13.06.2023, 17:30
Оқылды: 95

Жарайсың, Темірболат! 

Баспасөзге жазылудың «қызыл майданы» қызып тұрған күндердің бірінде жақсы танысымыз Темірболатқа «Орал өңірі» газетіне жағдайы төмен жанұяларды, зейнеткер қарияларды жаздыртуға демеуші болуға қолқа салғанбыз. «Хабарласамын» деген. Көп ұзамай аяқтай келді. Келді де 250 000 теңгені қолма-қол шытырлатып санап берді азамат.

8441473f-2780-4ff6-bf97-358528ccb5d4

 

Бұл дегеніңіз – алдағы жартыжылдыққа «Орал өңірі» газетімен 53 оқырман айқұшақ болып табысады деген сөз. Сөйтіп, Темекең бізді қуантып жатыр. Темекең деп отырғанымыз, Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылындағы «Шынар» шаруа қожалығының жетекшісі Қаржауов Темірболат қой. Адал еңбекті еншілеген азаматтың есімі Ақжайық ауданына жақсы таныс. Алла қосса, алдағы қыркүйек айында екі отызды бүктегелі отырған Темекеңнің негізгі мамандығы – зоотехник. Анау Қабыршақтысында талай жыл мамандығы бойынша еңбек еткен. Әкесі марқұм Дүйсекең-Дүйсенбай қария – сол Қабыршақтыда ұзақ жыл мал маманы болған жан. Қожалықты сонау 1991 жылы құрып, кейін тізгінін осы Темірболатына ұстатқан. Темірболаттың қожалығы ірі қара өсірумен айналысады. Туған ауданының, ауылының мұң-мұқтажына сергек қарайтын Қаржауов – қолынан келгенін аямайтын ақжүрек азамат. Ол жыл сайын облыстық «Орал өңірі» газетіне жазылу кезінде көмектесуден шет қалған емес. Бұл жолы да сол үрдісінен жаңылмапты. Өзі біздің газеттің әр санын жібермей оқиды. Кейде ойынан шыққан мақалалар жайлы қуанып, сонау қырдағы «Кныш» аталатын мекенінен телефон соғып жатады. Осындай жанашыр оқырмандарымыз көп болса ғой, шіркін! Тағы қосарымыз, шаруасы оңды шаруагер азаматтар  облыстың үнқағазын жаздыртып алуға Темақаң сияқты үлес қосса, газетіміздің таралымы бұрынғыдан да өсе түсер еді. Ал Темірболат Қаржауовқа жарық көріп келе жатқанына ғасырдан асқан қария газет – «Орал өңірінің» атынан зор алғысымызды жолдаймыз. Деніне саулық, жанұясына амандық, шаруашылығына табыс тілейміз. Жарайсың, Темірболат!

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале