«Аватар» фильмін қазақ тілінде көре аламыз ба?
24 Қыркүйек 2022

«Аватар» фильмін қазақ тілінде көре аламыз ба?

БҚО-ға орыс көші жалғасуда
24 Қыркүйек 2022

БҚО-ға орыс көші жалғасуда

Жыл басынан бері Ресейден Қазақстанға 1,6 миллион адам келген
24 Қыркүйек 2022

Жыл басынан бері Ресейден Қазақстанға 1,6 миллион адам келген

Бүгін көптеген қалада ауа сапасы нашарлайды
24 Қыркүйек 2022

Бүгін көптеген қалада ауа сапасы нашарлайды

Оралда полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, қашып кеткен
24 Қыркүйек 2022

Оралда полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, қашып кеткен

Жымпиты тойға дайындық үстінде
24 Қыркүйек 2022

Жымпиты тойға дайындық үстінде

Жасөспірім тәрбиесі назардан тыс қалмасын!

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс тым жиілеп кетті... «Неліктен бұлай?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Көп жағдайда кәмелетке толмағандар арасындағы ірілі-ұсақты қылмыс жасөспірім шақта жасалады. Ал бұл кез балалық шақтан ересек жасқа өтер тұстағы өткел секілді.

balatarbie

Фотосурет: zh-shugylasy.kz

Психологтардың айтуынша, дәл осы уақыт  жасөспірімнің қоғамдағы өмір жағдайына бейімделу кезеңі. Қалай болғанда да, адам тұлға ретінде қоғамнан тыс дами алмайды. Оған ортақ көзқарас, қатарластарымен қарым-қатынас, ортақ мүдде қажет. Жасөспірімдердің біразы осы уақытта  ақ-қараны ажырата алмай, өзін-өзі көрсетуге, өзін-өзі дәлелдеуге ұмтылып, от басып жатады. Жеткіншек жастағы басты мәселе – отбасынан бастап, айналасындағы ортаның көзқарасы, рухани, материалдық қажеттілігінің жасөспірімнің талап-тілегімен сәйкес келмеуі.  Көп жағдайда девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер әлеуметтік жағдайы төмен, материалдық жағдайы қиын отбасылардан шығады. Олар ата-анасының қоғамға жат қылықтарынан үлгі алады. Дисфункционалды отбасыларда баланың мінез-құлқы мен уақытын бақылау жолға қойылмайды. Ата-ананың және басқа да үлкен отбасы мүшелерінің мінез-құлқы (ішімдік ішу, азғындық, масылдық, жалқаулық  сықылды жаман әдеттер) балаларға теріс ықпал етеді. Сондай-ақ баланың қажеттіліктері мен  талабын  шектен тыс қанағаттандыру, отбасылық міндеттерден босатып, тым еркелетіп жіберу де жақсылықпен аяқталмайды. Нәтижесінде мұндай жасөспірімдер тарапынан өзімшілдік, шектен тыс талап қою, басқа адамдарды менсінбеу, олардың мүдделерін елемеу, жауапсыздық жиі байқалады екен. Баланың бос уақытын тиімді пайдаланбау да жайсыз жағдайлардың орын алуына ықпал етеді. Не істерін білмеген жасөспірім тұрғылықты жерінде топ құруы мүмкін. Жаңа, әдеттен тыс нәрсені үйренуге деген ұмтылыс жасөспірімдерді  қылмыстық әрекетке жиі итермелейді. Жасөспірімдік кезеңде құқықбұзушылықтар негізінен топтың құрамында жасалады. Өйткені  жасалған әрекетті топ мүшелеріне аудара салу,  сол арқылы өз жазасын жеңілде­ту оларға оңай сияқты көрінеді. Мамандардың айтуынша, топпен құқық бұзушылық жасаған кезде «Мені байқамай қалар» деген балалық, анонимдік сезім болады екен. Сондықтан әр ата-ана перзентінің мінез-құлқы­на, айналасындағы достарына жіті мән беріп, топталып жүргенін байқаса, сөйлесіп мән-жайды білгені дұрыс.

Алты айда 34 қылмыс жасалған

Балалардың құқы мен олардың жеке қауіпсіздігін қорғау мақсатында облыстың ювеналдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері біраз жұмыс атқаруда. Олар ата-аналар жиналысына қатысып, кәмелетке толмаған мектеп-колледждегі балалармен кездесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Ағымдағы жылдың басынан бастап жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында кәмелетке толмағандарға қатысты 1566 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Бұл негізінен кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуына байланысты.

Талдау көрсеткеніндей, кәмелетке толмағандар негізінен мүліктік сипаттағы қылмыс жасайды. Атап өтер болсақ,  бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, тонау, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру, бопсалау және бұзақылық. Қазіргі кездегі қылмыстың негізгі нысаны – ұялы телефондар мен ақша жымқыру.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуы (ҚР ӘҚБтК-ның 132-бабы), алкоголь өнімін сату (ҚР ӘҚБтК-ның 200-бабы), кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық (ҚР ӘҚБтК-ның 435-бабы), кә­мелетке толмағандардың қоғамдық орындарда мас кү­йінде болуы (ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабы 2-бөлігі), түнгі уақытта болуы (ҚР ӘҚБтК-ның 442-бабы) құқықбұзушылықтары жиі кездесіп жатады.

ҚР ҚК-ның 15-бабының 1,2-бөлімдеріне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 16 жасқа толған ақыл-есі дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Ернар Сұлтанғалиевтің айтуынша, ҚР Білім министрлігі бекіткен «Білім беру ұйымдарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған «Жол картасы» іске асырылуда.

–  «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» акциясына орай, халыққа балалар еңбегінің проблемалары туралы ақпарат беру және қоғамның назарын осы проблемаға аудару мақсатында жұмыстар жасалды. Осы іс-шара аясында ювеналдық полиция қызметкерлері балалардың ауыр және зиянды жұмысқа тартылу фактілерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Мысалы, 1-12 маусым аралығында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямен бірлесіп, ресурстық орталық еріктілерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, қайта даярлау ұйымдары мен студенттік жасақтар өкілдерінің қатысуымен мәдениет және демалыс саябағында, Тұңғыш Президент алаңының аумағында, сондай-ақ ЖПҚБ ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шара өткіздік. Өңірімізде ең ауыр еңбек түрлерімен айналысатын кәмелетке толмағандарды анықтау үшін сауналар тексерілді. Осындай шаралар барысында полиция қызметкерлері балалар мен ата-аналарға ҚР заңнамасына сәйкес құқықтары мен міндеттерін айтып, Еңбек кодексінің баптары туралы түсінік жұмыстарын жүргізді, - дейді Ернар Сұлтанғалиев.

Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында 34 қылмыс тіркелген. Мұндай заңға қайшы әрекеттердің 25-і Орал қаласы, төртеуі Теректі ауданы, екеуі Бөрлі ауданы, бір-бірден Бәйтерек, Казталов, Тасқала аудандарына тиесілі. Биыл балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттемелерін орындамағаны үшін 132 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, девиантты мінез-құлықты 93 жасөспірім есепке алынған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өз құрбы-құрдастарына қатысты жасалатын қылмыс саны 5,4 пайызға артқан. Бұл бағытта профилактикалық мақсатта қолайсыз отбасылармен түсіндіру, әңгімелесу жұмыстары жиі жүргізіледі. Қазіргі таңда Ішкі істер құрылымдарының есебіне қолайсыз 193 отбасы іліккен. Әлгіндей жанұяларда 378-ден астам бала тәрбиеленуде. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс қоғамдық орындарда сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін жүргені үшін ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері осындай 1332 дерек тіркелген. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, облыс аумағында буллинг фактілері орын алмаған. Ювеналды полиция қызметкерлері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, білім беру мекемелерінде анонимді сауалнама және жалпы мектептік ата-аналар жиналысын жиі өткізеді.

Балалар жиі жоғалады, бірақ...

Ювеналды полиция бөлімдеріне күніне бес-алты арыз түседі. Көп жағдайда ата-аналар баласын таба алмай қалып жатады. Іздестіру нәтижесінде ойын баласы достарының үйінен, ойын алаңдарынан табылатын көрінеді.

–  Көбіне 16-17 жасар  жасөспірімдер үйіндегі түсінбеушіліктен, ата-анасымен ренжісіп, достарының, туыстарының үйіне кетіп қалып, ұзақ іздейтін сәттер болады. Бірақ статистика бойынша біздің өңірде табылмай қалған бала жоқ. Бәрін де телефон арқылы тауып аламыз. Ювеналды полиция инспекторлары түрлі шағымдармен жұмыс жасайды. Кейде көршілерден кәмелетке толмаған балалардың үйде қараусыз қалаты­ны туралы шағым түседі. Біз аталған мекенжайға барып, отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы ішімдікке үйір болса, оны наркология­ға өткізіп, бақылауға аламыз. Түнгі уақытта үлкендерсіз жүрген кәмелетке толмаған бала мен оның ата-анасына алғашында ескерту беріледі. Екінші, үшін­ші рет қайталанса айыппұл төлейді. Әр инспектор өзіне бекітілген аймаққа жауап береді. Сол аймақтағы білім беру ұйымдарына барып, профилактикалық бағытта жұмыстар жүргізеді. Кәмелетке толмаған студент, оқушыларға құқықбұзушылықтың алдын алу, құқық бұзғанда қолданылатын қатаң шаралар туралы түрлі дәрістер өткіземіз, – дейді облыс­тық полиция департа­менті, жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Дәулет Құрманғалиев.

Әр инспектордың өз аймағында бақылау камералары орнатылған. Олар сол камералар арқылы күн сайын қоғамдық құқықбұзушылықты да қадағалайды. Қоғамдық орынды ластау, темекі тарту, қоқыс лақтыру немесе  жолды белгіленбеген жерден кесіп өтсе, 615 бап бойынша хаттама толтырылады. Әр инспекторда рация бар. Олар сол арқылы қаладағы жағдайдың бәрін біліп отырады. Ювениалды полиция инспекторлары күн сайын 17.00-ден 19.00-ге дейін тұрғындарды арыз-шағым бойынша қабылдап, рейдтік жұмыстарға, тәртіптік кезекшілікке  шығады.

Ювеналды полиция инспекторларының күнделікті жұмыстарын сараптай келе, жасөспірімдердің әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауының негізгі себептері зерделенді. Көп жағдайда жасөспірімдердің күнделікті тыныс-тіршілігіне, мінез-құлқына уақтылы бақылаудың болмауы, ата-аналар мен балалардың заңды өкілдерінің тарапынан тәрбиелік жұмыстардың нашар жүргізілуі, отбасылық қолайсыздық, материалдық жағдайдың төмендігі жасөспірімдерді өз қажеттілігін қамтамасыз ету үшін заңсыз әрекеттер жасауға итермелейді. Бүгінгі таңда білім беру құрылымдарының өкілдерімен бірге барлық қолайсыз отбасындағы тұрмыстық жағдайлар тексерілген. Өңірімізде «Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатыгез қарауға қарсы қылмыстардың алдын алу және профилактикасы жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-қимыл-жоспары» жүзеге асырылуда.

Қазіргі күнде кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген жыныстық қылмыстардың саны 21-ден 10-ға дейін  азайған.

– Дегенмен бұл бағытта мектеп мұғалімдері мен психологтар кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық деректерін ерте анықтау жұмыстарын жетілдіру қажет, – дейді мамандар.

Р.S. Жасөспірім шақтағы өтпелі кезең баланың ұл болсын, қыз болсын құбылмалы күйге түсетін кезі. Осы шақта ата-ананың жылы сөзі, ойлы қамқорлығы өте қажет. Сондықтан да психологтар жасөспірімдік кезеңде ата-ананың ұл-қызына мән беріп, ашық сөйлесу қажеттігін жиі айтады. Өйткені бозөкпе кезінен қоғамға жат қылық жасап, заңды бұзған сайын сол жағдайға бейімделіп, оның заң бұзуға санасы дағдыланып, еті үйреніп кетуі мүмкін. Кейде үлкендерге деген реніш, ішкі өткір қарсылық сезімі жасөспірімдерді бұзақылық әрекеттерге мәжбүрлейді. Осындай сәтте ашу-ызаның (агрессияның) кімге  немесе неге бағытталғанын түсінбей, жат әрекеттерге баратын жағдайлар да ұшырасады. Олардың кейбірі істеген ісіне өкініп, заң бұзушылыққа қайтып бармаса, енді бірі теріс жолдан өзін тоқтата алмай, сол ағыспен кетіп қалып жатады. Ең бастысы, әр ата-ана немесе олардың заңды өкілдері бала алдындағы жауапкершілікті сезініп, жеткіншектің заңға «томпақ» әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қоя білсе, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс барынша азаяры анық.

Гүлжамал Жолдығали, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале