Жасанды интеллект (ЖИ) енді болашақтың технологиясы емес, өйткені ол мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Оның мүмкіндігі мұғалімді алмастыра алмайды. Алайда мұғалім оны тиімді пайдалана алса, оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. ЖИ мүмкіндіктері және өзге де мәселелер облыс педагогтерінің «Білім беру үдерісінде жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану» тақырыбындағы секциялық отырысында талқыланды.

Білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы аясында информатика пәні мұғалімдеріне арналған секциялық отырыс өтті. Қазіргі білім берудің басты бағыттарының бірі жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне тиімді әрі жа-уапкершілікпен енгізу. Аталмыш жиын өткен №53 мектепте педагогтер заманауи білім беру құралдарын талқылап қана қоймай, олардың тәжірибеде қолданылу мүмкіндігімен де танысты.
Секциялық отырысқа қалалық және аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, информатика пәнінің мұғалімдері, мектеп директорларының орынбасарлары, ақпараттық технологияларға жауапты мамандар мен арнайы шақырылған сарапшылар қатысты. Әр ауданнан бір әдіскер мен екі информатика пәнінің мұғалімі өкілдік етті.
– Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Алайда ол педагогтің тиімді көмекшісіне айналуы керек. Заманауи технология ұстаздың уақытын үнемдеуге, сабақ мазмұнын түрлендіруге, жаңа жұмыс сипаттарын (форматтарын) таңдауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мұғалім оқушының шығармашылық қабілеті мен функционалдық сауаттылығын дамытуға көбірек көңіл бөле алады. Ең бастысы, технологияны саналы түрде пайдаланып, оның педагогикалық үдерісті күшейтуіне жағдай жасау. Ол оқушының өздігінен жұмыс істеуін алмастырмауы керек, – деді облыстық білім басқармасы жанындағы ақпараттандыру және жобалау орталығының басшысы Ақан Бижанов.
Цифрлық сауаттылықтан жасанды интеллектіге дейін
Бүгінде информатика пәні тек компьютер мен негізгі бағдарламаларды меңгертумен шектелмейді. Оқушылар алгоритмдер мен бағдарламалауды үйреніп, ауқымды ақпаратпен жұмыс істейді, цифрлық қауіпсіздік, жасанды интеллект, заманауи онлайн сервистер мен аутоматтандыру технологиялары туралы білім алады. Осыған байланысты мұғалімнің де рөлі өзгеріп келеді. Педагог алдында жаңа цифрлық құралды меңгеру ғана емес, оның оқу сапасын арттыруға қалай ықпал ететінін түсіну міндеті тұр. Сонымен бірге технологияның педагогикалық үдерісті алмастырмай, оны толықтыруы маңызды. Бұл мәселе секциялық отырыстың негізгі өзегіне айналды.
– Негізгі мақсатымыз – педагогтердің жасанды интеллект, цифрлық және STEM технологиялары саласындағы кәсіби құзыретін жетілдіру. Сондай-ақ оларды сабақ барысында тиімді әрі жауапкершілікпен қолданудың жолдарын талқылау. Биылғы оқу жылында информатиканы оқытудағы өзгерістер, жасанды интеллекті мен STEM технологиялары арқылы инженерлік ойлауды дамыту, құндылыққа бағдарланған білім беру, Vibe Coding, Hand Tracking, TeacherAI Hub экожүйесі, мұғалім еңбегін аутоматтандыру және жасанды интеллектіні жауапты пайдалану мәдениеті қарастырылды, – деді БҚО білім басқармасы жанындағы ақпараттандыру және жобалау орталығының әдіскері Бақберген Аманкелдиев.

Мұғалімнің орны бөлек
Бүгінгі таңда педагогтер алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқушының жасанды интеллект мүмкіндіктеріне деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру. Нейрожелілердің кез келген сұраққа жылдам жауап бере алуы, бір жағынан, уақыт үнемдесе, екінші жағынан, дайын шешімді ойланбастан көшіру әдетін туындатады. Сондықтан мәселе оқушыға жасанды интеллектіні пайдалануға тыйым салуда емес, оны саналы әрі сауатты қолдануға үйретуде болып отыр. Бұл жөнінде Орал қаласындағы №49 мектептің информатика және физика пәндерінің мұғалімі Әйгерім Ерәлиева баяндама жасап, жасанды интеллекті мен STEM технологияларын құндылыққа бағдарланған білім беруде қолдану тәжірибесімен бөлісті.
– Алғашында көбіміз жасанды интеллектіні дұрыс түсіне қоймадық. Оқушылар оның мүмкіндігін пайдаланып, үй тапсырмасын дайын күйінде орындауға тырысты. Қазір олар жасанды интеллектінің тек құрал, көмекші екенін түсінді. Ал адам зердесі әрдайым бірінші орында тұратынын ұғынды, – деді педагог.
Мұғалім тәжірибесі қазіргі цифрлық педагогиканың маңызды қағидасын аңғартады. Нейрожелі оқушының интеллектуалдық еңбектен қашуына емес, оны күшейтуге қызмет етуі керек. Оқушы дайын жауапты алумен шектелмей, мәселе қоя білуі, ақпаратты тексеруі, қатені анықтауы, өз шешімін дәлелдеуі және қорытынды жасай алуы тиіс.
Технология тәжірибемен ұштасқанда
Секциялық жұмыста STEM бағытына да айрықша мән берілді. Негізгі бөлім басталмас бұрын педагогтер №53 мектептің білім беру ортасымен танысып, STEM және биология кабинеттерін аралады. Сондай-ақ білім беру үдерісінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану мүмкіндіктерін көрді.
Мұндай тәжірибе технологияны теория жүзінде ғана меңгермей, оны нақты міндеттерді шешуге пайдалануға жол ашады. Оқушы белгілі бір жүйенің қалай жұмыс істейтінін біліп қана қоймай, информатика, математика, физика және жаратылыстану ғылымдарынан алған білімін нақты мәселені шешуге қолданады.
Кездесу барысында мектеп ұжымы жүзеге асырған экологиялық жоба да таныстырылды. Мектеп асханасынан шыққан органикалық қалдықтарды тиімді пайдалану үшін арнайы компост жәшігі ұйымдастырылған. Оған жеміс-жидек пен көкөніс қалдықтары, картоп, пияз және жұмыртқаның қабығы жиналып, одан алынған табиғи тыңайтқыш мектеп аумағындағы бақта пайдаланылады. Бір қарағанда, бұл жобаның жасанды интеллектіге тікелей қатысы жоқ сияқты. Алайда STEM білімінің мәні де осында. Ол әртүрлі пәндерден алған білімді нақты өмірлік мәселені шешуге жұмылдыру, оқушыны ізденуші әрі өз шешіміне жауапты болуға үйрету заманауи білім берудің басты ұстанымдарының бірі міне, осыда.
Инженерлік ойлау
Секцияның арнайы сарапшысы, қазақстандық IT-кәсіпкер, Artisan Education білім беру компаниясының негізін қалаушылардың бірі Бағлан Құтұрбаев болды. Ол жасанды интеллект өнімдерін пайдалану және оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыру бағытындағы тәсілдерімен бөлісті.
Artisan Education цифрлық STEM ортасын дамытып, білім беру платформасын, роботтық техникаға арналған практикалық жиынтықтар мен жобалық оқытуды бір арнаға тоғыстырады. Бағдарлама бағдарламалау, электроника, роботтық техника және жасанды интеллект бағыттарын қамтиды. Ол 7-11-сынып оқушыларына арналған.
– Біз баланы тек бағдарламалауға немесе робот құрастыруға үйретпейміз, өздігінен мәселе көтере білуге, оның шешімін іздеуге, нәтижені талдауға және жұмыс істейтін өнім жасауға дағдыландыруды көздейміз. Инженерлік ойлау дегеніміз – осы, – деді кәсіпкер.
Қазіргі таңда Artisan Education шешімдері Қазақстанның 200-ден астам мектебінде қолданылып, 3 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Жобаға қатысушылардың елеулі бөлігі – ауыл мектептерінің оқушылары. Сонымен қатар педагогтерді заманауи STEM құралдары мен жобалық оқыту әдістемесіне үйрету бағыты да қолға алынған. Бұл тәсіл өңірлік білім беру үшін айрықша маңызды. Өйткені цифрландыру тек техникалық құралдарға қолжетімділікті арттырумен шектелмеуі керек. Ол болашақ экономикасына қажетті жаңа құзыреттерді меңгеруге барлық оқушыға тең мүмкіндік жасауы тиіс.
Қорыта айтқанда
Секциялық отырыста айтылған ойларды сараласақ, қазіргі білім берудегі басты үрдіс цифрлық өнімдерді жай ғана тұтынудан оларды саналы түрде жасауға көшу. Болашақтың мектеп оқушысы дайын бағдарламаларды пайдаланушы ғана емес, цифрлық жүйелердің жұмыс істеу қағидаларын түсінетін, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалайтын, жасанды интеллектімен сауатты жұмыс істейтін, өз жобасын жасай алатын әрі оның нәтижесіне жауап бере алатын тұлға болып қалыптасуы шарт. Демек, педагогтің цифрлық сауаттылығы аса маңызды. Технология қарқыны дәстүрлі оқу бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда жылдам өзгеріп жатқандықтан, мұғалім де кәсіби білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, секциялық отырыстар тәжірибе алмасатын алаң ғана емес, заманауи білім берудің ортақ бағытын айқындайтын маңызды кәсіби ортаға айналып отыр.
Кездесу соңында педагогтер жаңа оқу жылында пайдалануға болатын практикалық әзірлемелер мен ауторлық жобалар алды. Ал жиынның қорытынды бөлігінде ұстаздар «ЗердеХ» интеллектуалдық ойынына қатысып, білім сайысын бейресми жағдайда жалғастырды.
Тамыз секциясы бір ақиқатты айқын көрсетті: жасанды интеллект мектеп өміріне әлдеқашан енді. Ендігі мәселе – оны пайдалану-пайдаланбауда емес, технологияны қаншалықты сауатты, педагогикалық тұрғыдан негізді әрі жауапкершілікпен қолдана білуде. Ал білім беру үдерісінің басты тұлғасы бұрынғыдай адам болып қала береді. Өйткені технология баланың орнына ойлай алмайды. Оның міндеті – мұғалімнің еңбегін жеңілдетіп, оқушының танымын кеңейту. Ал сол мүмкіндікті білімге, шығармашылыққа және дербес дамуға айналдыратын негізгі фактор – мұғалімнің шеберлігі, кәсіби білім-білігі.
Түгелбай КЕНЖЕҒАЛИҰЛЫ,
«Орал өңірі»