17.11.2022, 11:45
Оқылды: 74

Жәрмеңкеде жастар көп

Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында облыстық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға  жұмыс» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

ea46f44a-a5b3-4e6f-8def-7fbfe6b3ff37

Азаматтардың жұмысқа орналасуына ықпал етіп, түрлі сала бойынша кеңес беру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеде ине шаншар орын болмады. Адам лық толы. Жұмыс іздеп жүргендердің көбі – жастар. Аталмыш ресурстық орталығы басшысының орынбасары Назерке Құрамысованың айтуынша, жәрмеңкеде облыс бойынша 80-ге жуық жұмыс беруші мен 2000-ға тарта бос жұмыс орны тіркелген.

– Жұмыс берушілердің қатарында мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау құрылымдары, қаламыздағы өнді-ріс ошақтары, жеке компаниялар және аудандардағы жастармен жұмыс жөніндегі орталық өкілдері бар. Тағы ерекше атап өтетін жайт, мұнда өңір тұрғындарына, әсіресе жастарға «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Алғашқы жұмыс орны» деген сияқты мемлекеттік бағдарламалар, қысқа мерзімді оқыту, кәсіп ашу, тұрғын үй алу бойынша кеңес берілді, – деді Назерке Дидарқызы.

Айта кетейік, бұған дейін өткен жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, 5000-ға тарта тұрғын өз түйіндемелерін тапсырып, тіркелген.

– А. Иманов атындағы жол-көлік колледжінде жүк тасымалдаушы, экскаваторшы мамандығын 2020 жылы тәмамдадым. Содан екі жыл Қаратөбе ауылында жеке қожалықта жұмыс істедім. Бүгінде мамандығыма байланысты «екі қолға бір күрек» іздеп, қалаға келген жайым бар. Ойлап отырсам, бұл жәрмеңкенің жастарға тигізер пайдасы баршылық. «Uniserv» ЖШС өкіліне мамандығым бойынша жүк тасымалдаушы ретінде бос орынға түйіндемемді ұсындым, – деді Нұрсәт Берікқали.

БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің кадр саясаты бөлімінің басшысы, полиция капитаны Ақболат Кеңесов полицей лауазымына 40 шақты бос орын бар екенін, онда 35 жасқа дейінгі адамдарды белгілі бір талаптарға сәйкес қабылдап жатқанын айтты.

– Бұл қызметке, ең бірінші кезекте, денсаулығының жарамдылығын тексеріп барып қабылдаймыз. Қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін қызметке қабылданған азамат Ақтөбе немесе Шымкент қалаларындағы ішкі істер құрылымдарының оқу орталықтарына 3 айлық алғашқы даярлық курстарына жіберіледі. Бұл жерде азаматтардың білімі арнаулы орта болуы керектігін айта кету керек. Жоғары оқу орнын бітіргендер де мамандығына қарамастан, талаптар бойынша қабылдана береді. Айлық еңбекақысы 130 000-150 000 теңге көлемінде. Тағы бір жеңілдігі, медициналық сақтандыруға ай сайын еңбекақысының көлеміне қарай 2 пайыз төленіп отырады. Сондай-ақ ер-азаматтардың әскери билеті болуы міндетті, – деді Ақболат Темірғалиұлы.

Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілерді қолдау секторының маманы Зулфия Оразованың айтуына қарағанда, облысымызда жұмысшы мамандықты таңдайтындардың саны тым аз.

– Қазіргі таңда облыс бойынша көп мекемеге көлік жүргізушілері жетіспей жатыр. Сонымен қатар шеберханаларда тігіншілер де тапшы. Алдыңғы жәрмеңкенің нәтижесі бойынша тіркелген азаматтардың 50 пайызы жұмысқа орналасқан болатын. Қазіргі таңда «Ұрпақтар келісімшарты» деген жоба бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Бұл жоба аясында біз белгілі бір жұмыс орнында зейнеткерлікке 6 ай қалған мамандарға жастарды ілестіріп, тәжірибе алмасуына жағдай жасаймыз. Кейін ол жас маман зейнетке шыққан қызметкердің орнына шартты түрде 1 жыл жұмыс істейтін болады. Жыл өткеннен кейін қабілетіне қарай қызметті жалғастырады, – деді Зулфия Әмірқызы.

Жәрмеңкеде дипломын алмай жатып, ертеңін ерте ойлаған студент-жастар да ұшырасты. Солардың бірі – Нұрсұлтан Жақанов. Ол М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың физика-математика факультеті-нің ақпараттық жүйелер мамандығында оқиды.

– Осы кезге дейін негізгі оқуыммен қатар, бірнеше арнайы курсқа қатыстым. Атап айтар болсам, «Трейдинг» курсы мені қызықтырды. Жалпы трейдерлер финанстық биржада валюта мен акцияларды сатып, түрлі қаржы операцияларын орындайды. Сол жағы қызықтырды. Сондай-ақ маркетолог, мобилограф курстарын да оқып алдым. Түбінде мамандығыма сәйкес жұмыс істеймін. Сондықтан да алдын ала бос жұмыс орындарының баржоғын бақылау мақсатында жәрмеңкеге келгенді жөн көрдім, – дейді 4-курс студенті Нұрсұлтан Қайратұлы.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале