Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білімділер додасы» зияткерлік ойыны басталды.
Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен басталған бұл жоба өңір жастарының шығармашылығын дамытуға бағытталып отыр. Бірнеше кезең бойынша өтетін зияткерлік ойында түрлі салада еңбек етіп, үздіктер қатарынан көрініп жүрген жастардың білім деңгейі сыналып, ақыл-ой деңгейлері таразыға түспек.
«Өнер мен білім сынға түсіп, шығармашылық шыңдалатын бұл жоба Ақ Жайық өңірінің озық жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Жобамыздың мақсаты – жастар арасында ғылым мен білімді, қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, қатысушылардың бойындағы зияткерлік дағдыларын, парасаттылығын осы байқау арқылы көрсету», - дейді ұйымдастырушылар.
Ойынның ашылу салтанатында сөз алған БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қалаубек Теміров шараның маңызына тоқталып, жастар саясаты саласы – мемлекеттің ажырамас бөлікі екенін атап өтті. Сонымен қатар қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Зияткерлік ойынға қатысатын 10 командаға ойынның ережесі мен талаптары түсіндірілді. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанған командалар жартылай финалда және финалдық кезеңде өнер көрсетеді.
БҚАТУ медиа орталығы