17.08.2026, 12:00
Оқылды: 5

Облыста 14 мың тонна қалдық өңделді

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында облыста 2026 жылдың алғашқы алты айында 14 мың тонна қалдық сұрыпталды.  Бұл жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады. 

Female worker at industrial recycling site, wearing safety gear & hardhat, inspects sorted plastic pellets for reuse in manufacturing. Circular economy concept.

Сурет: istockphoto.com

Аталған басқарманың мәліметі бойынша өңірде 2025 жылы 132,0 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналды.

Соның  ішінде 36,7 мың тоннасы сұрыпталып, өңделді.  Яғни қоқыс-қалдықты өңдеу үлесі 27,8% болды. Облыста екі қоқыс сұрыптау кешені жұмыс істейді. Орал қаласында «Green-ServiceCompany» ЖШС (қуаты жылына 100 мың тонна) және Ақсай қаласында «Digi-talisation and Resycling» ЖШС (қуаты жылына 5000 тонна) қоқыс сұрыптау кешенін іске қосты. Облыста екі ірі зауыт және бір цех қалдықтарды өңдеп, дайын өнімдер шығаруға маманданған.

«Кама центр» ЖШС базасында шиналар мен резеңкелерді қайта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Зауыт жылына 5500 тонна резеңке өңдей алады. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС 10 000 тонна полиэтиленді, «Үсенова» ЖК 100 тонна макулатура қалдықтарын  өңдейді.

Сонымен қатар облыста ондаған ұсақ және орта бизнес субъектілері сұрыпталған қоқыстарды, яғни қайталама шикізатты қабылдау және өңдеуші зауыттарға тапсырумен айналысады. Қалдықтарды басқару саласына инвестиция тартылуда. Биыл жеке инвестиция есебінен қалдықтарды өңдейтін екі нысан пайдалануға беріледі, яғни «Тұранпромресурс» ЖШС әйнек қалдықтарын өңдеу цехы мен «Қарабалин» ЖК қоқыс өңдеу зауытын іске  қосады.

2024-2025 жылдары тұрғындар арасында қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру мақсатында Орал қаласының аумағында «ОралТаза Сервис» ЖШС қайталама шикізаттарды ақылы негізде қабылдайтын үш заманауи пункт ашылды.

Қазіргі уақытта Орал қаласында жаңа қуаты жылына 100 мың тонна қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы және қоқыстарды энергетикалық кәдеге жарату жобасына үш инвестор қызығушылық танытуда. Әкімдік инвесторлармен кездесулер өткізіп, болашақта қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату бойынша инвестиция туралы келісім жасау мәселесі  қарастырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауқымында өңірде экологиялық жағдайды жақсарту, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 1 сәуір – 10 мамыр аралығында облыстық санитарлық-экологиялық айлық жарияланды. Осы мерзімде «Тазару күні» және «Таза өлке», «Таза қала - Таза ауыл», «Мөлдір бұлақ», «Таза аула» және «Жасыл болашақ» акциялары өткізілді.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының дерегіне сүйенсек, облыс бойынша экологиялық акцияларға 85 573 адам қатысты.  «Таза Қазақстан» акциясы бойынша 17 962,7 гектар алаң тазаланды, 4 859,2 тонна қоқыс  шығарылды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыстың мектептерінде, жоғары оқу орындарында және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарында 10 экологиялық сағат өткізілді.

Аталған департаменттің мәліметінше, халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін «Taza Qazaqstan» Telegramботы арқылы келіп түскен өтініштер жедел қаралуда. Бүгінгі күнге дейін түскен 401 өтінімнің 340-ы орындалды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале