Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Жәнібек ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ой мен білім алаңы» атты интеллектуалдық QUIZ сайысы ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов, Жәнібек ауданының әкімі Т.Шиниязов, аудандық мемлекеттік органдардың басшылары мен мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Сайыс мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімін жетілдіруге, зияткерлік әлеуетін дамытуға, командалық өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Интеллектуалдық дода барысында қатысушылар мемлекеттік қызмет туралы заңнама, Қазақстан Республикасының Конституциясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, логикалық тапсырмалар және кәсіби құзыреттер бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылар заңнаманы білу деңгейімен қатар, жедел шешім қабылдау және командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов мұндай форматтағы іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет жүйесінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар анықталып, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Осындай интеллектуалдық іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін дамытуға, заңнамалық білімін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың маңызды бағыты болып табылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі