1.04.2021, 18:18
Оқылды: 241

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да «Ғылым айлығы» басталды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және 12 сәуір – Халықаралық ғылым күні аясында «Ғылым айлығы – 2021» іс-шарасы басталды.

6DFA165B-A349-4F48-9BA7-9F92C317D474

Бүгін Индустриалды технологиялық институт базасында университетішілік «Жаңа технологиялар: өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда алдымен сөз алған Жәңгір хан университетінің ғылым бойынша проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәмшідін әріптестерін Ғылым айлығының басталуымен құттықтады.

– Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әр ай нақты салалардың айлығы болып бекітілді. Сәуір айының еншісіне ғылым саласы бекітіліп, еліміз бойынша осы бағытта іс-шаралар ұйымдастырылады. Біздің университетімізде де айдың соңына дейін осындай жұмыстар жоспарланды. Сол жұмыстардың бастамасы іспетті бүгінгі конференцияда оқылатын баяндамалар жас мамандарға тағылымды тәжірибе болары сөзсіз, – деген Әлжан Смайылұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі.

9F83DA28-4129-48D1-A2F7-583D00FC6B28

Жиында баяндама жасаған Индустриалды технологиялық институт директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаев оқу орнында жасалған ғылыми-сараптамалық зерттеулерге, ғылыми жобаларға тоқталып өтті. Күні бүгінге дейін бірқатар инновациялық жобаларды дайындауға атсалысқан ғалым ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелермен бөлісті. Ғылыммен айналысамын деген мамандарға әлі де дайын тақырыптар жеткілікті екенін айтты. Бұдан әрі «Мұнай, газ және химиялық инженерия» жоғарғы мектебінің оқытушысы Адель Сәрсенова, аға оқытушысы Тимур Шәкіров,  «Құрылыс инженериясы» білім бағдарламасының 3-курс докторанты Қаржаубай Досов, «Құрылыс және құрылыс материалдары» жоғары мектебінің оқытушысы Еркебұлан Мәжитов, «Машина жасау» жоғары мектебінің аға оқытушысы, PhD доктор Ербол Ербаев, аға оқытушы Арайлым Турешова баяндама жасап, ғылыми бағыттағы жұмыстарымен таныстырды.  

Институт директоры, ғалым-ұстаз Сәрсенбек Монтаев ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі мақсаты – оқу орнындағы ғылыми бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды, өзекті мәселелерді қамтитын ауқымды жобалардың нәтижесін талқылау екенін жеткізді.

– Ғылыми жұмыстардың негізгі бағыттары – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Әріптестеріміз экология, машина жасау, мұнай-газ салалары бойынша ғылыми жұмыстармен айналысуда. Біздің институтымызда оннан аса гранттық жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесін студенттеріміз, магистранттарымыз бен докторанттарымыз өздері оқу процесінде, курстық, дипломдық, диссертациялық жұмыстар жазу кезінде пайдаланып, білімдерін шыңдауда. Елбасымыз да оқу үрдісін ғылыммен ұштастыру қағидасын ұсынған болатын. Біз осы бағытта іздене еңбектеніп, көптеген тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, еліміздің ғылым саласының дамуына өз үлесімізді қосудамыз, – деді Сәрсенбек Әлиакбарұлы.  

Университеттің медиа-орталығы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале