Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің өкілдігі жұмыс жасауда.  Білім алушылар төрт жылдың ішінде екі диплом – яғни Жәңгір хан университетінің және Уфа университетінің дипломдарын алады. Бұл «Мұнай өндіру объектілерін пайдалану және қызмет көрсету» (БҚАТУ) және «Мұнай-газ өндірісінің технологиялық объектілерін пайдалану және қызмет көрсету» (УГНТУ) мамандықтары үшін маңызды.    

Бұдан әрі басқарма төрағасы-ректор А.Наметов ғылым саласына ауысып, университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелері экономикаға енгізуге бағытталғанын айтты.  – Бүгінгі таңда суды ұтымды пайдалану мәселесін шешудің маңызы жоғары. Біздің ғалымдарымыз Қазталов ауданының аграрлары үшін еріген суды пайдалану арқылы малды суару мәселесін шешуді ұсынды, бұл жылына 7 ай ішінде 200 бас малды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, барлық мерзім ішінде судың сапасы сақталады және су шығыны барынша азайтылады. Осы жобаны Жәнібек ауданында іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ жергілікті табиғи опока материалын пайдалану арқылы ластанған суды қайта пайдалану үшін суды тазарту сүзгісін жасадық. Бұл сүзгі техникалық қажеттілік үшін суды тазартуға қолданылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін малдың өнімділігін арттыруға, оның өзіндік құнын төмендетуге және өнім сапасын арттыруға бағытталған шараларды іске асырамыз, – деген университет ректоры өңір шаруалары үшін пайдалы осындай ғылыми жобалармен таныстырды.

Ректор өз баяндамасында білім ордасының қоғамдағы рөліне де назар аудартты. Қаланың әлеуметтік және мәдени өміріне белсене атсалысатын ЖОО-дағы спорттық нысандар тұрғындар үшін қолжетімді. Университеттің әлеуметтік қызметінің маңызды бағыты – егде жастағыларға білім беруге және қоғамдық өмірге тартуға бағытталған «Күміс университет» бастамасы. Осы бағыттағы жұмыстарға да арнайы тоқталып өтті.

– Университет өз ресурстарын ашып, халықтың барлық санаттары үшін білім беру мүмкіндіктерін жасай отырып, салауатты, білімді және біртұтас қоғамды қалыптастыруға белсенді атсалысады, – деп сөзін түйіндеді Жәңгір хан университетінің ректоры Асқар Мырзахметұлы. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале