18.05.2023, 10:00
Оқылды: 57

Жас мамандар жәрмеңкесі өтті

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада санаулы  күндерден кейін университет тәмамдағалы тұрған  жастарға бос жұмыс орындары мен  жұмыспен  қамтудың белсенді шаралары туралы ақпараттар берілді.

IMG_5727

Жәрмеңкеге өңіріміз бойынша бос жұмыс орындарын ұсынған 40-қа жуық мекеме-кәсіпорынның өкілдері қатысты. Нақтырақ айтсақ, «Белес Агро» ЖШС, «Жайық Агро ЛТД» ЖШС, «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Кама-Қазақстан» сауда үйі» ЖШС-ға мамандар қажет. Сондай-ақ олардың қатарында «Bereke Bank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Батыс Қазақстан АӘЖК» ЖШС бар. Жұмыс берушілердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы, техникалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Атап айтсақ, менеджмент, экономика, қаржы, ақпараттық технология, аутомобиль өнеркәсібі, машина өңдеу, мұнай-газ, ветеринария  саласының мамандарына сұраныс көп болды. Сонымен қатар жәрмеңкеде «Жастар практикасы» мен «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары туралы мағлұматтар берілді. Мемлекеттік бағдарламалар, ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы гранттар, мемқызметке орналасу  тәртібі туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментіне қарасты мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Венера Мәсімова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев, Орал қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Дамир Ғалиев және облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың бөлім басшысы Жұлдыз Альпенова егжей-тегжейлі  түсіндірді.

– «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» дәстүрлі түрде университет қабырғасында жыл сайын өткізіледі. Биыл университетті 1099 студент тәмамдағалы отыр. Кейінгі жылдары университет пен  облысымыздағы ірі мекемекәсіпорындар жастарды жұмыспен қамту бойынша 200-ден астам келісімшарт жасады. Талантты студенттерімізді жұмысқа шақырып отырған кәсіпорындар аз емес. Жыл сайынғы мониторингке сүйенсек, түлектеріміздің шамамен 80%-ы жұмыспен қамтылады, – деді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректордың орынбасары Нұркен Ғұбашев.     

Ерасыл Бөкенбай,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале