17.08.2026, 11:30
Оқылды: 6

Құрылтай сайлауы – елді жаңаруға бастайтын қадам

Елімізде алдағы 23 тамызда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Жаңа басқару моделі аясында заң шығарушы биліктің қызметін 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай жүзеге асырады. Осы сайлауға дайындық барысы туралы Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановпен төмендегідей сұхбат құрдық.

Әділ Жоламанов

– Әділ Тауфикұлы, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына санаулы күндер қалды. Осы сайлауға дайындық қалай жүруде? Сайлау комиссияларының жұмысы қашан басталды?

– Ел Президенті 2026 жылғы 1 шілдеде Құрылтай сайлауы туралы Жарлыққа қол қойды. Сол кезден бастап аумақтық сайлау комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Енді сайлауға 20 күн қалғанда, яғни тамыздың 2-сінде жергілікті атқарушы құрылымдар сайлаушылардың тізімдерін нақтылап берді. Осы кезден бастап учаскелік сайлау комиссиялары жұмыстарын бастады. Облыста 488 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылардың тізімін алғаннан кейін тамыздың 7-сінен бастап, әр сайлаушыға сайлауға шақырту қағаздарын жасап, таратудамыз. Оған дейін барлық қоғамдық орындарда Құрылтай сайлауы өтетіні туралы хабарландырулар, баннерлер ілініп, лед-экрандарда да құлақтандырулар көрсетілуде.

– Құрылтай депутаттарын сайлау тәртібінде бұрынғы сайлаулардан қандай негізгі айырмашылықтар бар?

– Бұрын Мәжіліске депутат сайлағанда оның 70%-ы партиялық тізіммен, 30%-ы бір мандаттық округтерден сайланатын. Ендігі Құрылтай сайлауы өзгеше. Мұнда сайлаушылар тек саяси партияларға дауыс береді. Басым дауыс алған партия пропорционалды жүйе бойынша Құрылтайдан көбірек орын алады. Сонда 145 депутат   партиялардың бәсекелестігі нәтижесінде анықталады. Сайлауға қатысқан саяси партиялар алған дауыстарының санына сәйкес депутаттық мандаттарға ие болады.  Яғни бұл қоғамдағы түрлі саяси көзқарастардың заң шығарушы құрылымда әділ көрініс табуына және саяси плюрализмнің дамуына жол ашады.

– Сайлауалды үгіт-насихатқа қандай талаптар қойылады? Әлеуметтік желілердегі үгітке бақылау  жүргізіле  ме?

– Саяси партиялар өздерін насихаттау барысында бір-бірін кемсітуге жол бермеуі тиіс. Оларға өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарында сайлауалды үгіт жүргізу құқығы берілді. Ал сайлау науқанына арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға, сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото және бейнежазбаға түсіруге, оны таратуға тыйым салынады. Сайлау алдындағы үгіттің заңмен нақты белгіленген мерзімдері бар. Ол партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, 23 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, тамыздың 21-інен 22-іне қараған түнде сағат 00:00-де аяқталады. Саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге түрткі болатын кез келген үндеулерге осы айтылған кезеңде ғана жол беріледі. Ал 22 тамыз тыныштық күні және дауыс беретін күні үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған. Үгіт кезеңіне дейін біз облыстағы саяси партия филиалдарының жетекшілерімен дөңгелек үстел басында кездестік. Онда заңнамадағы талаптар түсіндірілді. Аумақтық сайлау учаскелерінің мүшелері әлеуметтік желілерді қарап, мониторинг жасап отырамыз. Орталық сайлау комиссиясындағылар да, тиісті құзырлы құрылымдар да сөйтіп қадағалайды.

– Әділ Тауфикұлы, байқаушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау барысын бақылауына қандай мүмкіндіктер беріледі? Дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар тіркелсе, азаматтар қайда және қалай шағымдана алады?

– Өңірде аккредиттелген 22 қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Осы бірлестіктердің жарғыларында сайлауларды байқауға қатысуға құқылы екені көрсетілген. Сайлау күні олар өздерінің өкілдерін сайлау учаскелеріне жолдайды. Байқаушылар учаскедегі сайлау процесінің заңға сәйкес өтуін, заңбұзушылықтың болмауын қадағалап отыра-ды. Оның сыртында Қазақстан Республикасының масс-медиа туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті құрылым есепке қойған бұқаралық ақпарат құралдарынан, әр басылымнан бір тілшіден, телевидениеден үш адамға дейін бір мезгілде сайлау барысын ақпараттандыруға рұқсат беріледі. Заңдағы өзгерістерге сәйкес байқаушыларға сайлау кезінде  фотоға, бейнежазбаға түсіруге болады, бірақ сол күні сайлау учаскесінен әлеуметтік желіге тікелей трансляция жасауға болмайды.  Өйткені дауыс беру жасырын өтеді. Байқаушы өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуі тиіс.  Төраға өз кезегінде тиісті  шаралар  қабылдайды.

– Шалғай елді мекендердегі сайлаушыларды қамту үшін қандай жұмыстар жүргізіледі? Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасалды ма?

– Алыс ауылдардағы сайлау учаскелерінің сайлауға дайындығын тексердік. Жергілікті атқарушы құрылымдар сайлау учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтады. Барлық учаске сайлауға дайын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар, аутокөлік тұрағына қатысты еш мәселе жоқ.  Сайлау учаскелерінің барлығы бірінші қабатта орналасқан. Барлық аумақтық комиссия мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірге учаскелерге қоғамдық мониторинг жүргізді. Мал қыстақтарындағы не науқас азаматтар дауыс беруге бара алмайтын жағдайлар кездеседі. Ондай адамдар  сайлауға шақыру қағазы үлестірілген кезде, келе алмайтынын айтып, үйден дауыс беруге өтініш жазады.  Сайлау күні сағат 12-ге дейін ондай өтініштерді қабылдаймыз. Үйден дауыс беруге жағдай жасалады.

– Сайлаушылардың белсенділігіне қатысты қандай болжам бар? Әсіресе жастардың сайлауға қатысуын арттыру үшін не істеліп жатыр?

– Саясаттануда абсентизм деген ұғым қолданылады. Бұл – адамдардың саяси өмірге енжарлығы, «менің даусымнан ештеңе өзгермейді» деген селқостығы. Ондай ұстаным дамушы елдерде және басқа қоғамда да кездеседі. Алайда соңғы кездері бізде азаматтардың сайлауға қызығушылығы басым. Бұрын жастар арасында ондай белсенділік байқалмайтын. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің бастамасымен жас сайлаушылармен жұмыс жанданды. Облыста, аудандарда жас сайлаушылар клубтары құрылды. Өткенде мамыр айында Қызылорда қаласында жас сайлаушылардың І форумы өтті. Жастардың тілін жас адамдар түсінеді деп солар арқылы жаңа толқынның арасына қозғау салып отырмыз.  Қазір жаз мезгілі, кейбір сайлаушылар еңбек демалысында, шетелге саяхаттап кеткендері бар, жастар әр жерде жүр дегендей. Олардың қай-қайсысы да жүрген жерлеріндегі сайлау учаскесіне барып, дауыстарын бере алады. Біз барлық жағдайды жасап отырмыз. Тек сайлаушы қауымның ынтасы болсын  деңіз.

– Құрылтай сайлауының нәтижесі неше күнде жарияланады?

– Сайлаудан кейін оның қорытындысы заң бойынша 10 күн ішінде шығарылады. Мұны Орталық сайлау комиссиясы жария етеді. Бұл күндері барлығы аутоматтандырылған, электронды түрге көшірілген. Біздің аумақтық сайлау комиссиясы электронды хаттама толтыру бағдарламасына көшті. Мұндай бағдарлама Солтүстік Қазақстан облысында жасалған екен, соны біздің жігіттер де жасақтап, қанатқақты жоба ретінде іске қосамыз.  Осы бағытта сайлау комиссияларының хатшыларын оқытудамыз.

–  Әділ Тауфикұлы, сайлаушыларға айтар басты өтінішіңіз қандай? Азаматтар сайлауға дайындалу үшін  қазір  не білуі керек?

–  Жиын-тойда кейбір азаматтың Құрылтай сайлауынан бейхабар екенін байқап жүрміз. Қазір көпшіліктің көзі ашық, көкірегі ояу. Теледидар қарамасаңыз да, ұялы телефонда ақпараттар толып тұр. Қоғамдық көліктерде, аутобустарда да терезе әйнегіне қай уақытта сайлау болатыны туралы насихаттық қағаздар жапсырылған. Кафелерде ыдыстың сыртындағы жапсырма  қағаздарда да жазулы. Тек бүгінгі күнмен өмір сүрмей, ертеңгіні де ойлауымыз керек. Сайлау учаскесіне келіп, «иә» немесе «жоқ» деп дауыс бергеніміз жөн. Бюллетеньде жеті партияның атауы жазулы тұр. Егер   олардың бірде-бірін қолдамаса, «Барлығына қарсымын» деген бағанға белгі салып, неге дауыс бермеске?! Бұл да болсын халықтың қатысуын есептегенде ескеріледі ғой. Оянатын кез келді. Дүрбелеңге толы дүниеде, геосаяси жағдайларға қарамастан Мемлекет басшысы саяси реформаларды ілгерілету және шынайы демократиялық институттарды құру бағытында біраз игі істерді қолға алды. Соның бірі  – 23 тамыздағы Құрылтай сайлауы «Жаңару үшін дауыс бер!» ұранымен өткелі отыр. Азаматтық қоғам қалыптасқан отыз бес жылда, таңдау құқығы берілген тұста өз мүмкіндігіңді пайдаланбау, саясат тілімен айтқанда, абсентизм – азаматтық емес. Дауыс беру арқылы Қазақстан азаматтары жаңа бір палаталы заң шығарушы құрылымның алғашқы құрамын жасақтайды. Ал Құрылтайдың алғашқы шақырылымы жаңа саяси жүйенің қалай жұмыс істейтінін іс жүзінде көрсетуге  тиіс.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале